Оқиға • 28 Наурыз, 2024

Оқылмаған хат

64 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдетте тел өскен егіздер бір-бірінің қуанышын, күйініші мен сүйінішін алыста жүрсе де сезеді дейді. Бір анадан туған соң-дағы тылсым құді­рет бар шығар. Ал достар арасында мұн­дай байланыс болуы мүмкін бе? Талаптан Ахмет­жанның «Мұң» дейтін әңгімесінде нағыз достық та, мөлдір махаббат та, қазақ­тың ұмыт болып бара жатқан әмеңгерлік дәс­түрі де бейнеленген. Көркем әрі жеңіл жазылған әңгіменің құрылымы да өзгеше.

Оқылмаған хат

Әңгіменің желісіне үңілейік: Түн ішінде Тасқын есімді жігіт түс көріп жатып шошып оянған. Досы Дарынның даусы терезе түбінен бе, ап-анық естіледі. Жаңбырлы түн. «Тасқын» деген дауыс тым жақыннан тағы шыққан. Өң-түсін білмей сәл жатты да, ұшып тұрып, терезеге қарай жүгірді. Үшінші қа­баттан төменге көз тастап еді, ешкім көрінбейді. Дауыстап, «Дарын» деп іздеген болды. Екеуі студент кезден бірге келе жатқан жақын достар. Не де болса, бір жамандықтың бол­ғанын сезді. Сол сәттегі Тас­қын­ның алай-дүлей көңіл-күйін жазушы кейіпкер кей­піне енгендей жанымен сурет­теп шығады. Тасқынның таяу жердегі досының үйіне дейінгі бітіп бермес жолы, жол-жөне­кей ойы, психологиялық тұр­ғыда бейнеленеді. Алып-ұшып жетіп барса, сыртқы есік шал­қасынан ашық жатыр. Жарық жоқ. Осы сәтте-ақ ішкі түй­сігі ал­дамағанына көзі жетеді. Сол сәтті суреттеуі де ерекше; бейне бір Тасқынның орнында өзіңіз тұр­ғандай күйге түсесіз. Тас қа­­раңғыда жарықты жақпай-ақ қойса екен деп тілейсіз. Жақса, жайрап жатқан Дарынды елес­тетер едіңіз. Шынтуайтында бәрі басқаша. Саусақтары дір-дір етіп, жарық шамның түй­мешесін басса, төрде иегіне мыл­­тық төсеп, досы отыр. Маң­айында шашылған патрондар. Тасқын есеңгіреген күйі қанша отырғанын кім білсін? Есін жия сала, жалма-жан Сә­бираны із­деген. Дарынның жары. Маң­айдан таппаған соң досының қолындағы мылтықты жұлып алып үлгереді де, тығып тас­тайды. Тегі екеуі тағы жанжал­дасып, Сәбира үйінен кеткенге ұқсайды. Тасқын досын сабырға шақырып, екеуі түнгі барға кіреді. Жеңіл-желпі тіскебасар мен бір шөлмекті ортаға қоя­ды. Дарын не үшін атылып қалмақ болғанын түсіндіру үшін қойын қалтасынан тілдей болып бүктелген хатты алып шығып, Тасқынға ұстатты. Бар мұңын ақ параққа айтқан се­кілді. Оқиға енді хат бетінде өрбиді. Ұзағынан жазған хатын жары Сәбираға арнапты. Бар шындықты жан жары оқыса, не болар еді? Бірақ Дарынның енді шегінер жері қалмаған секілді. Тығырыққа тірелмесе, өз-өзіне қару кезенбес еді ғой. Хатта өткен өміріне оралған. Өткен өмі­рінде алғашқы әрі нағыз махаббаты Қарлыға туралы көсіле жазған. Оған деген сезімінің әлі де сейілмегені байқалады. Хатқа көз жүгірткен Тасқын әуелі Оқас туралы жазған жолдарды оқиды. Оқас дегені – Дарынның бала күнгі досы. Бір әйел намысына тиген соң өзіне қол салған екен. Екеуі бірге өсіп келе жатқандықтан, қаралы хабар Дарынның әкесінің де қа­бырғасына қатты батады. Осы тұста әкесінің мінез-құлқы мен анасы екеуі арасындағы кикілжіңдерді суреттейді. Әкесінің серілігін айтады. Әйелдермен әзілдесуге құмар болғанын баяндайды. Анасын сүймейтінін де ашып жазады. Күндердің күні әкесі Дарынға әмең­­герлік жолмен жеңгесі Қар­лығамен қосылуы керектігін айтады. Ағасының ұлы үй­ленген жылы Ауғанстанға со­ғысқа аттанып, сол жақта мерт болған. Екеуінің арасында бір қызы бар. Әкесі ағасының немересі мен келінін бөтенге жаутаңдатпайық деп, ұлын Қарлығаның үйіне ертіп барып, батасын беріп кетеді. Сол сәттен бастап, Дарын көрікті жеңгесіне басқа көзбен қараған. Жылт етіп сезімі оянған. Бақыттан бастары айналған. Алайда бақытты күндері ұзаққа бармады. Анасы қарсылық білдіріп, әкесімен жанжалдасқан. Өзін өнер адамымын деп санайтын әкесі теріс қарап жатып алған. Ас-су да ішпеген. Содан алты-жеті ай өтіп, дүние салған. Қар­лыға көрші ауылға көшіп, Да­рын одан да көз жазып қа­лады. Кейін іздеп барғанымен, таппаған. Енді ұмыта бастағаны сол еді, жуықта базардан жо­лық­тырыпты. Сөмке асынып, қайыр тілеп жүр екен. Десе де, алғашқы махаббатына деген сезімі сөнбегенге ұқсайды. Ар­тынан ұзақ қараған. Сөйтіп, неше адамның көз жасына қалдым деді ме, өзін кінәлап, өлуге бел байлағанға ұқсайды.

Әңгімеге бергісіз хатты оқып болғанша екеуі рөмкені неше соғыстырған. Айтқандай, Дарын суретші еді. Осы уақытқа дейін картиналарын сатып, күнелтіп жүрген. Отырған орнында ақ қағазды шимайламаса отыра алмайтын. Бұл жолы ақ параққа құдық басындағы Қарлығаның мұңлы бейнесін салған. Ішім­діктің буы бойға тарап, масайған Дарын орнынан тұрып бара жатып, өзі салған суреттің бе­тіне умаждалған ақшаны тас­тай салған. Бұл көрініс арқылы жа­зу­шы не айтқысы келді, әр оқыр­ман өзінше ой түйер. Әйтеуір астарында бір ойдың жатқаны анық.

Рас, кей-кейде жақыныңа айта алмаған сырды қағазға тү­сіру, ақ парақпен мұңдасу әл­де­қайда оңай. Айтуға батпасаң да, жазуға қол барады. Таң ағарып атқанда екеуі бардан шыққан. Сол сәтте көшенің арғы жағынан «қайда жүрсіңге» басып Сәбира келе жатқан. Үйінен кеткенмен, Дарыннан кете алмаған. Әлгі хатты оқы­ма­ғаны да дұрыс болды ма дерсің. Ол құпия мәң­гі ашылмаса, екеуі де мәңгі ба­қытты болып кететіндей...