Туризм • 27 Наурыз, 2024

Шымбұлақты туризм ширатады

47 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматының ғана емес, Қазақстанның жау­һарына баланатын «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының ашылғанына – биыл 70 жыл. Жеті белес бедерінде талайдың табаны тиген Тәңіртаудың жотасында дүниенің төрт тарабынан жеткен журналист шаңғышылар да келіп сырғанады. Өз еліне олар Қазақстанның «Шымбұлағы» туралы көп сырды, керемет әсерді арқалай аттанғаны анық.

Шымбұлақты туризм ширатады

Суретті түсірген – Павел Михеев

Журналист шаңғышылардың халық­аралық клубы бар, бұл SCIJ (The Ski Club of International Journalists) деп аталады. Жыл сайын әр елде отырысы өтеді. Биылғы 69-отырысты өткізу мәртебесі Қазақстан­ға бұйырды. Әлемнің әр қиырындағы 30-ға тарта елден келген 150-ге жуық жур­налист апта бойы Алатау бөктерінде аялдады. Жалпы, журналист шаңғышы­лар­дың халықаралық клубының отырысын өткізу тек жарыс ұйымдастырып, шүлен таратқандай мойындарына медаль іліп қоя беру емес. Басты мақсат – туризмді дәріптеу. Алматыға ат байлаған журналистер апта ішінде Шымбұлақтың бөктерінде сырғанап қана қойған жоқ, алды Түркістанға дейін қыдырып барып еліміздің көрікті жерлерін тамашалап, тәу етіп қайтты. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қанықты, мәдениеті мен руханиятын көрді.

Халықаралық клуб отырысының салта­натты ашылу рәсімінде сөз алған Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев бұл іс-шара шетелден келген меймандарға еліміздің туристік орындарын аралатып таныстыруға тамаша орай екенін айтты. «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніндегі келелі кеңес барысында түрлі кездесу, жиын да өтіп, ұлттық тағамдарымызды таныстыру, елдің өзегі саналатын құндылықтар да айтылды. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бас серіктес болып, Алматы қаласы­ның әкімдігі қолдап өткізген ауқымды іс-шара­ның шарапаты ішкі туризмді түлетуге тиетіні сөзсіз.

Шаңғышы журналистердің мүшесі Словениядан келген Альбина Подбев­сектің жасы – 82-де. Шаңғыны бойжеткен шағынан тебеді екен. Сексеннің сеңгі­ріндегі шаңғышы әжеймен тілдеске­німізде«Шымбұлақ жөнінде бас бармағын көрсетіп, ерекше әсер алғанын аңғартты.

«Словенияның Триглав ұлттық паркі­нің территориясындағы Вогель тау-шаңғы курорты Шымбұлаққа қарағанда әлдеқайда аласа екен. Осындай мұзарт шың басынан етекке қарай құлдилап түсу қандай керемет. 82 жасқа келіп Қазақстанның көркем табиғатымен тұңғыш танысып отырмын. Маған ерекше әсер етті. Еуропа елдерінде, оның ішінде біздің Триглав шыңы­ның бөктеріне қар ерекше қалың жауады. Сырғанау маусымы кей жылдары сәуірдің соңына дейін созылады. Мұнда да сондай ұқсастықты байқадым, Алматы қаласында күн жылынып, көктемнің лебі еседі, ал Алатаудың бөктерінде сірі қары сол күйі жатыр. Алдағы уақытта да дәм тартса, Қазақстанға қыдырып келуді жоспарлап отырмын. Басқа елдердің тау-шаңғы курорты қаладан тым шалғайда орналасқан. Тіпті 70-80 шақырым жер өндіріп демалыс орнына жетесіз. Ал Шымбұлақ Алматының дәл иегі астында, аса қашық та емес екен», деді Альбина Подбевсек.

SCIJ Қазақстан клубы 2013 жылдан бері «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенімен меморандум жасасып, тізе қосып талай шаруаны жүзеге асырды. Соның ішіндегі елеулісі – осы дүниежүзінің журналист шаңғышыларын жинап өткерген басқосу. Бұлай деуге негіз де жоқ емес. Бұған дейін халықаралық клубтың жыл сайынғы отырысы дамыған елдердің таңдаулы курортты кешендерінде өткізіліп келді. 1955 жылдан бері 69 мәрте ұйымдастырылды. Пиреней сілемдеріндегі Baqueira-Beret тау-шаңғы курортында (Испания), 2006 жылы Турин қысқы Олимпиадасын өткізуге үлесі тиген Италияның Sestriere кешенінде, Францияның Val Cenis Vanoise, Val d’Arly кешендерінде, Ресейдің Роза Хутор, Болгарияның Пампорово сынды таулы өлкесіндегі курортты кешендерін­де жоғары деңгейде өтті. Ал былтыр Канада­ның әйгілі Marble Mountain шипажайында ұйымдастырылды.

«Шымбұлақ» компаниялар тобының бас директоры Ринат Әбдірахманов журналист шаңғышылардың халықаралық клубы Алматыға аялдауы еліміз үшін зор мәртебе екенін айтты.

«Біз бұл іс-шараны өз деңгейінде өткі­зуге бірнеше жыл әзірлік жүргіздік. SCIJ Қазақстан клубына мүше журна­листердің Шымбұлақ екінші үйі саналады. Жыл са­йын қысқы маусым ашылғаннан бас­тап жур­налистер де көпшілікпен бірге сыр­ға­­нап демалысын оңтайлы өткізіп жүр. Дүние­нің әр қиырынан келген журна­листерге қолай­лы сырғанау соқпағын әзір­леуде де аз жұ­мыс атқарылған жоқ. Мұ­ның барлығы да елі­мізге турист тарту­дың қамы үшін жүзе­ге асырылды», деді Р.Әбдірахманов.

Жетпісжылдық тарихы бар журналист шаңғышылардың халықаралық клубына Қазақстан 2013 жылдан бері мүше.

«Біз алғаш 2012 жылы Түркияда өт­кен клубтың халықаралық жиынына қонақ ретінде қатыстық. 2013 жылы Ита­лия жерінде ресми түрде мүшелікке қабыл­дады. Сол кезде SCIJ Қазақстан клубының мүшелігінде үш журналист қана бар еді. Он жылдың ішінде қатарымыз артып, 50-ге таяды. Халықаралық клубтың ке­зек­ті жиынын Қазақстанда өткізуге ұсы­ныс жолдап талпыныс жасадық. Нәти­жесінде, Қазақстанда қысқы туризмді наси­хаттаудың зор мүмкіндігі туды. Жур­налист шаң­ғышылар өз еліне барған соң Қазақстан жайында әсерін бөлісіп, айналасына айта жүрері сөзсіз. Бұл – біздің он жылдың беде­ріндегі зор табысымыз», деді SCIJ Қазақ­стан клубының президенті Ирина Баженова.

Игі іс-шараға жиналған журналист шаңғышылар арасында бейресми әлем чемпионаты саналатын халықаралық тур­нир де ұйымдастырылды. Жас ерекше­лігіне қарай бірнеше топқа бөлініп бәйгеге түскен үздіктер арасында әріптестеріміз де бар. Тау-шаңғы сайысынан Егор Ильин күміс медаль иеленді. «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде (Талғар ауданы) өткен шаңғымен жүгіру додасында жерлестері­міз топ жарды. Сұңқар Қарабалин мен Егор Ильин өз топтарында қара үзіп келсе, Андрей Кукушкин қола медальға қол жеткізді. Әйелдер ара­сындағы сайыста Наталья Качалова күміс жүлдегер атан­ды. Шаңғы спорты­мен кә­сіби шұғылданып, мансабын аяқта­ған соң комментаторлық­қа бет бұрған ита­лиялық Луиджи Бреччиароли де Қазақ­стан­ға қайта айналып соғаты­нын айтты. Аль­пінің аңғарында шаңғы тебетін коммен­татор Шымбұлақта шиырлаған ізі тура­лы жылы лепесін «еліме жеткіземін» деп кетті.