Мәдениет • 17 Сәуір, 2024

Құбылыс болған «Қыз Жібек»

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Күләшпен кездесу – әнмен кездесу еді» деп еске алыпты әнші ту­ра­­сында әйгілі композитор Латиф Хамиди. Олай деуіне себеп­ те, дәлел де мол. Өйткені әншінің бойындағы саф алтындай жар­­қыраған тума талант қай кезде де өзінің даралығын таны­тып тұратын.

Құбылыс болған «Қыз Жібек»

Күләштің әнін бір тыңдаған жан үн құдіретіне мас болып, әншіні қайта-қайта тың­­дауға бейілді еді. Ал талайды там­сан­­дырған сол дауыс оқу-тоқусыз, та­биғаттың өзімен әнші бойына да­ры­ған айрықша дарын екенін білген музыка мамандары сол кездің өзінде-ақ әншінің көмейіне ұя салған көркем үнді құбылысқа балайтын. Әйтпесе театрға алғаш жұмысқа қабыл­данған жылы операның не екенін бі­л­меген жанның арада жылға жуық уа­қыт өтпей сахнаның нағыз бұл­бұ­лына айналғаны құбы­лыс емей немене?

Күләш Байсейітованың әнші ретіндегі жұлдызының жанып, даңқ шыңына шығуына 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде сомдаған «Қыз Жібек» бейнесінің орны ерек. «Бұл рөл Күләш үшін жазылғандай, Күләш Жібек рөлін ойнау үшін туғандай еді. Егер «Қыз Жібек» операсы зор табысқа ие болды дейтін болсақ, сол табыс Күләштің арқасында келді деуге режиссер ретінде мен жасқанбаған, қызғанбаған болар едім» деген әйгілі актер Құрманбек Жандарбековтің пікірі ойымызды қуаттай түседі.

Ал Құрменбектің өзі ше? Ол сомдаған Төлеген тосын шешім­дері­мен ел есінде жатталып, актер есімі аңызға айналды. Небір ойлы бейнелердің бағын ашқан өнерпаз тағдырынан Бекежан бейнесінің алар орны үлкен. Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітовамен тандемде өнер көрсеткен шығармашылық одақ ұлттық операның шын мәнінде жұлдызын жақты. Қойылым атағы әсіресе Мәскеу сапарынан кейін тіпті аспандады. Сол сәтті әртістің жан досы әрі сахналық серіктесі Қанабек Байсейітов естелігінде былай деп жазады: «Мәскеуде онкүндікте «Қыз Жібекті» қойып жатқанбыз. Астана жұртшылығы мен үкімет басшыларының алдында жүрексіну де жоқ емес. Мен – Төлеген, Құрманбек – Бекежан. Төлегенді өлтірген соң Беке­жанның «Сармойын» әніне салып Қыз Жібекке айтатын ария­сы бар. Соның жоғары көтеретін же­ріне келгенде, Құрманбек тәуе­келге салмай, табан астында қарқ-қарқ күліп тапқырлық жасады. Күл­генде де қалай болса солай күл­кі емес, керемет музыкалық күлкі жасады, нотамен күлді. Беке­жанның пышақ кессе қан шық­пайтын қанішер бейнесін ай­қындай түсті». Әу баста әртістің әуме­серлігіне баланған бұл тосын күлкі кейін өнер әлемінің үлкен жаңа­лығына айналды. «Правда» газеті­нен бастап жарыса жазған басылым­дар қазақтың Құрманбектей ұлы­ны­ның керемет күлкісіне бас иді. Оның актерлік тапқыр шешімі мәс­кеу­­ліктерді қатты риза еткен еді.

Айтулы сапарда Күләш та­ құр­меттен кенде қалмады. Қай­­­та­ланбас дауысы мен шебер орын­даушылық өнерінің арқа­сында Мәскеудің талғампаз тың­дар­мандарын қазақ өнеріне бас игізіп, мойындатты. Сол кездегі өкімет басшысы Йосиф Сталиннің Күләштің керемет даусына таңғалып: «Бұл қандай халық? Грузиндерден әншілік өнері асқан ха­лық бар екен ғой, ол – қазақ хал­қы!» деп тамсана таңдай қағатыны да дәл осы сәт болатын. Іле әншінің бұл қай­таланбас өнері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, небәрі 24 жа­сында кеңес одағы тари­­хын­­­­­да­ғы ең жас «Халық әртісі» атанды.

Күләш өнеріне тәнті болған жазушы Ғабит Мүсірепов: «Музы­калық мектептің есігін ашпаған, дауысы қырналмаған, сыланбаған әнші өзіміздің әндермен қатар, классикалық музыканы қалай оп-оңай меңгеріп кетті? Театр мекте­бін көрмеген, үлкен режиссураға кездеспеген адам бейне жасаудың ең нәзік жолдарын өз бетімен қалай тауып келетін еді? Маған мұның барлығының жауабы біреу-ақ сияқты сезіледі: соның барлығы Күләштің өзімен бірге туған, Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант. Қысқасы «Чудо!» деп таңдай қағыпты. Ал әнші талантына бас иген композитор Латиф Хамиди Күләш Байсейтоваға арнап әйгілі «Бұлбұл» әнін шығарды.

Иә, қазақтың маңдайына біткен бұл­бұл әнші Күләш Байсейітова шын­ мәнінде ән өнеріндегі құбылыс еді. Әйтсе де әнші үшін марапаттың ең үл­кені «Қазақтың бұлбұлы» атан­дыр­ған халқының зор ықыласы еді.­

Биыл қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібектің» сахна көргеніне тура 90 жыл толады. 1934 жылдың 7 қарашасында театр өнеріне құ­былыс болып келген қос талант қазақ көрерменін ең алғаш ұлт­тық операның озық үлгісімен қауыштырды. Тамсана қол соққан тыңдарман қошеметінде есеп болмады. Саңлақтар салған сара жолмен содан бері де қазақ сахна­сына қилы-қилы «Қыз Жібек» шықты. Бірақ Күләш пен Құр­ман­бек тандемінің бәсі бәрібір биік. Күләштің сиқырлы үні, Құр­ман­бектің аңызға айналған керемет күлкісі – күні бүгінге дейін өнердің зор табысы саналады. Тек жалғыз ғана әттеген-ай – ұлттық өнерімізді ұшпаққа шығарып, Мәскеу төрінде мойындатқан сол бұлбұл Күләш есімінің әлі де өз елінде лайықты ұлықталмай келе жатқаны. Кезінде елорда төріндегі ұлттық опера және балет театрының төрінде жарқырап тұратын әнші ныспысы ұжым жаңа мекен – «Астана операға» қоныс аударғанда ескі жұртта қалып, соңынан театрға телінген бұл атау мүлде жойылып тынды. Ұлттық өнерді ұшпаққа шығарған ұлы әншінің атында бүгінде бірде-бір театрдың болмауы – өнердегі үлкен олқылық деп білеміз. Шерхан Мұртазаша айтсақ, бір кем дүниенің зоры осы болса керек.