Әңгіменің желісіне үңілейік: Түн ішінде Тасқын есімді жігіт түс көріп жатып шошып оянған. Досы Дарынның даусы терезе түбінен бе, ап-анық естіледі. Жаңбырлы түн. «Тасқын» деген дауыс тым жақыннан тағы шыққан. Өң-түсін білмей сәл жатты да, ұшып тұрып, терезеге қарай жүгірді. Үшінші қабаттан төменге көз тастап еді, ешкім көрінбейді. Дауыстап, «Дарын» деп іздеген болды. Екеуі студент кезден бірге келе жатқан жақын достар. Не де болса, бір жамандықтың болғанын сезді. Сол сәттегі Тасқынның алай-дүлей көңіл-күйін жазушы кейіпкер кейпіне енгендей жанымен суреттеп шығады. Тасқынның таяу жердегі досының үйіне дейінгі бітіп бермес жолы, жол-жөнекей ойы, психологиялық тұрғыда бейнеленеді. Алып-ұшып жетіп барса, сыртқы есік шалқасынан ашық жатыр. Жарық жоқ. Осы сәтте-ақ ішкі түйсігі алдамағанына көзі жетеді. Сол сәтті суреттеуі де ерекше; бейне бір Тасқынның орнында өзіңіз тұрғандай күйге түсесіз. Тас қараңғыда жарықты жақпай-ақ қойса екен деп тілейсіз. Жақса, жайрап жатқан Дарынды елестетер едіңіз. Шынтуайтында бәрі басқаша. Саусақтары дір-дір етіп, жарық шамның түймешесін басса, төрде иегіне мылтық төсеп, досы отыр. Маңайында шашылған патрондар. Тасқын есеңгіреген күйі қанша отырғанын кім білсін? Есін жия сала, жалма-жан Сәбираны іздеген. Дарынның жары. Маңайдан таппаған соң досының қолындағы мылтықты жұлып алып үлгереді де, тығып тастайды. Тегі екеуі тағы жанжалдасып, Сәбира үйінен кеткенге ұқсайды. Тасқын досын сабырға шақырып, екеуі түнгі барға кіреді. Жеңіл-желпі тіскебасар мен бір шөлмекті ортаға қояды. Дарын не үшін атылып қалмақ болғанын түсіндіру үшін қойын қалтасынан тілдей болып бүктелген хатты алып шығып, Тасқынға ұстатты. Бар мұңын ақ параққа айтқан секілді. Оқиға енді хат бетінде өрбиді. Ұзағынан жазған хатын жары Сәбираға арнапты. Бар шындықты жан жары оқыса, не болар еді? Бірақ Дарынның енді шегінер жері қалмаған секілді. Тығырыққа тірелмесе, өз-өзіне қару кезенбес еді ғой. Хатта өткен өміріне оралған. Өткен өмірінде алғашқы әрі нағыз махаббаты Қарлыға туралы көсіле жазған. Оған деген сезімінің әлі де сейілмегені байқалады. Хатқа көз жүгірткен Тасқын әуелі Оқас туралы жазған жолдарды оқиды. Оқас дегені – Дарынның бала күнгі досы. Бір әйел намысына тиген соң өзіне қол салған екен. Екеуі бірге өсіп келе жатқандықтан, қаралы хабар Дарынның әкесінің де қабырғасына қатты батады. Осы тұста әкесінің мінез-құлқы мен анасы екеуі арасындағы кикілжіңдерді суреттейді. Әкесінің серілігін айтады. Әйелдермен әзілдесуге құмар болғанын баяндайды. Анасын сүймейтінін де ашып жазады. Күндердің күні әкесі Дарынға әмеңгерлік жолмен жеңгесі Қарлығамен қосылуы керектігін айтады. Ағасының ұлы үйленген жылы Ауғанстанға соғысқа аттанып, сол жақта мерт болған. Екеуінің арасында бір қызы бар. Әкесі ағасының немересі мен келінін бөтенге жаутаңдатпайық деп, ұлын Қарлығаның үйіне ертіп барып, батасын беріп кетеді. Сол сәттен бастап, Дарын көрікті жеңгесіне басқа көзбен қараған. Жылт етіп сезімі оянған. Бақыттан бастары айналған. Алайда бақытты күндері ұзаққа бармады. Анасы қарсылық білдіріп, әкесімен жанжалдасқан. Өзін өнер адамымын деп санайтын әкесі теріс қарап жатып алған. Ас-су да ішпеген. Содан алты-жеті ай өтіп, дүние салған. Қарлыға көрші ауылға көшіп, Дарын одан да көз жазып қалады. Кейін іздеп барғанымен, таппаған. Енді ұмыта бастағаны сол еді, жуықта базардан жолықтырыпты. Сөмке асынып, қайыр тілеп жүр екен. Десе де, алғашқы махаббатына деген сезімі сөнбегенге ұқсайды. Артынан ұзақ қараған. Сөйтіп, неше адамның көз жасына қалдым деді ме, өзін кінәлап, өлуге бел байлағанға ұқсайды.
Әңгімеге бергісіз хатты оқып болғанша екеуі рөмкені неше соғыстырған. Айтқандай, Дарын суретші еді. Осы уақытқа дейін картиналарын сатып, күнелтіп жүрген. Отырған орнында ақ қағазды шимайламаса отыра алмайтын. Бұл жолы ақ параққа құдық басындағы Қарлығаның мұңлы бейнесін салған. Ішімдіктің буы бойға тарап, масайған Дарын орнынан тұрып бара жатып, өзі салған суреттің бетіне умаждалған ақшаны тастай салған. Бұл көрініс арқылы жазушы не айтқысы келді, әр оқырман өзінше ой түйер. Әйтеуір астарында бір ойдың жатқаны анық.
Рас, кей-кейде жақыныңа айта алмаған сырды қағазға түсіру, ақ парақпен мұңдасу әлдеқайда оңай. Айтуға батпасаң да, жазуға қол барады. Таң ағарып атқанда екеуі бардан шыққан. Сол сәтте көшенің арғы жағынан «қайда жүрсіңге» басып Сәбира келе жатқан. Үйінен кеткенмен, Дарыннан кете алмаған. Әлгі хатты оқымағаны да дұрыс болды ма дерсің. Ол құпия мәңгі ашылмаса, екеуі де мәңгі бақытты болып кететіндей...