Театр • 27 Наурыз, 2024

Поэзияны асқақтатқан «Дариға жүрек»

45 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесінің қарсаңында Шымкенттің Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында ақиық ақын Мұқағали Мақа­таев­тың екі бөлімнен тұратын «Дариға жүрек» атты поэ­тикалық сазды толғауының премьера­сы өтті. Спек­такльге мұзбалақ ақынның «Дари­ға жүрек» пен «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы­ның маз­мұны арқау болды.

Поэзияны асқақтатқан «Дариға жүрек»

Поэтикалық қойылым­да М.Мақатаевтың жыр­лары сахна тө­рінде оқылып, поэма тақы­ры­бымен үндес сазды әндер өлең­­дермен қатар өрілді. Ең бас­­тысы залда отырған көрер­мен сахнадан ақиық ақынның сезімдерін, ішкі жан дүниесі мен толғаныстарын қойылым арқылы басынан кешкендей әсерде отырды. Театрсүйер қауым актерлермен бірге мұңайып, бірге қуанды. Бұлбұл үнді Дариға­ның шартарапқа жайылған көңілді әндерімен шаттыққа кенелді. Кейін тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған келіншектің ауыр қайғыны көтере алмаған сәтіндегі көрініске кәдімгідей көңілдері құлазыды. Өмірде адалдықтан, тазалық пен пәктіктен асқан асыл қасиет жоқ екенін анық ұғынды.

Жалпы, «Дариға жүрек» поэ­тикалық толғауы – өмірде болған, ақынның басынан өткен оқиға желісінде жазылған шығарма. Бұл оқиға сонау Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдары болған. Жас келіншек Дариғаның жан жары қан майданға аттанады. Сол кезде күйеуін аңсаған, аман-есен оралатынына үмітін үзбеген жас әйелдің бұлбұлдай сайраған ән­дері айналаны керемет шаттыққа бөлейді. Алайда майданнан келген «қара қағаз» оның бар үміт-арманының күлін көкке ұшырады. Келіншектің сағынышы, жүрек тебіренісі ақынның өлеңдерімен өріліп, дүниедегі ең асыл адамды жоғалтудың қандай ауыр екені көрерменнің көз алдында көрініс береді. Жас келіншекті тосқан бұдан кейінгі өмір тауқыметі тіпті қиын еді. Аңдамай сезімге берілген нәзік жанды әйелдің өзінің білегін басқаға ұстатқанын сезбей де қалып, арты опындыратын әрекетке жол беріп қояды. Бұл ауыл біткен әйелдің өсегіне таптырмас тақырып болады. Міне, жеңгесінің басындағы осындай қайғылы жағдай жас ақын Мұқаштың да жан дүниесінің астан-кестеңін шығарады. Жер тепкілеп жылаған қайнысы бір сәт бұл әрекетті ақтап алғысы да келеді. Алайда тағдырдың тепкісіне шыдамаған, арсыз тірлікке көндігуге әрі қарай ары жетпеген келіншек ақырында өзіне қол жұмсайды. Осынау оқиға театр төрінде сахналанып, көрермен көңілінде ерекше ұмытылмас әсер қалдырды.

Ал «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын білмейтін, бұл шығар­ма­ны оқымаған қазақ жоқ шығар, сірә. Мұнда да мұзбалақ ақын­ның өлең жырына құрылған сахна­лық қойылым көрерменге бұрын бастан өткермеген, жаңа сезім мен эмоциялар сыйлады. Толғау­дың мазмұнында жасырылған негізгі ой-идея – ұлттың қадір тұт­қан қасиетін құрметтеу, көз­­дің қарашығындай сақтау. Өйткені қасиет жоғалса, ұлт та бағзыдан қалыптасқан руханиятынан, ар мен адамгершілігінен жұрдай болады. Сондықтан ақын бізге қасиетімізге қол жұмсап, қадірімізден айырылмауға ой салады. Ал поэмада шырқалған – қазақтың қастерлеген киесі, махаббат символы саналатын Аққу құсы.

Бұл – театрдың көркемдік жетекшісі, Ш.Айтматов атын­да­ғы халықаралық сыйлықтың лау­реаты Қуандық Қасымовтың ре­жиссерлігінен туған поэтика­лық толғау. Спектакль Мақатаев шығамаларының желісінде қо­йылғанымен, ақынның ішкі сезімдерін, өлеңіндегі көркем бейнелерді актерлік ойынмен көрермен жүрегіне жеткізу, мұнан қалса эстрадада орындалып жүген ескі де жаңа әндерді реңін бұзбай бір дауыста шырқау өте қиын әрі нағыз әртістік шеберлікті талап етеді дер едік. Осы ойымызбен қоюшы режиссердің де пікірі дөп түсті.

«Мойындау керек, бұл поэ­малар – ақын шығармашылы­ғы­ның ең бір шоқтығы биік туын­дылары. Әр оқиға ақын­ның жүрегіне ерекше із қалдырып, оның шығармашылық тұрғы­дан шыңдала түсуіне, таланты­ның ұшталуына айрықша әсер еткен. Осы ретте ақын «Дариға өлге­німен өмірге ақын келді» деп бекерге жырламайды. Біз жүрек­ті тебіренткен «Дариға жүрек» қойы­лымында поэзияның қасына онымен үндес болған әндерді қостық. Мұнда Мақатаевтың сө­зіне жазылған немесе қазақтың көрнекті композиторларының әндерін таңдап алдық. «Дариға жүректе» адамның ішкі таза­лығының, ар-ожданының қан­шалықты маңызды екенін көр­сет­кіміз келді. «Аққулар ұйық­тағанда» поэмасын сахналауда да қазақ үшін қастерлі болған дүниелерге қол салудың салдары ауыр болатынын адамдар есіне салсақ дедік. Әсіресе мұның жастарға берер өнегелік тәрбиесі мол боларына сенім күшті. Осы ретте қоюшы суретші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Сраиловпен бірге декорациялық безендіру шешімдерін қарастырып, таза­лықтың белгісі мен символы болған ақ түспен тұтас сахнаны көмкердік. Актерлердің үстіндегі киімдері де түгел ақ түсте болды. Бұл жерде тек режиссер емес, хормейстердің де сіңірген ең­бегі өте зор. Өйткені әндерді әрлеу, дауыстарға бөлу оңай ша­руа болмады. Актерлердің де вокалдық қабілеттерінің болуы олармен жұмыс істеуге жеңілдік туғызды. Бұған дейін де Абайдың әндерімен, қара сөз­дерімен, кейін Шәмшінің репер­туарындағы туындыларымен де кеш өткізгенбіз. Осының бәрі әртістердің ән орындаудағы шеберлік деңгейлерінің артуына ықпал жасады. Бұл қойылымды қоюды бұрыннан ойлап жүрдім. Алайда лайықты орын, тиісті актерлік құрам жетіспей тұрды. Осы театрға келгенде сол идея­ны жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Дариғаның рөлін ойна­ған Айдана Тәттіқұлованың та­мылжыған ­даусы мен іздеген на­ғыз керек образ­ға сәйкес келді. Жалпы, қойылымды дайындап, сахналауға бір жарым ай уақыт кетті» деді қоюшы режиссер.

Ал поэтикалық толғау туралы толғаған жазушы, драматург Сая Қасымбек өз сөзінде қойылым­ның тағы бір мақсаты халықты поэзияға, көркем тілді өлеңнің сұлулығына қайта оралту екенін жеткізді. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтай ақиық ақынның шы­­ғармаларын сахналық шешім арқылы адамдар жүрегіне нұр шуақтай құю да спектальдің бас­ты идеясы болғанын тілге тиек етті. Драматургтің пікірінше, өлең­ді оқу бір басқа да, оны сахнада актерлік рөлмен ойнау, әдемі музыкамен, әнмен көркемдеу көңілге өзгеше керемет әсер туғы­зады. Осылайша, шығарманы сахналай отырып, көрермен ойы­на түрткі салу – театр өнерінің көздеген биік мақсаты екенін де қоса кетті.

 

ШЫМКЕНТ