Тағзым • 03 Сәуір, 2024

АБЫЗ АҒА

43 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғашқы төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді дүниеден озды.

АБЫЗ АҒА

Тәуелсіз Қазақстан Парламенті Сена­тының тұңғыш төрағасы болған Өмірбек Байгелді ағамыз бар ғұмырында туған елі мен халқына адал қызмет еткен ұлтжанды азамат еді. Арғы-бергі тарихымызды терең білетін, халықтың өткені мен бүгіні туралы жүрген ортасында ағалық ой-пікірі мен жанашырлық көңілін білдіріп отыратын. Ұлтымыздың тарихын тереңнен зерттеп, шет елдерден бабаларымыз жайында құнды деректер тауып, төл тарихымызды түгендеуге де атсалысқан тұлға болатын.

Өмірбек Байгелдіұлы Қазақстан Респуб­ликасы Парламентінің қалыптасуында өзінің мол білімі мен бүкіл қажыр-қайратымен еңбек етті. Бар білімі мен тәжірибесін елімізді көр­кей­туге, нығайтуға жұмсады. Қай қызметте жүрсе де, адамгершілік қасиеттерімен әріп­тестерінің арасында әрдайым зор абырой мен беделге ие болды. Еңбегі еленіп жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары ел­ді­гі­мізді еңселі етудің бастауында тұрды. Ел  экономикасы мен әлеуетін өр­кендету жолында өзінің білімін, мол тәжірибесін және іскерлігі мен біліктілігін көрсетті.

Ел мүддесін, халықтың болашағын сәтке де есінен шығарған емес. Мемлекеттік қызметтің жоғары сатысында жүргенде өзінің үлкен мәдениеттігі мен иманды ізеттілігімен, халық дәстүрін жақсы білетін тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін талай мәрте танытты.Ғибратты ғұмыр иесі нағыз парасатты тұлға, мұраты биік азаматтың бірі болды.

Өмірбек Байгелдіұлы ағамыздың жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады!

 

Бақтықожа Ізмұхамбетов,

Парламент Мәжілісінің депутаты,  «Ардагерлер ұйымы»

РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері