Қоғам • 04 Сәуір, 2024

Кеселді әдеттің кесірі көп

43 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырауда өткен Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық­тың ойында жүрген біраз жайтты қозғап, ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелерді талқылай келе, неге, қай салаға басым көңіл ­аудару қажеттігімізді анықтап берді.

Кеселді әдеттің кесірі көп

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысы бала­лар мен жас­­тар­дың ден­сау­лы­ғына алаңдайтынын айтып, тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптер­дің таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігіне тағы да тоқталды. Ұлттық құрылтайда Президент көтерген мәселенің бірі – насыбай ату. Бұл кеселді «денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі» деп атаған Мемлекет басшысы: «Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет», деп қадап айтты.

Несін жасырамыз, жастар арасында есірткі құмарлық, темекі шегу, насыбай ату қауіпті дертке, қоғамдық қатерге айнал­ғанын мойындауымыз керек. Қан­шама отбасының шырқын бұзып, қаншама жастың болашағын жоққа апарарын біле тұра бұл кеселдерден әлі арыла алмай келеміз. Сол өкінішті.

Ертеде тек оңтүстік аймақтарда сатылатын, тек ересектер пайдаланатын насыбай бүгінде елі­міздің барлық аймағына жеткен. Жетіп қана қойған жоқ, нас екенін аты айтып тұрса да жас-кәрінің құмар басар кәдесіне айналды. Насыбайды сатушы­лар да, тұтынушылар да оның құ­ра­мында не бар екенін, денсау­лық­­қа қаншалықты зиянды­ғын ­біл­мей­ді. Тіпті білгілері де келмей­ді. Көңілді күпті етері – мектеп оқушыларының насы­бай­ға, электронды темекілерге әуес­тігінің күн са­нап артып келе жатқаны.

Насыбай жасөспірімдердің өміріне еш қиындықсыз оп-оңай кірді. Оның арзан бағасы, қолжетімділігі тағы бар. Сату­шылар бірін «Өзбекстаннан әкелінген әккі насыбай» деп «мақ­таса», енді бірін «Қырғыз жерінен қыр асып келген» деп «дәріптейді». Әрине, сатушының мақсаты – пайда табу. Насыбай санитарлық-эпидемиялық зертханадан да тексеруден өт­кізіл­мейді. Ал оларды тек­се­ріп, қа­дағалап жатқан базар әкім­ші­лігі де, учаскелік полиция қыз­мет­кері де жоқ. Ең сорақысы – насыбайдың мектеп маңында сатылуы. Күнкөріс қамында жүр­ген апалар мектеп қасында ше­мішке, сағыз, кәмпит, құртқа қо­са насыбай сатып отырады. Бұл мектеп оқушыларының на­сы­байға әуестігін арттырары сөз­сіз. Өйткені еліктегіш жас­өс­пірімнің бірі насыбайға құ­мартып алса, екіншісі қызығып алуы ық­тимал. Ал шын мәнінде насыбай денсаулыққа несімен қауіпті?

Насыбай – құрамында есірткі бар алқа тұқымдасына жататын темекі өсімдігінен жасалатын, құмарлық үшін пайдаланылатын зат. Оның зияны жөнінде халық арасында мәлімет тым аз, арнайы зерттеулер де жоқтың қасы.

Әдетте оны темекі ұнтағына күл, қалампыр қосып жасайды, ол ащы, күшті иісті зат. Насыбайды құмарлық үшін ату – көп адамның жаман әдеті. Насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп. Біріншіден, насыбай ату темекі тарту, араққа салыну, нашақорлық тәрізді дерт болғандықтан, оған үйренгендер бір мезет насыбай атпаса, басы ауырып, жүрегі соғып, мазасыз күйге түседі. Оның құрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе қатерлі ісігіне ұшырататын түрлі радио­активті қоспа қосылады. Әрі насыбай ату адамның жасын қысқартады. Ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісігіне ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықыласты азайтады. Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді.

Насыбай ататындардың 80 пайызы­ның ауыз қуысы, ас қо­рыту жүйесі ісік­ке ұшырайды. Құрамындағы нико­тин барлық қан тамырларының тары­луына әкеледі, бұл миға, жүрекке және басқа да өмірлік органдарға қан беруді нашарлатады. Олар отте­гін қабыл­да­майды, сондықтан олар өз функцияларын қа­лып­ты ­орын­дауға қабілетсіз бола бас­тай­ды. Сонымен қатар қан тамырлары жұқарады, бұл құбылыс өз кезегінде инсульттің пайда болу қаупін жоғарылатады.

Насыбайға психотроптық зат­­тарды қосу психикалық бұ­зы­луларға, жеке бастағы өзге­­ріс­терге апарады. Адам­ның есте сақтау қабілеті нашарлайды, үне­мі шала ессіз күйде жү­ре­ді. Оның құрамын­дағы ауыр металдар ­бауыр мен бүйрекке зиянын тигізіп, олар­дың қызметін бұзады. Қыр­­ғызстанның Ұлт­тық ғылым академия­сы ға­лымдарының айтуынша, насыбай бе­деулікке әкеледі. Бұл факт көп жылғы зерттеулермен дә­лелденген.

Қоғамның үлкен дертіне айналған нашақорлық пен ішім­дікпен күресу жұмысы елімізде хал-қадерінше жүріп жатыр. Үкімет елімізде темекі бұ­йым­да­ры мен алкоголь өнімдерін кә­мелетке толмағандарға сатуға тыйым салды. Алайда жас пен кәрі бірдей құмар насыбай саудасы әлі қызып тұр. Бұл ке­сел орталық базарды былай қойып, үлкен сауда орталықтары мен дүкен-дүңгіршіктерге емін-еркін еніп алды. Кез келген үйдің бұрыш-бұрышында ашық саудаланып жатқан насыбайдың қалай жасалып, қайдан келіп жатқанын ойлап бас ауыртып жүргендер шамалы. Десе де, мектеп жасындағы балалардың насыбайға құмарлығы қоғам мен көпті ойлантып жүргені де рас. Бұл мәселені енді Мемлекет басшысы көтеріп отыр. Ендеше, насыбай атуды халық арасында барынша шектеп, жастар арасында, оның ішінде мектеп жасындағыларға мүлдем тыйым салатын уақыт жетті. Арнайы заң қабылдап, оның орындалуына қатаң кө­ңіл бөлгеніміз жөн. Ресейде, Түрікменс­тан мен АҚШ-та насыбай сатуға тыйым салынған. Насыбайды тасыған және сатқан адамдарға айыппұл салынып, ол тағы қайталанса, бас бостандығынан айыру­ға дейін жаза қолданылады.

Халқымыз ежелден-ақ «Ден­саулыққа зор кесел, үйрете көрме аузыңды, насыбай мен шы­лым­ға» деген. Адам бақытты бо­лу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулық кепілі – сала­мат­ты­лықта. Сон­дықтан жастар денсау­лыққа кері әсер ететін зиянды әдеттерден аулақ жүрсе жарар еді.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

Тараз