Білім • 28 Наурыз, 2024

Ұрпақты кітап оқуға баулу - басты парыз

76 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ға­лығымен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ат­ты үшінші отырысы өтті. Расында да ұлтты ұйыстыратын, елдің дамуына ықпал ететін тақырыптар талқыланды. Құрылтайда Президент кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады екенін айтып, жастарды кітап оқуға баулуға шақырды.

Ұрпақты кітап оқуға баулу - басты парыз

«Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», деді Мемлекет басшысы.

Ұл-қыздарымыздың, оқушыларымыздың өздігінен кітап оқымай кетуі де ойландырады. Бұл ата-ана мен мұғалімді ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан мемлекеттік деңгейде «Оқуға құштар мектеп» деген тамаша атауы бар жоба да қолға алынып, бұл түйткілдің түйінін тарқатуға ұмтылыс жасалуы өте құптарлық іс. Әлбетте, кітап оқитын ұлтқа айналу үшін жоғары жақ не дер екен деп тапсырма күтіп отыруға болмайды. Сол себепті әр педагог, әрбір ата-ана бұл іргелі іске бел буып кірісуі қажет деп есептеймін. Жақында мынадай ақпарат оқып қалдым: «Психолог мамандардың зерттеуінше, баланың кітап оқу дағдысы 9 жасқа дейін қалыптасады екен. Егер бала тоғыз жасқа дейін кітап оқуды үйренсе, ол кітапты өмір бойы жанына серік етпек. Ал тоғыз жасқа дейін кітап оқу дағдысын қалыптастырмаған бала, есейгенде өздігінен кітап оқуға қызықпайды». Бұл кімді болса да толғандыратын үлкен мәселе. Енді не істемек керек? Әлбетте, балаңызды шақырып алып, жүйкесі мен миына салмақ салып, оқыған, көзі ашық адам болудың қажеттелігі туралы дәріс оқудың қажеттілігі болмас. Оны өзіңіздің әрекетіңізбен көрсеткеніңіз дұрыс болатын сияқты. Бір сәт төңірегіңізге көз жүгіртіп көріңізші. Өз перзенттеріңіз, әлде кішкентай іні-сіңілілеріңіз бар деп есептейік. Кішкентайлар үлкендердің іс-әрекет, қимылын қайталауға әуес. Олар ересектерге қарап бой түзеп, еліктеп өседі. 

Осыны аңғарған әрбір адам, әдепсіз іске де ешқашан қадам баспайды. Өйткені «баланың алдында бұлай істегеніміз дұрыс емес екен» деп тез ес жиып, қатесін түзеуге, жаман әдетін көрсетпеуге тырысады. Демек біздің ішкі түйсігіміз өзімізден кішілерге үлгі екенімізді көрсету керектігін айтып отырады. Сол себепті алдымен кітап оқуды, газет-журнал парақтауды өзіңізден бастаңыз. Үйде үлкендер кітап оқып отырса, балаға бұл қалыпты жағдай болып көрінеді. Кітапты ылғи көрінетін жерге қойып қойыңыз. Оны жыртып, бүлдіріп тастайды деп сескенбеңіз. Осылайша оқулықты бала қолы жетпейтін жерге қойып, жасырып жүретін ата-аналар да болады. Бұл қадам баланың бейсаналы түрде кітаптан алшақтатады. Қазір біздің ел кітап шығару, баспа ісінен алдыңғы қатарға шыға бастады. Кез келген жастағы оқырман үшін кітап шығаратын ондаған баспа бар. Солар әртүрлі балалардан бастап, жасөспірімдерге арнап түрлі қызықты кітап шығарады.

Өзіңізге қажетті баспаның атауын интернеттен терсеңіз болады, алдыңыздан шығады. Кітапхана іздемей, онлайн сатып алуға да жағдай жасалған. Осылайша өзіңізге, балаларға ұнайтын кез келген оқулықпен танысуға мүмкіндігіңіз бар. Иә, осылайша қазақ тіліндегі, сапалы кітаптармен үйдегі кітап сөресін толтырсаңыз өзіңіз де рухани байлыққа кенелгендей күй кешесіз. Сонымен қатар «Балдырған», «Балбөбек», «Мөлдір бұлақ» журналдарына жазылып қойсаңыз, әрдайым үйіңізге келіп тұрады. Жаздыру бағасы да айтарлықтай қымбат емес. Журналдардың әр саны бір кітаптың жүгін көтереді. Түрлі-түсті безендірілген журнал бала санасын өзіне бірден баурап алады. Әлі де әріп танымайтын бөбектер, суреттерге қарап, сөйлеуге икемделеді.                        

Одан кейінгі мәселе – бала оқып отырған кітапты өзіңіз де міндетті түрде қарап шығыңыз. Сол кезде онымен ортақ әңгіме пайда болады. Екеуіңіз де білетін тақырыпты талқылаудың да ықпалы зор. Кез келген адам өзі оқыған дүниені сыр қылып бөліскісі келіп тұрады. Оны әсілі сол тақырыпты ұғып тұрған адаммен бөліскенді жөн санайды.                                                          

Әрбір жеткіншекке алғаш рет парақтаған кітабы қатты әсер етсе, оның кітап оқуға деген құштарлығы артады. Перзентінің жайын ата-анадан артық ешкім білмейді. Сондықтан балаңыздың ой-өрісіне ыңғайлы болатын кітаптар таңдауға баулыңыз, соларды оқып, мазмұнынын айтқызып отырыңыз. Әлбетте, ондай кітап таңдау үшін де ата мен әже, әке мен шеше, ағалары мен апалары да кітапқұмар жандар болса тіптен ғажап болар еді.

Балаға бір кітап ұнап қалса, ол оны қайталап оқи беруі де мүмкін. Сол кезде «бір оқыған кітабыңды қайта оқып алып, кітап оқыдым деп неге алдадың?» деп айтпаңыз. Бала ол кітаптан алған эмоциясын әрдайым аңсап тұруы да таңқаларлық жағдай емес.

Баланың өздігінен, қалаған кітабын таңдауына мүмкіндік беріңіз. Айына немесе екі айда бір рет кітап дүкенін аралап, өзі қалаған кітабын сатып алуды әдетке айналдырыңыз. Бала әртүрлі тақырыпқа қызығуы мүмкін. Кітапты сол қызығушылығына сай таңдаса пайдасы да ұшан-теңіздей болмақ.

Тағы бір жақсы тәсіл - үйіңізге, мектепке жақын орналасқан кітапханаға барып, тұрақты оқырманы ретінде жазылып қойыңыз. Қазір білім ошақтарында да кітапханалар бар. Аптасына үйірмеге барғандай екі-үш рет бас сұғып тұрсаңыз ұрпағыңыз да, өзіңіз де ұтылмайсыз. Жазбамыздың басында айтқанымыздай, біздің мемлекетте кітапхана мәселесіне дұрыс назар аудару басталды. Кітапханалар желісінде жаңа кітаптар пайда болды. Аудан, облыс, қала орталығынан шалғай жердегі елді мекендерде де шағын болса да кітап қоры жаңартылған, толыққан кітапханалар бар.

Біз ұл-қыздарымызды ертіп, туыстарымыздың, дос-жарандарымыздың үйіне меймандап баруды әдетке айналдырған халықпыз. Әлбетте, құр қол бару салтымызда жоқ. Міндетті түрде кішкентай болса да 3-5 мың теңге аралығында сый-сияпат, тәтті-мәтті аларымыз анық. Сол сәтте кәмпит емес, кәде ретінде кітап сатып алсақ жақсы болар еді. Бұл жақсы үрдіске айналса, біз де оқитын ұлтқа айналарымыз сөзсіз.

 

Әйгерім МҰҚАШЕВА,

Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақжал кенті,

Ш. Батталова атындағы тірек мектебі (РО)

бастауыш сынып мұғалімі