Мәселе • 28 Наурыз, 2024

Құмар ойын құрдымға құлатпасын

75 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Енді азаматтар өз-өздеріне құмар ойындарға қатысу мен бәс тігуге шектеу қоя алады. Ол үшін өтінішті «eGov» мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде беру керек. Осылайша, цифрлы формат көмегімен кез келген отандасымыз, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер 6 айдан 1 жылға дейін шектеу орнатып, букмекерлік кеңсе мен онлайн казинода ойнау құқығынан уақытша айырылады.

Құмар ойын құрдымға құлатпасын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тайда азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Өйткені елде қауіпті кеселге айналған лудоманиядан құтылудың жолдарын іздеп жүргендердің қатары 300 мыңнан асады. БАҚ беттеріндегі кей деректе 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті делінген. Мәжілісте депутат Елнұр Бейсенбаев та құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққанын айтты.

«Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарға қандай да бір қатысы бар. Ажырасудың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Араға 1,5 жыл салып ойын бизнесін реттеу бо­йынша заң жобасын қолға алып отырмыз. Құжатқа Үкіметтен қорытынды алу оңай болмады. Әдетте басқа заңдар бойынша қорытындыны 1–2 ай күтетін болсақ, бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші көріп отырмын. Демек мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни мұнда үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен», деді Мәжіліс депутаты.

Азаматтардың санасын ула­ған бұл дерттен арылу үшін Цифр­лық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі мен Туризм және спорт ми­нистрлігінің Туризм индус­трия­сы комитеті, «Ұлттық ақпа­рат­тық технологиялар» АҚ бір­лесе бәс тігуді шектеудің онлайн фор­матын ұсынды. Бұрын бұл қыз­мет қағаз жүзінде іске асып, 8 күн ішінде қарастырылып келген.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ «элек­трон­дық үкіметтің» инфо­ком­­муникациялық инфра­құры­лы­мының және мем­лекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесінің операторы бо­лып есептеледі. Сондай-ақ орта­лық және өңірлік мемлекеттік орган­дар­дың ақпараттық жүйелеріне жүйелік-техникалық қызмет көр­се­туді жүзеге асырады. Өзге де министр­ліктермен бірлесе «EGov mobile» қосымшасын пайдаланып, құмар ойынға әуестер бәс тігуге өздеріне шектеуді онлайн қоя алатындай мүмкіндікке қол жеткіздік. Өтінім беру үшін «eGov mobile» мобильдік қосымшасында «Қызметтер», содан кейін «Спорт» бөліміне өтіңіз. Қызметтер тізі­мі­нен «Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервисті» таңдау қажет. Ашылған бетте шектеу мерзімін айлармен көрсетіп, «Қызметке тапсырыс беру» түймесін басыңыз. Әрі қарай сіз жылдам қол жеткізу кодын немесе биометрияны пайдаланып, қызметке қол қоюыңыз керек. Қызметке қол қойылғаннан кейін өтінім мәртебесімен таныса аласыз. Өтінімді құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шек­те­гісі келетін адам ЭЦҚ пайдалана отырып беруге тиіс. Үшінші тұл­ғалардың өтінім беруіне жол берілмейді. Бұл тетік қаржылық проблемалар, лудоманиямен байланысты жеке мәселелерді айтар­лықтай төмендетеді. Әрі өті­нім­­дер­ді өңдеуге кететін уақытты үнем­­­­дейді», деді «Ұлттық ақпа­рат­тық тех­но­логиялар» АҚ бас­қарма төр­ағасы Ростислав Коняшкин.

Осылайша, кез келген азаматқа, әсіресе құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемесі мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қойылады. Егер пайдаланушы қызметті алуға өтінімді бұрын берген болса, қайтадан алу да қарастырылған. Тек бұрынғы өтінім туралы ақпараттық хабарлама көрсетілген тұста «Иә» сөзін басып, мерзімін ұзартуға болады. Ізінше сервис өтінімді тіркеп, қолданушыны құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар тізіміне өтінімді қайтарып алу құқығынсыз енгізеді.

«Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес тізімге енген тұлғалар тура­лы мәліметтер құпия болып саналады. Тиісінше, мұндай мәлі­меттер тек ТСМ-ның ла­уазымды тұлғаларына, сондай-ақ құмар ойынға қатысқысы келетін адамдардың тізімде болу дерек­терін ЖСН енгізу арқылы жеке­леген сұрау салу үшін лицен­­­зияланған ойын бизнесі ұйым­дастырушыларына ғана қолжетімді. Осылайша, ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін ашпай-ақ тек ЖСН деректемелерімен жеке өңделеді. Ойын бизнесі субъектілері тізімнің толық нұс­қа­сына қол жеткізе алмайды. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, егжей-тегжей бейненұсқаулық әзірленді. Сонымен қатар цифрлық сервиспен қатар ел азаматтары мен резиденттері үшін заңның 15-1-бабына сәйкес ойын бизне­сін ұйымдастырушылар арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу туралы жазбаша өтініш беру мүмкіндігі сақ­талады», делінген Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған деректе.