Тәуелсіз Қазақстан Парламенті Сенатының тұңғыш төрағасы болған Өмірбек Байгелді ағамыз бар ғұмырында туған елі мен халқына адал қызмет еткен ұлтжанды азамат еді. Арғы-бергі тарихымызды терең білетін, халықтың өткені мен бүгіні туралы жүрген ортасында ағалық ой-пікірі мен жанашырлық көңілін білдіріп отыратын. Ұлтымыздың тарихын тереңнен зерттеп, шет елдерден бабаларымыз жайында құнды деректер тауып, төл тарихымызды түгендеуге де атсалысқан тұлға болатын.
Өмірбек Байгелдіұлы Қазақстан Республикасы Парламентінің қалыптасуында өзінің мол білімі мен бүкіл қажыр-қайратымен еңбек етті. Бар білімі мен тәжірибесін елімізді көркейтуге, нығайтуға жұмсады. Қай қызметте жүрсе де, адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің арасында әрдайым зор абырой мен беделге ие болды. Еңбегі еленіп жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары елдігімізді еңселі етудің бастауында тұрды. Ел экономикасы мен әлеуетін өркендету жолында өзінің білімін, мол тәжірибесін және іскерлігі мен біліктілігін көрсетті.
Ел мүддесін, халықтың болашағын сәтке де есінен шығарған емес. Мемлекеттік қызметтің жоғары сатысында жүргенде өзінің үлкен мәдениеттігі мен иманды ізеттілігімен, халық дәстүрін жақсы білетін тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін талай мәрте танытты.Ғибратты ғұмыр иесі нағыз парасатты тұлға, мұраты биік азаматтың бірі болды.
Өмірбек Байгелдіұлы ағамыздың жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады!
Бақтықожа Ізмұхамбетов,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы»
РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері