Шаруашылық • 04 Сәуір, 2024

Агробизнес қажеттілігін қалай өтейміз?

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмыс істей бастағанына 18 жыл болды. Басында халық әлеуетін арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында әр өңір ерекшелігін ескере отырып құрылған бұл мекемелердің шығыны 2016 жылы 4,2 млрд теңге болса, 2020 жылы көрсеткіш 14,7 млрд теңгеге жеткен. Бүгінде орталық атқарушы органдар мен әкімдіктер ӘКК-лерді бюджет қаражатын армансыз пайдаланып, қарызға белшесінен батыратын «қалтаға» айналдырған.

Агробизнес қажеттілігін қалай өтейміз?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазір оларда айрықша функция жоқ. Өзіне тән функциясын айқындайтын заң да жоқ. Тек жарғы негізінде жұмыс істейді, республикалық деңгейдегі басқа даму институттарының функциясын қайталайды. Корпорациялар 2006 және 2012 жылдары Үкімет бекітіп берген кешенді жоспарда қойылған мақсат­­тар­ды орындамады. Оның бірі ауыл шаруа­шы­лығы шикізатын кластерлік жүйе құру арқылы жинақтап, терең өңдеуді ұйым­дастыру болатын. Президенттің 2021 жылы трансформация бойынша берген тапсырмасы да назардан тыс қалды.

Корпорациялар әлеуметтік маңызы бар тауарларды қамтамасыз етуде тіпті тиімсіз жұмыс істейді. Оған Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеу институтының қорытындысы дәлел. «Алматы» ӘКК бюджет қаражатын 0,01 пайызбен сауда орталықтарына таратып, олар өзде­рінің күнделікті сатылымдағы өнімін арзан­­да­тылған бағамен қойып, алған ақшаны айналым капиталы ретінде қолданған. Фермерлер өндіріске қажет арзан несие таба алмай сабылып жүрген шақта оны алыпсатарларға тарату агросалаға жасалған қиянат емес пе? Бұл бір ғана мысал. Сондай-ақ ӘӘК-лер өз активіндегі мүлікті әкімдіктер теңгеріміне қайтару орнына «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатамыз» деп, жеке кәсіпкерлерге жалға беріп жүр. Бірақ ондағы тауардың сапасына, кімнің сатып жатқанына, кімге сатып жатқанына ешкім бас ауыртпайды.

Жоғарыда айтылған келеңсіздіктерді жою үшін ӘКК-лер қазіргі функция­сын толығымен тоқтатып, бір ғана бағытты – шикізат базасын құру арқылы қайта өңдеуді дамыту бағытын ұстанып, қосым­ша құны бар тауар өндірісін арттыруға тиіс. Бағыттың негізгі құралы ретінде коопе­рацияның да, кластердің де жылдар бойы шешілмей келе жатқан тетіктері пайдаланылуы керек. Корпорациялардың мәр­тебесі мен өзіне ғана тән бағытын айқындау мақсатында арнайы заң қабылдау қажет. Корпорациялардың ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашуға ауадай қажет алғашқы капиталын қалыптастыруына заңды мүмкіндік берілсе дейміз.

ӘКК берген алғашқы капитал арқы­лы кейін тұтынушы қоғамдардың қалып­тасуына мұрындық болып, дамыған елдердегі модельге сәйкес қаражатты қай­­­тару арқылы солардың меншігіне өтетін азық-түлік сататын кооперативтік дү­­кендер ашу керек. Дүкендер бір қо­жайын­ның емес, мыңдаған мүшесі бар тұтынушы қоғам меншігінде болса ғана коммерциялық мақсат жойылып, баға арзандайды әрі тұрақтанады. Кооперативтік дүкендердің әлеуметтік осал топтарға арнал­ған азық-түліктік карталар шығарып, арзан тауарларға жол ашатыны сөзсіз. Бұл бо­йын­ша ұсыныстарымыз Сауда және интеграция министрлігіне беріліп, алдын ала қолдау тапқан болатын. Несие серік­тестіктері өз жұмысын кезінде дәл осы ұстаныммен бастаған.

Жоба қанатқақты режімде іске асырылып, оң нәтижесін берсе, арнайы пайлық инвестициялық қор құру қажет. Шы­ғынды үнемдеу де пайданың бір түрі екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл тетік негізінде халық қолындағы ақшасын банктердегі 10–12%-дық депозитке емес, кооперативтік дүкендердің ашылуына бұрып, сол арқылы азық-түлік сатып алуда қаражатының 25–30%-ын үнемдеуге мүмкіндік алады. Ха­лық өз қара­жатын сеніп тапсыруы үшін пай­лық инвестициялық қор салымдары банк­тер­дегі депозит іспетті мемлекет тарапынан кепілдендірілуі керек. Ал ондағы артық қаражат кооперативтік дүкендер арқы­лы сатылатын азық-түлік өндірісі мен терең өңдеуге бағытталса, агробизнестің инвес­ти­циялық қажеттілігі өтелер еді.

 

Анас Баққожаев,

Мәжіліс депутаты