Білім • 29 Наурыз, 2024

Мектеп тұжырымдамасына өзгеріс қажет

78 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Білімді ұрпақ тәрбие­леу ісі – елдің ал­дын­да тұрған келелі мін­дет. Осы мақ­сат­­та респуб­ликада мем­лекет та­­ра­пы­нан көптеген жо­­ба жүзеге асып ке­леді. Десек те білім көр­сет­кіш­тері сын кө­тер­мей­ді. Мамандар көп­тен бері ұлттық білім беру жүйесін же­тіл­­діру­дің өзекті еке­нін а­й­тып жүр.

Мектеп тұжырымдамасына өзгеріс қажет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жақында «Ұлттық мек­теп моделі: тәр­бие­ден білімге» тақы­рыбымен Qazbilim ұлттық ли­цейін­де өткен ғылыми-тәжіри­бе­­лік конференцияда еліміз өңір­лерінен жиналған ұстаздар қауымы саладағы түйткілдерді ше­шу­дің, тұлға тәрбиелеудің өзек­ті мәселелерін талқылады. Осы жиын барысында педагогика ғы­лымдарының докторы, профессор, «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігі президенті Асқарбек Құсайынов білім сапасын жақсартудың сегіз құраушы жүйесін атады. Кейінгі отыз жылда шетелдік білім жүйесін зерттеп жүрген ғалым «Осы кезге дейін білім беру мазмұнын әлемдік парадигма негізінде қарастырып келдік. Алайда кеңестік дәуірде де, қазір де білім беру парадигмасын дамыта алмай келеміз. Ал көптеген елде баланың құ­зыреттілігін қалыптастырып, нәти­жеге сай жұмыс істеліп жатыр. Елі­­міз PISA халықаралық зерт­теулеріне 20 жылдан бері қатысып келеді. Нәтижесіне көз жүгіртер болсақ, жара­тылыстану, оқу, мате­ма­ти­калық сауаттылығы жағы­нан оқу­шыларымыздың білім дең­гейі төмен екенін көреміз. Ал оның басты себебі нәтижеге бағ­дар­лан­­ған білім бермеудің салдарымен байланысты», деп атап өтті. Өйт­кені оқушыларға көп ақпарат берілгенімен, оны бола­шақ­та қалай игеріп, қалай қолдану тәжірибесі үйре­тіл­мейді. Сондықтан білім сапасын көтерудің ғы­лы­ми негіздерін жасау уақыт талабынан туа­ды. Ал ол үшін білім стандарттары мен оқу бағ­дар­­ламаларының, оқу әде­биетінің, басқару жүйе­­сі мен материалдық-тех­ни­калық база­ның сапасын жақсарту, рухани-адам­гер­шілік, патриоттық тәр­бие беру, педагог кадр­лар­дың білік­ті­лігін арттыру, мониторингтік баға­лау жүйесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдірудің сапаға тікелей әсер ететін жүйе құраушы фактор екенін қаперде ұстау ма­ңыз­ды.

Осы жиын барысында білім сарапшысы, «Qazbilim Group» компаниясының басқарма төрағасы, PhD Аятжан Ахметжан бірқатар сұрағымызға жауап бере келіп, еліміздегі мектептің барлығы бір ауысымда оқытылғанда әрі бір сыныпта оқушы саны 24 баладан аспаған жағдайда ғана сапалы білімге қол жеткізуге болатынын айтады. Сарапшының айтуынша, бүгінде республикада 130-дан астам үш ауысымды, 150-ден аса апатты мектептер бар. Бәсекеге қабілетті елдер жағдайында мектептерде балалар бір ғана ауысымда білім алып жатыр. Өкінішке қарай, әзірге бұл көрсеткішке біздің елде қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Себебі кейінгі отыз жылда үш ауысымды мектептердің жағдайы толыққанды шешілген жоқ. Ал «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асқан жағдайдың өзінде бұл мәселе түбегейлі шешімін таппайды. Алдағы оқу жылында 11-сыныпты – 170 мың, ал 4-сыныпты 410 мың бала бітіреді. Сондықтан республикадағы демографиялық ахуал жеткілікті түрде көңіл бөлуді қажет етеді. Демографиялық дүм­пуде сапаға әсер ететін фак­тор­дың бірі – мемлекеттік мектептермен теңдей талап қоя отырып, жекеменшік мектептердің көбеюіне мүм­кіншілік беру. Өйткені мектеп жеке болғанымен, бала – ел­дің болашағы. Ал дарынды бала­лар­ға қолайлы жағдай туғыза отырып, Назарбаев зияткерлік мектебі, республикалық физика-математика мектептері сынды мамандандырылған білім ошақ­тарына жеткілікті көңіл бөлу де – уақыт талабы. Дарынды бала­лар­ға қоғамның қозғаушы күші ретінде қарай отырып, сапалы білім алуына жағдай жасау, маман­­дандырылған мектептерде кон­курс­тардың ашық өтуіне мән беру уақыт күттірмейді. Осы орайда әлі күнге кеңестік санадан арыла алмай отырмыз деген қынжылыспен сарапшы білім көрсеткіштерін анықтағанда, пайызбен жарысқа түсуге тосқауыл қажеттігін алға тартты. «Ақиқатындағы сапа мен қағаздағы сапаның мүлдем ал­шақ екеніне әлемдік зерттеулер дәлел. Сондықтан ең алдымен, жалған ақпарат беруден арылып, зерттеулерді әділ өткізуге, берілген сұрақтарды қазақ тіліне аударып, көшірмесіз қолданғанда ғана халықаралық зерттеулерде білім сапасының жоғары көрсеткішіне қол жеткізуге болады», дейді сарапшы. Бұған қоса сапалы білімге әсер ететін басты фактор – сапалы оқулық жазу. Сарапшы атап өткендей, оқулық жазу қа­зір­гі жағдаймен жал­ғасын таба беретін болса, оның сапа­сы еш­қа­шан жақсар­май­­ды. Өйт­кені бағ­дарл­аманы және оқулықты жа­­затын жұмыс тобы оқулық жазу ісін өзі­нің негізгі жұ­мы­сы ретінде қарастырмайды. Мұндай жағ­дай­да сапалы оқулық туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сон­­дық­тан Ы.Алтын­са­рин атын­дағы ұлттық білім академиясы құрамында оқулық жазатын авторлар штатта жұмыс істеуге тиіс.

Бала оқыту, тұлға тәрбиелеу ісінде білікті кадрлар мен инфра­құрылымды дамытудың маңызды екеніне тоқталған Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сафура Төлекова еліміздегі жекеменшік мектептер тәжірибесіне тоқталды. Сарапшының айтуын­ша, жекеменшік мектептерді оқу­шы орнының тапшылығын жояды деп біржақты қарастыруға болмайды. Жекеменшік мектептер біріншіден, мемлекеттік мектептерге бәсекелестік орта қалып­тас­тырады. Бір айта кетерлігі, елімізде тек бизнес көзі ретінде ашылып жатқан мектептердің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен ұлттың алдындағы миссиясына адал, болашақ ұрпаққа сапалы білім беру бағытында көш алдында тұрған мектептер бар. Ал мектептердің бәсекелес ортада дамуы үшін жеке­меншік және мемлекеттік мектептер серікес ретінде жұмыс істеп, барлық баланың сапалы білім алуына теңдей мүмкіндік қарастырылуы қажет. Бірақ, өкінішке қарай, балалардың қажеттілігі мен қабілеті әртүрлі бол­­­ғандықтан, әр баланың қажет­ті­лі­гіне сәйкес білім беруде үлкен жетістіктерге жете алмай келеміз. Ал дарынды балалардың бәсекелес ортада білім алуына жағдай жасау адами капиталдың өсуіне, интел­лектуалдық қабілеттерін да­мы­туға ықпал етеді.

«Бірқатар жекеменшік мектептерде дарынды балаларға арналған жүйенің жақсы дамып келетінін айта кеткен жөн. Qazbilim, Пифагор сияқты мектептердегі стандарттан тыс білім беру, олимпиадаларға дайындау барысына ерекше назар аударуға болады. Бүгінде әлеуеті жоғары мамандар жекеменшік мектептерге кетіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік мектептер өзі­нің жұмыс тұжырымдамасына өзгеріс жасай отырып, педагогтерді тұрақтандыру мәселесіне көңіл бөлгені абзал. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан педагогикалық оқу орындарына гранттарды көбейту және педагогтерге қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. Түрлі үкіметтік емес ұйым да әртүрлі жоба аясында педагогтерді даяр­лау ісіне үлес қосып келеді. Мысалы, Teach for жобасы аясында педагогикалық мамандығы жоқ, бірақ өзара жақын болып келетін мамандарды арнайы курстан өткізе отырып, мектепке мұғалім ретінде даярлау ісі жалғасын тауып жүр. Осы жоба деректеріне сүйе­нетін болсақ, 2022 жылы ауыл мектеп­те­рінің 18,5, қала мектептерінің 31,2 пайызы жоғары санатқа ие болса, былтыр еліміз мек­теп­терінде пе­да­го­ги­калық кадр­лар­ға қа­­жеттілік 4 мың маманды құраған. Осы орайда сарапшы мек­теп қабырғасында қы­­­зы­ғушылығын арт­­­тыруға ықпал ете­­тін, білікті педа­гог­тер даярлау ісін­де «Мұға­лім» жо­­ба­сының да білікті кадрлар даярлаудағы ма­ңызына тоқталып өтті. Ал елімізде жекеменшік мектептер санының артуы – қалай болғанда да жағымды үрдіс. Ең бас­тысы, олардың жұ­мысын сапалы ұйымдастырып, әр баланы тұлға ретінде дамытуға ба­ғыт­талған мазмұнына терең мән беру қажет», дейді Сафура Сейдуалиқызы.

Мектепте жақсы оқыған оқушы алған білімін ары қарайғы өмір жолында тиімді пайдаланып, жол тауып кете алады. Мектептің қан­шалықты сапалы білім бергенін осы үде тұрғысынан бағамдау қажеттігін алға тартқан білім сарапшысы, Кембридж университетінің магистрі Нұрмұхаммед Досыбаев «Егер мектеп жүйесі сапалы білім беретін болса, оқу бітірген түлек университетте де жақсы көр­сет­кіш­терге қол жеткізіп, жақсы ор­та­ға баруға тырысады. Мек­теп­тегі білімі оның алда­ғы өмі­рі­нің ірге­тасы ретінде қала­на­ды», деп атап өтті.

«Елімізде «Білім-инновация» лицейі, Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математика мектебі, «Дарын» жүйесіне қатысты мектептердің қай-қайсысын алсақ та, жүйелі әрі жақсы нәтижеге бағытталған білім сапасын көреміз. Республикада ұлттық білім беру жүйесінде туын­дап отырған түйткілді мәсе­ле­нің бар­лығы 99 пайыз оқушы білім алып жатқан жалпы орта мектептермен тығыз байланыс­ты. Осы орайда мәселенің неден туып отырғанын түсіну үшін оның айырмашылықтарына мән беру керек. Бүгінде мамандандырылған мектептер мен жалпы орта мектептер арасындағы айырмашылықты басқару жүйесінен анық байқауға болады. Мектептегі менеджменттің әлсіз болуына кооперативті басқару қағидаларының болмауы себеп болып отыр. Елімізде директор­ларды академиялық тұрғыда да­йындағанымен, менеджер болуға үйретілмейді. Халықаралық тәжіри­беде мектепте басқарушы орган  қамқоршылық кеңес болса, бізде білім басқармалары атқарады. Яғни елімізде қамқоршылық кеңестің құзыреттілігі жоқ. Мектептердегі білім сапасы кадрлардың білікті­лігімен тығыз байланысты екенін ес­керсек, мамандандырылған мек­­­тептерде кадрлар өте мықты іріктеу жүйесінен өтеді. Өкінішке орай, елімізде педагогикалық оқу орындарының нашар жұмыс істеуінен жалпы орта білім беретін мектептерде кадр мәселесі дұрыс жолға қойылмай келеді. Білікті әрі өз ісіне сенімді кадрлар жалпы білім беретін мектептердегі қа­зіргі жағдайда ұзақ уақытқа тұрақтап қала алмайды. Ал бәсе­ке­ге қабілетсіз кадрлар осы білім жүйе­сінде тұрақтап қалып қалу­дың жағдайын барынша қарас­ты­рады. Мұнымен қоса сапаны арттыруда ескеретін басты жайт – мектептердегі оқу бағ­дар­ла­ма­сы­ның ескіргендігі. 10-11-сынып оқушысына қажеттісі әрі қажетсізі бар он шақты пәнді оқуына тура келеді. Ал ҰБТ-ға дайындық кезінде осы пәндердің толыққанды кәдеге жарауы күмән туғызады. Осы мәселеге басты назар аударуы қажет тиісті ведомство, өкінішке қарай, оның әлеуметтік салдары бар деген себеппен болуы мүмкін, мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей келеді. Сондықтан барлық оқушыға мамандандырылған мек­теп­тер­де­­гідей жағдай қарас­тыратын ұлттық жоба қажет. Оған алдағы он жылда қол жеткіземіз бе, бірақ қалай болғанда да алдыға мақсат қоя отырып, осы бағдар­ламаны енгізу арқылы жалпы білім беретін мектептерде оқып жатқан 99 пайыз балаға толыққанды жағ­дай жасауға әбден болады», дейді Н.Досыбаев.

Жиын барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситеті доценті Самал Дәрібайұлы, Қаныш Сәтбаев атын­да­ғы BINOM мектеп-лицейі директоры Құралай Амангелдіқызы, PhD Бекарыс Нұриман, Абай атындағы респуб­ли­калық ма­ман­дан­дырылған дарынды балаларға арналған орта мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жарқын Сәленұлы ұлттық білім беру жүйесін дамытуға қатысты пі­кір­лерімен бөлісіп, еліміздің орта білім беру жүйесінде өзекті мәсе­ле­лер­ді атап, оның шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын білдірді.

 

АЛМАТЫ