Тәрбие • 28 Наурыз, 2024

Тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді

27 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері жаңартылады. Мұндай маңызды тәрбиелік жұмыстар Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде іске асырылмақ. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жиында сөз алған Оқу-ағарту вице-ми­нистрі Еділ Оспан Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аты­рауда өткен Ұлттық құрылтай отыры­сында жалпы ұлттық құндылықтар жүйе­сін құрайтын идеялық негіздерді тар­қа­тып бергенін, сол идеялық негіз­дер бас­шы­лыққа алынып білім беру ұйым­дарын­да тәрбие жұмыстарын ұйымдас­тыру тәсілдері жаңартылатынын жет­кізді.

– Оқу-ағарту министрлігі өскелең ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын күшей­ту бағытында «Біртұтас тәрбие бағдар­ламасын» әзірлеп, қыркүйек айынан бастап 20 мың білім беру ұйымдарына енгізген еді. Осы бағдарлама «Тәуелсіз­дік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және Жауап­кер­шілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбек­қор­лық және Кәсіби біліктілік», «Жасам­паздық және Жаңашылдық» идея­ларының білім ұйымдарындағы тәрбие­нің өзегіне айналдырудың бас­ты платформасы болмақ. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» жүйелі іске асыру мақсатында тәрбие ісімен шұғыл­данатын 90 мың педагог курстан өтті. Бағдарлама шеңберінде бірлескен жос­парлар қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдарды мектептегі тәрбие жұмы­сына жұмылдыру қолға алынды. Осы­ған қоса барлық мектепте Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орта­лығы» ашылып, «ата-ана, бала, педагог» арасындағы үштік одақ жұмысы жолға қойылып жатыр, – деді Е.Оспан.

Вице-министрдің айтуынша, тәрбие ісінде балалар мен жасөспірімдер қозға­лы­сының, волонтерлік ұйымдардың маңызы зор. Бұл бағытта министрлік арнайы жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында «Менің бауырым» жобасы іске қосылып, 3 мыңнан аса волонтер балалық шақтың бақытты өтуіне бағытталған іс-шараларды ұйымдас­тыруға кірісіп кетті. Жас еріктілердің бастамасымен «Досболlike» – достық қолыңды соз» акциясы мектептерде қарқынды өтті. Жалпы елімізде, «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», Жас дебатшы» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 млн оқушы тартылған.

– Балалардың жан-жақты рухани дамуына театрлар мен мұражайларға, түрлі тарихи орындарға үнемі баруы ұйымдастырылып жатыр. Былтыр 930 мыңнан аса оқушы 65 театрға, 250 музейге, 315 тарихи орындарға барды. Тарихын терең таныған ұрпақ қана рухы мықты азамат ретінде қалыптасатыны баршамызға аян. Сондықтан биыл бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Қазіргі уақыт талаптарын ескере отырып балалардың сыни тұрғыда ойлауын, ақпаратты талдау және игеру, уақытты дұрыс жоспарлау және қаржылық сауаттылығын дамыту маңызды болып отыр. Осы мақсатта «Білім беру стандартына, үлгілік оқу жоспары мен оқу бағдарламаларына өзгертулер енгізу» іске асырылып жатыр. «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Құқықтық мәдениет», «Медиасауат», «Қаржылық сауат» құзыреттерін қамтитын 5-9 сынып оқушыларына арналған «Жаһандық құзыреттілік» оқу құралы басып шыға­рылды, – деді спикер министрлік өкілі.

Е.Оспанның сөзіне қарағанда, жасөс­пірімдерді нашақорлық, вейпинг, лудомания сияқты жағымсыз құбылыстардан қорғау мәселесіндегі жұмысты жүйелеу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірле­сіп, бірнеше жол картасы мен іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, іске асыруға кірісіп жатыр. Оның біріншісі, білім беру бағдарламаларына балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін әдеттерден қорғау тақырыптары енгізіл­ді. Мәселен, «Биология» пәнінде адамның дамуы үшін темекі шегу мен есірткінің зияны жөнінде оқытылады (7-9 сыныптар), «Салауатты өмір салты» компоненті «Дүниетану» (1-4 сыныптар) және «Жаратылыстану» (1-6 сыныптар) пәндерінің мазмұнына енгізілген.

– Екіншіден, білім беру ұйымдары­ның тәрбие жұмысының жоспарына полиция және медицина қызметкерлерінің қатысуымен білім алушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмысқа 90 мың маман, 8 мыңнан аса педагог-психолог және 4 мың әлеуметтік педагог тартылды. Үшіншіден, білім беру ұйым­дарының тәрбие жұмысының жоспары психоактивті заттар мен вейптерді қолданудың алдын алу шараларын қамтиды. Бұл жұмысқа барлығы 90 мың маман, 8 мыңнан көп педагог-психолог және төрт мың әлеуметтік педагог тартылды. Қазір Парламентте балалардың құқықтарын қорғау жөнін­дегі нормаларды қамтитын өте маңызды 2 заң жобасы қаралып жатыр. Бұл – «Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша», сондай-ақ «Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша» заң жобалары. Бірінші заң жобасы аясында Үкімет елімізде бала асырайтын кәсіби отбасының жаңа институтын енгізуді ұсынды, – деді Е.Оспан.

Вице-министрдің мәлімдеуінше,  мемлекет қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға ба­ғыт­­талған шаралар қабылдап жатыр. Кәмелетке толмағандар істері жө­нін­дегі комиссиялар, психологиялық қол­дау орталықтары, отбасын қолдау орталықтары отбасыларға көмек көрсетеді. Министрліктің міндеті – әр баланың «отбасында өмір сүру және тәрбиелену» құқығын жүзеге асыруға барынша күш салу. Асырап алушы кәсіби отбасы жетім балаларды, ата-анасының қамқорынсыз және қараусыз қалған балаларды, отбасындағы қатыгездіктен зардап шеккен балаларды уақытша қарайды. Заңнамада ата-аналардың өз баласын тәрбиелеудегі басымдық құқығы, туыстардың балаларды өз отбасына алу құқығы бекітілген. «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» заң жобасы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың көптеген түріне жауапкершілікті қатаңдататын, балалар арасындағы жағымсыз құбылыстардың алдын алуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нормаларды қамтиды. Білім беру ұйымдарының балаларды мектепішілік есепке алуды жүргізу жөніндегі міндеті енгізіледі. Бұл жоғары педагогикалық зейінді қажет ететін балаларға көмектесу үшін керек. Сондай-ақ заң жобасында облыс әкімдерінің психологиялық қолдау орталықтарын ашу құзыреті бекітіледі. Бүгінде мұндай орталықтар еліміздің 11 өңірінде ашылған. Жыл соңына дейін басқа облыстарда да балалар мен ата-аналарға кәсіби психологиялық көмек беретін осындай орталықтар ашылады.