Экономика • 28 Наурыз, 2024

Экономиканы сараптайтын кез

57 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматыда осымен 11-рет ұйымдастырылған CFO Summit-2024 платформасында экономикамыздың ма­ңызды тақырыптары тал­қыланды. Әрқайсысы екі сағатқа созылған пле­нар­лық сессияларда жаңа Қазақстандағы екінші дең­гейлі банктердің (ЕДБ) рөлі, 2029 жылға қарай экономикалық өсімді 450 миллиард долларға жеткізу және ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) жылдық өсімін 6 пайызға дейін көтеру мүмкіндігіне назар аударылды.

Экономиканы сараптайтын кез

CFO Summit форумына қатысу­шы­лар экономикалық реформалар мен жасанды интеллектіні бизнеске ен­гізу туралы пікірлерін бөлісті. Ал­да­ғы 5 жылда жылдам және сапалы экономикалық ілгерілеуге қол жеткізу үшін адам капиталына инвестиция салудың маңыздылығы айтылды. Қоғамда «Адами капиталға инвестицияны кім салады? Елдегі барлық қаржылық активтердің 90 пайызын құрайтын отандық банктер бұл рөлді атқара ала ма?» деген сұрақ бар.

CFO саммитіне қатысқан сарапшылар тарапынан бізге қандай банктер керек және олар экономикаға қандай пайда әкелетінін ашық талқылады.

Kusto Group компаниясының негізін қалаушы Еркін Тәтішевтің айтуынша, бүгінгі банк секторы бұрын нарықта 30 жыл бұрын жұмыс істеген банктерге мүлдем ұқсамайды. Бүгінге ЕДБ-ға бәсеке жетіспейді. Оның айтуын­ша, біз банктердің бизнестік си­­патын мүлдем ұмытып кеттік.

«Банктердің бизнес сипатын жасанды түрде жасалған нарықтық монополия емес, оны жұмыс істейтіндей етіп нарықтық экономикаға қайтару керек. Банк нарығына шығудың шекті капиталын 100 миллион дол­лармен бағалау біздің нарық үшін тым көп. Бұл талап алпа­уыт банк­тердің кішігірім банктерге деген қысымын күшейтіп, шағын қар­жы ұйымдарының ЕДБ-ға айналу мүмкіндігін шектеп жатыр. Банк­тердің экономикадағы үле­сін ква­зи­сектордың үлесі немесе эко­но­­микадағы үлесіне қарап емес, биз­­нестің экономикадағы үлесі, ІЖӨ-дегі үлесіне қарап бағалау керек», дейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да Ержан Тәтішовтің пікірін қолдап шықты. Айтуынша, қаржы жүйесі активтерінің ІЖӨ-дегі үлесі – 50%. Бұл өте аз көрсеткіш. ІЖӨ-нің 22%-ын құрайтын несие портфелі де банктердің әлеуетіне сай емес.

«Нарықтың дамуына ықпал ете ала­тын негізгі бағыттардың бірі – банк­тердің қарыздық бағалы қа­ғаз­­дарды орналастыруы арқылы банк жүйесінің тиімділігін арттыру. Бұл үшін қор нарығының да, институционалдық инвесторлардың да рөлі маңызды. Бірақ екеуінің де ІЖӨ-дегі үлесі мәз емес. Сондай-ақ қазір жүйедегі 21 банктің тек 9-ы экономикаға несие берумен айналысады. Сбербанк пен бөлшек несиелеуге көбірек маманданған Альфа банк бұл бағытта біраз жұмыс атқарды. Шетелдік банктерді елге тарту банктің мүмкіндігін артырады. Біз шетелдің банктердің нарыққа келуі үшін қолданыстағы заңдарды оңтайландырып жатырмыз. Отандық қаржы институттарына қатарлық инвестордан басқа да шетелдік инвес­тор қызығушылық танытып жатыр. Жыл соңына қарай тағы бір банкті көруіміз мүмкін», деп сөзін түйіндеді М. Әбілқасымова.

«Visor Holding» компаниясының басқарушы серіктесі, экономист Алмас Чукиннің айтуынша, әлем төртінші өнеркәсіптік революцияға қадам басты. Мұндай жағдайда біздің ел әлемдік экономиканың шикізат сегментіндегі ел емес, цифрландыру үдерісінің көш басында жүруі маңызды, оған біздің интеллектуалдық мүмкіндігіміз жетеді.

Алмас Чукин айтып өткен келесі тенденция – арзан ақша дәуірінің келмеске кеткені. Ақша арзан болған кезде мемлекеттер орасан зор қарыздар жинады.

«АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 35 триллион долларды құрайды. Бірақ одан да қызықтысы – корпоративтік қарыз. Төмен мөлшерлемелерді пайдаланып, бизнес 20 триллион доллардан астам несие жинақтады. Сондықтан несие пайызының ең төменгі деңгейде тұрған кезі өтіп барады. Алдағы 10 жылда тарифтер батыста – 3-4%, Қазақстанда 8-12% деңгейіне қайта оралуы мүмкін», дейді Алмас Чукин.

Экономистің пікірінше, тағы бір «аймақтық шындық» – Қытай дамуының жаңа кезеңі.

«Біз көріп отырған қытайлық автокөлік өнеркәсібінің символдық жарылысы Қытайдың өзгергенін көрсетеді. Бұл енді бұрын арзан футболкалар мен электроника шығарумен байланыстыратын Қытай емес. Қа­зақстан да жаңа экономикалық шын­дыққа бейімделе бастады. Енді­гі міндет басты міндетіміз – саяси тәуе­кел­дерді азайту. Біз жаһан­да­нудың аймақтандыруға бет бұр­ғанын көріп отырмыз. Жапониядан бастап Америка Құрама Штаттарына дейінгі барлық ел Орталық Азияның мүмкіндіктеріне назар аудара бастады», деді.

Чукин айтып өткен келесі тақырып – ақша-несие мәселесіне. Оның айтуынша, әлемдік экономика үшін арзан несиенің дәурені өтті. Арзан несиенің дәурені жүріп тұрған кезде дамыған елдердің өзі қарыздың астында қалды: Тіпті АҚШ-тың сыртқы қарызының өзі 35 трлн долларға жетсе бизнес қарызы 20 трлн доллардан асты. Енді алдағы 10 жылдықтарда сыртқы қарыздардың пайыздық мөл­шерлемесі қазіргідей 1.2 – 2 % – 3-4 пайыздық деңгейге қайта оралады. Мұндай жағдайда Қазақстан сыртқы қарызды 8-12%-бен қайтаруға тура келеді. Қазір әлемдік экономика кіріс-шығыстарын қайта қарап жатыр.

Экономистің айтуынша, біздің елде «билік транзитінің» бейбіт жолмен өтуін мемлекеттің бағы деп бағалауға болады. Парламент сайлауы да жайлы өтті. Енді халықаралық нарық шарттарына мойынсұнып, экономикамен айналысатын кез келді. Біздің бюджет кірісінің жартысына жуығы қосымша құн салығы мен корпоративті табыс салығынан түседі. Бірақ біздің ел ҚҚС деңгейін көтермеуге шешім қабылдады. 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына» сәйкес, 2029 жылға қарай ІЖӨ екі есе артып, 450 миллиард долларға дейін, орташа жылдық экономикалық өсу қарқыны 6-7 пайызды құрауға тиіс. Өткенімізге қарасақ, 2005 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанның ІЖӨ 3 есе 8 триллионнан – 25 триллионға дейін өсті. Сарапшы айтып өткендей, 2029 жылы Мемлекет басшысы мін­дет­теген межеге жетсек, ол қай тарап­қа тиімді болады деген мәселенің бетін ашуымыз керек. Бай мен кедейдің арасы тәрізді шағын бизнес пен алпауыт бизнес аралығындағы табыс мөлшері де бір-бірінен алыстап кетті. «Бізде тек триллиондаған доллармен «ойнап жүрген» гигант компаниялар да, қара базарлардың шекпенінен шыға алмай жүрген ұсақ кәсіпкерлер де бар. Біздің 33 жылдағы қателігіміз солардың арасынан алтын аралықты қалыптастыра алмадық. Қазақ байлығының 60 пайы­зы небәрі 5 пайызды құрайтын оли­гар­х­тардың қолына шоғырланған. Бізге ұсақ кәсіпкерліктен өсіп, орта деңгейге жеткен компаниялар жетіс­пей­ді. Ұлттық инвесторлар сол ортадан шығады. Оларсыз экономиканың тұрақты, баянды болуы мүмкін емес. Біздің инвестициялық мүмкіндігіміз бір қырын қарап жүрген орта бизнес­те», дейді А.Чукин.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы әлі бабында екенін, инвестиция тарту мүмкіндігін уыстан шығарып алмағанымызды саммитке қатысқан, сөз сөйлеген сарапшылар да жоққа шығармайды. Сыртқы қарызды ІЖӨ-нің 21-23% деңгейінде ұстап тұрмыз. 2023 жылғы қазандағы жағдай бойынша 161,9 млрд долларды құрады, ол 2023 жылдың басынан аздап – 0,8%-ға немесе 1,3-ке өскенін осыған дейін жазғанбыз.

«Ракурс» сараптамалық орталы­ғының басшысы Ораз Жандосов та экономикалық өсімді ІЖӨ көрсет­кішімен емес, шикізаттық емес сек­тор­дың шығарған, өндірген өнімі, соның экономикаға әсерімен есептеу керек деп санайды. Оның айтуынша, түбегейлі реформаларсыз жалпы ішкі өнімнің нақты өсімін Мемлекет басшысы айтқан межеге жеткізу қиын. Ол үшін инвестиция көлемі 7%-дан өсіп, квазимемлекеттік сектор қысқарып, мемлекеттің экономикадағы үлесі қысқару керек. Мемлекеттің түрлі бағ­дарламалар арқылы экономикаға араласуы экономиканың нарық заңы­мен дамуын, бизнестің мүмкін­дігін тежеп жатыр.

Саммит сарапшыларының айтуын­­ша, Орталық Азияға назар ауда­­рып отырған АҚШ, Франция, Жа­по­ния тәрізді дамыған елдердің біздің елге деген ықыласы әлі бабында тұр. Енді мәселе біздің өзімізге не керектігін және қандай бағытта даму қажеттігін анықтап алуымызға ғана байланысты болып тұр. Бізге басқа нәрсенің бәрін жиып қойып, экономикамен айналысатын кез келді.

 

АЛМАТЫ