Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жиында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында жалпы ұлттық құндылықтар жүйесін құрайтын идеялық негіздерді тарқатып бергенін, сол идеялық негіздер басшылыққа алынып білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері жаңартылатынын жеткізді.
– Оқу-ағарту министрлігі өскелең ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын күшейту бағытында «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» әзірлеп, қыркүйек айынан бастап 20 мың білім беру ұйымдарына енгізген еді. Осы бағдарлама «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық» идеяларының білім ұйымдарындағы тәрбиенің өзегіне айналдырудың басты платформасы болмақ. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» жүйелі іске асыру мақсатында тәрбие ісімен шұғылданатын 90 мың педагог курстан өтті. Бағдарлама шеңберінде бірлескен жоспарлар қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдарды мектептегі тәрбие жұмысына жұмылдыру қолға алынды. Осыған қоса барлық мектепте Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылып, «ата-ана, бала, педагог» арасындағы үштік одақ жұмысы жолға қойылып жатыр, – деді Е.Оспан.
Вице-министрдің айтуынша, тәрбие ісінде балалар мен жасөспірімдер қозғалысының, волонтерлік ұйымдардың маңызы зор. Бұл бағытта министрлік арнайы жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында «Менің бауырым» жобасы іске қосылып, 3 мыңнан аса волонтер балалық шақтың бақытты өтуіне бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға кірісіп кетті. Жас еріктілердің бастамасымен «Досболlike» – достық қолыңды соз» акциясы мектептерде қарқынды өтті. Жалпы елімізде, «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», Жас дебатшы» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 млн оқушы тартылған.
– Балалардың жан-жақты рухани дамуына театрлар мен мұражайларға, түрлі тарихи орындарға үнемі баруы ұйымдастырылып жатыр. Былтыр 930 мыңнан аса оқушы 65 театрға, 250 музейге, 315 тарихи орындарға барды. Тарихын терең таныған ұрпақ қана рухы мықты азамат ретінде қалыптасатыны баршамызға аян. Сондықтан биыл бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Қазіргі уақыт талаптарын ескере отырып балалардың сыни тұрғыда ойлауын, ақпаратты талдау және игеру, уақытты дұрыс жоспарлау және қаржылық сауаттылығын дамыту маңызды болып отыр. Осы мақсатта «Білім беру стандартына, үлгілік оқу жоспары мен оқу бағдарламаларына өзгертулер енгізу» іске асырылып жатыр. «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Құқықтық мәдениет», «Медиасауат», «Қаржылық сауат» құзыреттерін қамтитын 5-9 сынып оқушыларына арналған «Жаһандық құзыреттілік» оқу құралы басып шығарылды, – деді спикер министрлік өкілі.
Е.Оспанның сөзіне қарағанда, жасөспірімдерді нашақорлық, вейпинг, лудомания сияқты жағымсыз құбылыстардан қорғау мәселесіндегі жұмысты жүйелеу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірнеше жол картасы мен іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, іске асыруға кірісіп жатыр. Оның біріншісі, білім беру бағдарламаларына балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін әдеттерден қорғау тақырыптары енгізілді. Мәселен, «Биология» пәнінде адамның дамуы үшін темекі шегу мен есірткінің зияны жөнінде оқытылады (7-9 сыныптар), «Салауатты өмір салты» компоненті «Дүниетану» (1-4 сыныптар) және «Жаратылыстану» (1-6 сыныптар) пәндерінің мазмұнына енгізілген.
– Екіншіден, білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысының жоспарына полиция және медицина қызметкерлерінің қатысуымен білім алушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмысқа 90 мың маман, 8 мыңнан аса педагог-психолог және 4 мың әлеуметтік педагог тартылды. Үшіншіден, білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысының жоспары психоактивті заттар мен вейптерді қолданудың алдын алу шараларын қамтиды. Бұл жұмысқа барлығы 90 мың маман, 8 мыңнан көп педагог-психолог және төрт мың әлеуметтік педагог тартылды. Қазір Парламентте балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормаларды қамтитын өте маңызды 2 заң жобасы қаралып жатыр. Бұл – «Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша», сондай-ақ «Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша» заң жобалары. Бірінші заң жобасы аясында Үкімет елімізде бала асырайтын кәсіби отбасының жаңа институтын енгізуді ұсынды, – деді Е.Оспан.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, мемлекет қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға бағытталған шаралар қабылдап жатыр. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар, психологиялық қолдау орталықтары, отбасын қолдау орталықтары отбасыларға көмек көрсетеді. Министрліктің міндеті – әр баланың «отбасында өмір сүру және тәрбиелену» құқығын жүзеге асыруға барынша күш салу. Асырап алушы кәсіби отбасы жетім балаларды, ата-анасының қамқорынсыз және қараусыз қалған балаларды, отбасындағы қатыгездіктен зардап шеккен балаларды уақытша қарайды. Заңнамада ата-аналардың өз баласын тәрбиелеудегі басымдық құқығы, туыстардың балаларды өз отбасына алу құқығы бекітілген. «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» заң жобасы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың көптеген түріне жауапкершілікті қатаңдататын, балалар арасындағы жағымсыз құбылыстардың алдын алуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нормаларды қамтиды. Білім беру ұйымдарының балаларды мектепішілік есепке алуды жүргізу жөніндегі міндеті енгізіледі. Бұл жоғары педагогикалық зейінді қажет ететін балаларға көмектесу үшін керек. Сондай-ақ заң жобасында облыс әкімдерінің психологиялық қолдау орталықтарын ашу құзыреті бекітіледі. Бүгінде мұндай орталықтар еліміздің 11 өңірінде ашылған. Жыл соңына дейін басқа облыстарда да балалар мен ата-аналарға кәсіби психологиялық көмек беретін осындай орталықтар ашылады.