Үкімет • 28 Наурыз, 2024

Экономикалық ықпалдастық артады

45 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төраға­лығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде еліміздің сыртқы саясаты, экономикалық интеграция және өзге де маңызды мәселелерге қатысты заң жобалары қаралды.

Экономикалық ықпалдастық артады

Алғашқы мәселе, яғни «Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше мем­лекеттердің үкіметтері ара­сын­дағы халықаралық құрам­дастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева мәлімдеді.

Комитет хатшысы сөз басында бұл келісімнің мақсаты Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы транзиттік-кө­лік­тік әлеуетті және сауда-эко­но­микалық қатынастарды одан әрі дамыту екенін айтып өтті.

– Келісім 2022 жылдың 11 қа­­ра­­шасында жасалған. Бұл құ­жат Түркі мемлекеттері ара­сын­дағы темір жол, су, автомобиль кө­лігімен жүзеге асырылатын жүк тасымалдау көлемін ұлғай­туға мүмкіндік береді, – деді Е.Смышляева.

Одан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шар­лапаев депутаттарды Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт­қа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау тура­­лы заң жобасымен таныс­тырды. Заң жобасы Еуразиялық эко­номикалық одаққа мүше мем­лекеттер өнеркәсіп салаларын­да бірлескен кооперациялық жоба­ларды іске асырған кезде қар­жылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізуді көздейді.

Министр хаттама ЕАЭО-ның бюджет қаражатын пайда­лана отырып, өнеркәсіп сала­сын­дағы бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыруға негіз болатынын атап өтті. Оның айтуынша, қаржыландырудың жаңа механизмі мүше мемле­кет­тер­дің бизнес-қоғам­дастық­тарының қа­жет­тіліктеріне жауап ретінде ЕАЭО аясында өнер­кәсіптік ынты­мақтастықты дамытуға елеулі қолдау көрсетіп, кәсіпорындарға өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

– Қанатқақты қаржылық көмек тетігінің мерзімі – бес жыл. Бұл мерзімді әрі қарай ұзарту мүм­кіндігі бар. Қаржыландыру ар­найы, демпингке қарсы және өтемақылық баждар түсі­мінің 10 пайызы есебінен қамта­ма­сыз етіледі. Бұл механизм ұлт­тық қаржы ұйымдары мен Еура­зиялық даму банкіне ұлттық банктер белгілеген базалық мөл­шерлеменің 100 пайызы кө­ле­мінде, коммерциялық не­сие­нің мөлшерлемесі базалық мөл­шер­леменің 6,5 пайызынан аспайтын субсидиялар беруді көздейді. Жобаны іріктеу критерийлеріне кемінде үш мүше мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы және жобаны 5 жылдан аспайтын мерзімде іске асыру кіреді. Іріктеу мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен бірнеше кезеңде өте­ді. Жобаны мақұлдау тура­лы шешімді Еуразиялық эко­но­микалық комиссия кеңесі қабыл­дайды. Бұл механизм жұ­мыс орындарын құруға, қосым­ша құны бар өнеркәсіп өнім­дерін өндіруге және үшінші ел­дерге өнім экспортын арт­тыруға мүмкіндік береді, – деді Қ.Шарлапаев. Сондай-ақ министр ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы бұл хаттаманы ратификациялап қойғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Экономикалық реформа және өңірлік даму коми­тетінің мүшесі, депутат Ники­та Шаталов келісімнің негізгі мақ­­саты – Еуразиялық эконо­ми­­­­ка­лық одаққа мүше мемле­кет­­­терге өнеркәсіп салаларын­да­ғы бір­лескен үшжақты ынты­мақ­тас­тық жобаларын іске асыруда қаржы­лық көмек көрсету екенін айтты.

– Бұл жобалар инновациялық технологияларды енгізуге және жоғары технологиялық өнді­ріс­терді құруға мүмкіндік бере­тін аса маңызды салаларда өнеркә­сіп­тік кооперация мен импортты алмас­тыруды дамытуға бағыт­талған, – деді Н.Шаталов. Ми­нистр­­ліктің хаттаманы ратифика­ция­лау туралы ұсынысы жалпы оты­рыста қолдау тауып, қабылданды.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «2013 жылғы 24 жел­тоқсандағы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі ар­а­сындағы Қазақстан Респуб­ли­ка­сының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресей­лік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер ен­гізу туралы хаттаманы ратифи­кация­лау туралы» заң жобасын да қарады.

Күн тәртібіндегі бұл мәселе бо­йынша Энергетика министрі Ал­м­асадам Сәтқалиев баянда­ды. Министрдің айтуынша, атал­ған келісімге 2013 жылғы 24 жел­тоқсанда қол қойылған және құ­жат 2014 жылғы шілдеде келі­сім­шарттар мен тараптардың уағ­даластықтарына сәйкес рати­фи­кацияланған.

– 2017 жылы тараптар тран­зитті жылына 7 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту туралы уағдаластықтарға қол жеткізді. Осыған байланысты тараптар келісімді 2024 жылдан 2033 жылға дейін ұзартуға өзара мүдделілік білдірді және 2014 жылы қол қойылған келісімге өзгерістер енгізу бойынша тиісті келіссөздерге кірісті. 2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Ресей мұнайының Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жалпы транзиті 91 тонна болды. Жалпы түсім 1 миллиард 327 миллион доллар немесе 502 миллиард теңгені құрады, – деді А.Сәтқалиев.

Сондай-ақ Энергетика ми­­нистрі келісімнің ешқандай тәуе­келд­ері жоқ екеніне сендірді. 2024 жыл­дан 2033 жылға дейінгі кезең­­де екі учаске бойынша Қазақ­­с­тан аумағы арқылы Қытай­­ға та­сы­­­мал­­данатын Ресей мұ­на­йы­­ның тран­­зи­т­і­нен 1 миллиард 710 миллион доллар түседі деп күтіліп отыр.

Депутаттардың баяндама­шыға осы мәселе төңірегіндегі қосымша сұрақтарынан кейін заң жобасы қабылданып, хаттама ратификациялауға жіберілді.

Күн тәртібінің басқа мәсе­ле­лері бойынша Аграрлық мәсе­лелер комитетінің мүшесі, депутат Айдарбек Қожаназаров хабар­ла­ды. Депутат заң жобасында ор­­га­ни­калық өнімді сату кезінде қа­­таң бақылау енгізілетініне тоқ­тал­д­ы. Ол бойынша тұтыну­шы­­лар­­дың құқықтары мен халық­тың ден­саулығын қорғау, ор­га­ни­­ка­лық деген атпен сатыла­тын ор­га­­ни­­калық емес өнім­дердің жо­лын кесу, отандық органика­лық өнім өндірушілерді, жалған таң­ба­лауға байланысты азамат­­тары­­мызды адастыратын импорт­­тау­­шы­лардың жосықсыз бәсекелестігінен қорғау тетіктері қарастырылған.

Депутат А.Қожаназаров баян­даған «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасы­ның кейбір заңнамалық актілері­не органикалық өнім өндіру және оның айналымы мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда қабылданды.

Жалпы отырыстың негізгі тал­қы­лауларынан кейін депу­тат­­тық сауалдарға кезек беріл­ді. Ардақ Назаров Ұлттық құ­рыл­тайдың соңғы отырысын­да Мемлекет басшысының кітап­­ханалар жайлы айтқанын негіз­ге ала отырып, Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің «Ғылым ордасы» Орталық ғылы­ми кітапханасының мүшкіл жағ­­дайын мәлімдеп, Үкімет бас­шы­сының орынбасары Т.Дүй­сеноваға сауал жолдады. Оның айтуынша, 1932 жылы ашы­­­лып, 1945 жылы Қаныш Сәт­баев­тың қолдауымен жеке «Ор­та­лық ғы­лыми кітапхана» мәр­те­бесін ал­ған кітапханада қазір 6 мил­лионға жуық басылым сақтау­лы. Бірақ Қазақстандағы ең бай ғылы­ми қор болып саналатын меке­менің кітапхана мәртебесі жоқ екен.

Депутат Ерболат Сатыбалдин сауалын еліміздің Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовтің атына бағыттап, Ұлытау облысы сияқты шөлейтті аймақтардағы жайылым жерлерді суландыру жайын қозғады.

Депутат Еділ Жаңбыршин ескі Қазақстанның жүйесі болған барлық деңгейдегі делдалдарды жою мәселесін көтерді. Әсіресе ел аузында «ЭСО» деп аталып кеткен энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылар арасында саусағын қимылдат­пай-ақ миллиардтап ақша тауып отырғанын ашып айтты.