Қоғам • 28 Наурыз, 2024

ӘКК жұмысы қайтсе тиімді болады?

22 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­лардың жұмыс бастағанына 18 жыл бол­ды. Басында халық әлеуетін арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақ­са­тын­да әр өңір ерекшелігін ескере отырып құ­рылған бұл мекемелерді бүгінде орталық ат­қарушы органдар мен әкімдіктер бюджет қаражатын теспей сорып, оларды қа­рыз­ға белшесінен батыратын «қалтаға» ай­нал­дыр­ған.

ӘКК жұмысы қайтсе тиімді болады?

2016 жылы ӘКК-ның жалпы шығын көлемі 4,2 млрд теңге болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 14,7 млрд теңгеге жеткен. Қазір бұл мекемелерде айрықша функция жоқ. Өздеріне тән функцияларын айқындайтын заң да жоқ. Тек жарғы негізінде жұмыс істейді, республикалық деңгейдегі басқа даму институттарының функцияларын қайталайды. Корпорациялар 2006 және 2012 жылдары Үкімет бекітіп берген кешенді жоспарларда қойылған мақсаттарды орындаған жоқ. Оның бірі ауыл шаруашылығы шикізатын кластерлік жүйе құру арқылы жинақтап терең өңдеуді ұйымдастыру болатын. Айтылды – ұмытылды. Бұл түгілі Президентіміздің 2021 жылы трансформация бойынша берген тапсырмасы да назардан тыс қалған.

Корпорациялар әлеуметтік маңызы бар тауарларды қамтамасыз ету бойынша тіпті тиімсіз жұмыс істейді. Оған Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеу институтының қорытындысы дәлел. «Алматы» ӘКК бюджет қаражатын 0,01 па­йызбен сауда орталықтарына таратып, олар өз кезегінде өздерінің күнделікті сатылымдағы өнімін арзандатылған бағамен қойып, алған ақшаны айналым капиталы ретінде қолданған. Фермерлер өндіріске қажет арзан несие таба алмай сабылып жүрген шақта оны алыпсатарларға тарату агросалаға жасалған қиянат емес пе? Бұл – бір ғана мысал. Ал ондайлар жетіп, артылады. Сондай-ақ ӘӘК-лер өз активіндегі мүлікті әкімдіктер балансына қайтару орнына «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатамыз» деп, оларды жеке кәсіпкерлерге жалға беріп жүр. Бірақ ондағы тауардың сапасына, оны кімнің сатып жатқанына, кімге сатып жатқанына ешкім бас ауыртпайды.

Жоғарыда айтылған келеңсіздіктерді жою үшін ӘКК-лер қазіргі функцияларын толығымен тоқтатып, бір ғана бағытты – тың және бәсекелестік қағидатына негізделген шикізат базасын құру арқылы қайта өңдеуді дамыту бағытын ұстануы, өңір ерекшелігін ескере отырып, экономиканың бірінші мен екінші секторын бір-бірімен байланыстырып, қосымша құны бар тауарлар өндірісін арттыруы керек. Бағыттың негізгі құралы ретінде кооперацияның да, кластерлердің де жылдар бойы шешілмей келе жатқан тетіктері пайдаланылуы қажет. Корпорациялардың мәртебесі мен өзіне ғана тән бағытын айқындау мақсатында арнайы заң қабылдау маңызды. Бұл корпорациялардың ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашуға ауадай қажет алғашқы капиталын қалыптастыруына заңды мүмкіндік беруге тиіс. ӘКК берген алғашқы капитал арқылы кейін тұтынушы қоғамдардың қалыптасуына мұрындық болып, дамыған елдердегі модельге сәйкес қаражатты қайтару арқылы солардың меншігіне өтетін азық-түлік сататын кооперативтік дүкендер ашу керек. Коммерциялық мақсат дүкендер бір қожайынның емес, мыңдаған адам мүше тұтынушы қоғам меншігінде болса ғана жойылып, баға арзандайды әрі тұрақтанады. Кооперативтік дүкендердің әлеуметтік осал топтарға арналған азық-түліктік карталар шығарып, арзан тауарларға жол ашатыны сөзсіз. Бұл бойынша ұсыныстарымыз Сауда және интег­рация министрлігіне беріліп, алдын ала қолдау тап­қан еді. Несие серіктестіктері өз жұмысын кезінде дәл осы қағидатпен бастаған.

Жоба қанатқақты режімде іске асырылып, бұл оң нәтижесін берсе, арнайы пайлық инвестициялық қор құру қажет. Шығынды үнемдеу де пайданың бір түрі екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл механизм негізінде халық қолындағы ақшасын банктердегі 10-12%-дық депозиттерге емес, кооперативтік дүкендердің ашылуына бұрып, сол арқылы азық-түлік сатып алуда қаражатының 25-30%-ын үнемдеуге жол ашуға болады. Пайлық инвестициялық қордағы салымдар кооперативтік дүкендерді ашып, оның тұтынушысы болуға ғана емес, адам пайдаланатын барлық тауар мен шаштараз, фитнес және т.б қызмет көрсету орындарының дәл осы кооперативтік қағидатпен құрылуына бағытталса, тіпті нұр үстіне нұр болар еді. Үнемдеу көлемі еселеп артар еді.

Халық өз қаражатын сеніп тапсыруы үшін Пайлық инвестициялық қор салымдары банктердегі депозиттер іспеттес мемлекет тарапынан кепілдендірілуі керек. Ал ондағы артық қаражат кооперативтік дүкендер арқылы сатылатын азық-түлік өндірісі мен терең өңдеуіне бағытталса, агробизнестің инвестициялық қажеттілігі өтеледі. Мұндай объектілердің өнімдері кооперативтік желі арқылы сатылса, олар алаңсыз жұмыс істеп, құйылған инвестиция өз салымшыларына тұрақты дивиденд әкелері сөзсіз.

Баға нарығына осындай шаралар ғана нарық қағидаттарын бұзбастан, тікелей әсер ете алады. Ал ӘКК-лер осы бағытта жұмыс істеуге тиіс.

 

Анас БАҚҚОЖАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі