Алғашқы мәселе, яғни «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева мәлімдеді.
Комитет хатшысы сөз басында бұл келісімнің мақсаты Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту екенін айтып өтті.
– Келісім 2022 жылдың 11 қарашасында жасалған. Бұл құжат Түркі мемлекеттері арасындағы темір жол, су, автомобиль көлігімен жүзеге асырылатын жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Е.Смышляева.
Одан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттарды Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасымен таныстырды. Заң жобасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізуді көздейді.
Министр хаттама ЕАЭО-ның бюджет қаражатын пайдалана отырып, өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыруға негіз болатынын атап өтті. Оның айтуынша, қаржыландырудың жаңа механизмі мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының қажеттіліктеріне жауап ретінде ЕАЭО аясында өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға елеулі қолдау көрсетіп, кәсіпорындарға өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
– Қанатқақты қаржылық көмек тетігінің мерзімі – бес жыл. Бұл мерзімді әрі қарай ұзарту мүмкіндігі бар. Қаржыландыру арнайы, демпингке қарсы және өтемақылық баждар түсімінің 10 пайызы есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл механизм ұлттық қаржы ұйымдары мен Еуразиялық даму банкіне ұлттық банктер белгілеген базалық мөлшерлеменің 100 пайызы көлемінде, коммерциялық несиенің мөлшерлемесі базалық мөлшерлеменің 6,5 пайызынан аспайтын субсидиялар беруді көздейді. Жобаны іріктеу критерийлеріне кемінде үш мүше мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы және жобаны 5 жылдан аспайтын мерзімде іске асыру кіреді. Іріктеу мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен бірнеше кезеңде өтеді. Жобаны мақұлдау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қабылдайды. Бұл механизм жұмыс орындарын құруға, қосымша құны бар өнеркәсіп өнімдерін өндіруге және үшінші елдерге өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қ.Шарлапаев. Сондай-ақ министр ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы бұл хаттаманы ратификациялап қойғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Никита Шаталов келісімнің негізгі мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге өнеркәсіп салаларындағы бірлескен үшжақты ынтымақтастық жобаларын іске асыруда қаржылық көмек көрсету екенін айтты.
– Бұл жобалар инновациялық технологияларды енгізуге және жоғары технологиялық өндірістерді құруға мүмкіндік беретін аса маңызды салаларда өнеркәсіптік кооперация мен импортты алмастыруды дамытуға бағытталған, – деді Н.Шаталов. Министрліктің хаттаманы ратификациялау туралы ұсынысы жалпы отырыста қолдау тауып, қабылданды.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қарады.
Күн тәртібіндегі бұл мәселе бойынша Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады. Министрдің айтуынша, аталған келісімге 2013 жылғы 24 желтоқсанда қол қойылған және құжат 2014 жылғы шілдеде келісімшарттар мен тараптардың уағдаластықтарына сәйкес ратификацияланған.
– 2017 жылы тараптар транзитті жылына 7 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту туралы уағдаластықтарға қол жеткізді. Осыған байланысты тараптар келісімді 2024 жылдан 2033 жылға дейін ұзартуға өзара мүдделілік білдірді және 2014 жылы қол қойылған келісімге өзгерістер енгізу бойынша тиісті келіссөздерге кірісті. 2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Ресей мұнайының Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жалпы транзиті 91 тонна болды. Жалпы түсім 1 миллиард 327 миллион доллар немесе 502 миллиард теңгені құрады, – деді А.Сәтқалиев.
Сондай-ақ Энергетика министрі келісімнің ешқандай тәуекелдері жоқ екеніне сендірді. 2024 жылдан 2033 жылға дейінгі кезеңде екі учаске бойынша Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалданатын Ресей мұнайының транзитінен 1 миллиард 710 миллион доллар түседі деп күтіліп отыр.
Депутаттардың баяндамашыға осы мәселе төңірегіндегі қосымша сұрақтарынан кейін заң жобасы қабылданып, хаттама ратификациялауға жіберілді.
Күн тәртібінің басқа мәселелері бойынша Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, депутат Айдарбек Қожаназаров хабарлады. Депутат заң жобасында органикалық өнімді сату кезінде қатаң бақылау енгізілетініне тоқталды. Ол бойынша тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғау, органикалық деген атпен сатылатын органикалық емес өнімдердің жолын кесу, отандық органикалық өнім өндірушілерді, жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды адастыратын импорттаушылардың жосықсыз бәсекелестігінен қорғау тетіктері қарастырылған.
Депутат А.Қожаназаров баяндаған «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндіру және оның айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда қабылданды.
Жалпы отырыстың негізгі талқылауларынан кейін депутаттық сауалдарға кезек берілді. Ардақ Назаров Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Мемлекет басшысының кітапханалар жайлы айтқанын негізге ала отырып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының мүшкіл жағдайын мәлімдеп, Үкімет басшысының орынбасары Т.Дүйсеноваға сауал жолдады. Оның айтуынша, 1932 жылы ашылып, 1945 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен жеке «Орталық ғылыми кітапхана» мәртебесін алған кітапханада қазір 6 миллионға жуық басылым сақтаулы. Бірақ Қазақстандағы ең бай ғылыми қор болып саналатын мекеменің кітапхана мәртебесі жоқ екен.
Депутат Ерболат Сатыбалдин сауалын еліміздің Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовтің атына бағыттап, Ұлытау облысы сияқты шөлейтті аймақтардағы жайылым жерлерді суландыру жайын қозғады.
Депутат Еділ Жаңбыршин ескі Қазақстанның жүйесі болған барлық деңгейдегі делдалдарды жою мәселесін көтерді. Әсіресе ел аузында «ЭСО» деп аталып кеткен энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылар арасында саусағын қимылдатпай-ақ миллиардтап ақша тауып отырғанын ашып айтты.