Технология • 18 Сәуір, 2024

Күйзелістен құтқаратын пернетақта

34 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жұмыс өнімділігі қызметкерлердің көңіл күйіне байланысты екенін ешкім жоққа шығармайды. Дамыған мемлекеттер бұған баяғыда-ақ баса назар аударып, реттеу тәсілін тапқан. Біздің елде де бұл ақырындап оңалып келеді. Мысалы, отандастарымыз пернетақтаның көмегімен адамның моральды-психологиялық жағдайын білетін жүйе ойлап тапқан.

Күйзелістен құтқаратын пернетақта

«GoDays» – жасанды интеллектіге негізделген, жұмыстағы күйзелісті анықтайтын және оның алдын алатын құрал. Ол адамның компьютердегі реакциясының өзгеруін бақылап, жанама әрекеттерді талдайды. Бұл тапсыр­ма­лардың жүктемесі мен күрделілігін өзгертуге, қызметкердің ерекше қабілетін табуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. «GoDays» алты ай ішінде «Toyota JP», «Shell US», «Nike US & Spotify» ком­па­нияларымен, сондай-ақ Еуропа, Шығыс Азия және АҚШ-тағы 30-дан аса кәсіпорынмен жұмыс істеді. Тіпті «My Ventures» венчурлық қорынан 3 000 000 доллар инвестиция тартты.

Шетелдің алып компаниялары мен қорларынан қаншама млрд ақша тартқан бұл жүйенің қандай ерекшелігі бар? Ойланып қарасақ, әр адамның түрлі жағдайда қозғалыс тұрақтылығы бар. Жағ­дайға байланысты пернені басу тәсілі өзгереді. Отандастарымыз жасаған жүйе­ден адам туралы көп ақпарат аласыз. Мәсе­лен, бүгін ұйқысы қанды ма, түскі үзілісте әріптестерінің бірімен ұрысып қал­мады ма, күннің қай бөлігінде өзін жақсы сезінеді және т.б.

Осының бәрін білгенде «Бұл идея қайдан келді екен?» деген ойға шомасың. Ел таңғалған ерекше жобаның өмірге келуі де – өзгеше. Естігенде, көңіліміз түсіп, жүрегіміз ауырды.

«Toyota» компаниясында жұмыс істегенімде, досым екеуміз алаяқтардың жолын кестік, олар көлік шамдарын ұрлап, соның кесірінен Ресейде автокөлік жинау құны 20 пайызға көтерілген еді. Содан кейін қызметімізде өстік. Алайда көп ұзамай досым өз-өзіне қол салды… Сараптама оның кәсіби тұрғыдан шаршағанын көрсетті. Жүктелген жұмыс пен қысымды көтере алмаған. Ол 3 ай бойы дұрыс тамақ ішпеді, ұйықтамады. Қайғылы оқиға орын алғанда, мейлінше көп адамды осы жағдайдан аман алып қалуға қолымнан келгеннің бәрін істеймін деп өзіме уәде бердім», деп ақтарылды «GoDays» стартапының негізін қалаған директоры Елнұр Қай.

Ол досының басынан өткен жағдайдан кейін жұмыстағы күйзеліс туралы зерт­теуді қолға алды. Алдымен тақырыпқа қатысты 55 ғылыми жұмысты оқыды. Оған осы ізденіс үстінде Берклидегі (АҚШ) Калифорния университетінің психология профессоры Кристина Маслахтың теория­сы ерекше ұнаған. Ол пернетақтадағы пернені басу сипатының өзгеруінен адамның моральды-психологиялық жағдайын бағалауға болады деген бол­жам жасаған. Сосын стартаптың техни­ка­лық директоры Димаш Айтқали про­фес­сордың теориясын кодта қалай жүзеге асы­руға болатынын зерттей бастаған. Содан плагинді белгілі бір кезеңдегі пер­нелерді басудағы өзгерістерді бақы­лай­тын пернетақтамен біріктіру керек деген шешімге келген. Пернетақтаны неғұрлым ұзақ басса, соғұрлым жақсы, көп ақпарат жи­науға болады. Кейін оны жасанды интел­лект өңдеп, нәтижесін көрсетеді. Осы­ның бәрін зерделеп алғаннан кейін, аме­ри­калық профессордан ғылыми еңбе­гін қолдану үшін рұқсат сұраған. Ол кісі келісім берген соң, барлығын реттеп, сынақтан өткізуді бастаған. Солай бәрі рет-ретімен жүзеге асып, адамзатқа ауадай қажет жоба қызметіне кірісіп кеткен. Тіпті Қазақстаннан бөлек, гипотезаны Португалияда да тексерген. Бұл туралы «GoDays» операциялық директоры Динара Өскенбаева: «Мінез-құлық ерекшеліктері ұлтқа байланысты емес екенін түсіндік. «GoDays» Қазақстанда да, Португалияда да жақсы нәтиже көрсетті. Қызметкерлеріміз арасында өнімді сынағанда, бір жігіттің үш айдан бұрынғы эмоционалды күйзелісін болжай алдық. Табысты кейстерден соң, бәрін цифрландыра бастадық. Командасында күйзеліске жақын қызметкер бар деген ақпаратпен бірге, басшы «GoDays»-тен оның жағдайын жақсарту жөнінде кеңес алады. Мысалы, қызметкердің жұмысын азайту немесе жұмыс күрделілігін төмендету, кейде тіпті адамды қысқамерзімді демалысқа жіберу сияқты кеңестер. Сөйте тұра басшы қандай жағдай болсын күйзеліс күдігі туралы қызметкердің бетіне тура айтпауға тиіс. Мұны көбі әлсіздік ретінде қабылдайды. Әдептілік бұл жерде – сәттілік кілті», деді.

Расында, күйзелісті көбі әлсіздік деп ойлайды. Дегенмен күйзеліспен күресу – қазіргі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Әсіресе жұмыстағы күйзеліс адамның діңкесін құртып, тіпті экономикаға да әсер етеді. ДДСҰ мен әлеуметтанушылар, психологтер «Күйзеліс – ХХІ ғасырдың ең қорқынышты эпидемиясы», деп баға берген. Ғалам геосаяси және экономикалық дағдарысқа ұшырап, «COVID-19» әсерінен енді қалпына келгенде, әлемге жаңа дерт білдірмей дендеп енді.

– «GoDays» идеясымен португалдық онлайн-акселераторға түстік. Ол жақта жергілікті университеттер мен елдегі ірі байланыс операторы «MEO» компаниясына кіруге мүмкіндік алдық. Өніміміз – MacOS, Linux және Windows жүйелеріне орнатуға болатын техникалық плагинді сынақтан өткіздік. Айтпақшы, біз API интерфейсін 100 пайыз ықтималдықпен алу үшін үйлесімділікті ұзақ уақыт тексердік. Күн сайын бас тартатындар болды. Тек миллион итерация мен 9 ай жұмыстан кейін ғана бәрі ойдағыдай болды. Бастысы, пернетақтадағы пернені басу арқылы адам жанын бақылау теориясы қызмет ететінін дәлелдей алдық. Қызық кейс болды. IT-компаниялардың бірінде сынақ жүзінде 16.00-ден 00.00-ге дейінгі жұмыс уақытын енгіздік. Осы өзгерістің арқа­сында қызметкерлердің жұмыс өнім­ділігі 20 пайызға артты, себебі IT-маман­дар­ға кешке жұмыс істеген оңай, – деді Елнұр мәселеге шешім ұсынып.

Эмоционалды шиеленіс депрес­сия­ мен басқа аурулардың пайда болу қау­пін арттырады, өнімділікті тө­мен­детеді. Стэнфорд зерттеушілері жұмыс күй­зе­лі­сінің АҚШ-тағы өлім мен ден­сау­лық сақ­тау шығындарына қалай әсер етет­інін тал­даған. Жыл сайын осыған бай­ланысты эко­номика шамамен 190 миллиард доллар жоғалтады екен (бұл ұлттық денсаулық сақтау шығындарының шамамен 8 па­йызы). Ең қорқыныштысы, жұмыстағы күйзеліс жылына шамамен 120 мың өлімге әкеледі.

Міне, осы ақпараттарды көргенде, отандастарымыз жасаған жүйенің маңызын ұға түсеміз. Олар тек күйзелістен құтқарып қана қоймай, тиімділікті арттыру үшін де көп зерттеу жүргізген. Бәріміз білетін «Trello-мен» бірігу мақсатында келісімшарт жасаған. Бұл қызметкер қандай жүктемені көтере алатынын түсінуге мүмкіндік береді. Жүйе басшыға тапсырмаларды дұрыс бөлуге көмектеседі: кімге жылдам істелетін жұмысты орындату керек, ал кімге үлкен жобаларды тапсыруға болатынын көрсетеді. Сөйтіп, шамадан тыс жүктемені болдырмауға болады. Бұған қоса «GoDays» ұжымы жасырын көшбасшыларды анықтай алатын тағы бір өнім әзірлеп жатыр. Еуропалық банктен алған жақсы үлгіні қолданбақ. Оны Елнұр «Мысалы, бір банкте әйел қызметкер жұмыстың көп бөлігін бір өзі жауып отырған. Алайда оның орнына бұнын бәрін бірге істедік деген басқа адам қызметте жоғарылаған. Қыз бала тағы бір жарым жыл істеп, күйзеліске түсіп, жұмыстан шығып кеткен. Есесіне «Microsoft» компаниясына жақсы қызметке орналасты, ал банк білікті маманын жоғалтты», деп түсіндірді. Яғни пернетақта арқылы көшбасшыны анықтайтын жүйені іске қосса, жұмыстағы әділетсіздікпен де күресуге болады.

– Қазақстан туралы айтсақ, жақсы қызметкерді жоғалтып алмауға көмек­тесеміз. Турасын айтқанда, біздің нарықта ақпа­раттық технологиялар саласының жоғары білікті мамандары көп емес. Олар үшін күрес жүріп жатыр.Түрлі жергілікті ком­панияда аудит жүргізіп, кадр тұрақ­тамайтынын аңғардық. Неге бұлай болатынын ешкім талдамайды. Кеткен кісі кетті. Дегенмен бұл айтарлықтай экономикалық шығын. Жұмыс беруші бейімделуіне байланысты алғашқы 3 айда толық күшінде жұмыс істей алмайтын жаңа қызметкерді оқы­туға ақша жұмсауы керек. Одан да қыз­мет­керге жұмыстан кетпейтіндей жағдай жасаған оңай әрі тиімді, – деді Динара.

Жасампаз әрі жанашыр ұжыммен әзірге тек отандық компаниялар жұмыс істеп жүр: IT, банктер, консалтинг. Басым бөлігі – халықаралық корпорациялардың бөлімшелері немесе жұмыс барысында батыстық көзқарас пен тәсілдерін қолданатын біздің жергілікті ұйымдар. Яғни тек қана В2В. Қазір елімізде қызметкерге деген қатынас жақсы жағына өзгеріп жатыр. Себебі көп компания «well-being», яғни адамдардың әл-ауқатына мән беретін бөлімдер ашқан. Басында «GoDays» ұжымы «Toyota», «Shell», «Nike», «Spotify»-да жұмыс істеген. Кеңесшілер арқылы байланысқа шыққан. Бұл тура­лы «Олармен тегін жұмыс істедік десем болады. Олардың сенімін ақтап, өз құндылығымызды дәлелдеу біз үшін маңызды болды. Қолымыздан келді де. Осы брендтердің кейбірімен келісім шарт жасасуға дайындалып жатырмыз. Мысалы, қазір Қазақстанда, Кипрде және АҚШ-та кеңселері бар бір IT-компанияны қосып жатырмыз. Әуелі осы жақта жұмыс істейміз деп келістік, оларға ұнаса, басқа елдерді қосамыз», деді Елнұр.

Отандастарымыз Оңтүстік Корея мен Жапонияда таралуды жоспарлап отыр. Ондағы халықаралық корпорациялар артық жұмыс істеу мәселесін шешкісі келеді. Осы екі мемлекет – эмоционалды күй­зеліс мәселесі ушыққан және оны шешуге сұранысы бар елдер. Оңтүстік Кореяда отандық жобаға қы­зы­­ғу­­­шылық бар. Бірақ ұзаққа шабу үшін, асық­пайық деп шешкен. Алдымен амери­калық компания ретінде есептелу үшін Делавэрде тіркелуді жоспарлап отыр. Жалпы, болашақта ақпарат жинау­дың екі нұсқасын қарастырған. Біріншісі, қызметкер аптасына 1-2 рет пси­холог құрған арнайы сауалнаманы толтырады. Онда эмоционалды күйзе­лісті анықтайтын 20 сұрақ бар. Бұған қоса пернетақтада 1-2 сөйлем жазу керек. Бұдан кейін жасанды интеллект бар­лық ақпаратты өңдеп, адамның хал-жағ­дайын 94,5 пайызға дейінгі дәлдікпен анық­тап береді. Екіншісі – тұрақты түрде перне­т­ақ­та­д­ағы ақпаратты оқып тұру. Бұл – тиім­ді­рек нұсқа. Пернетақтаны неғұрлым көп бас­са, қызметкердің портреті мен оның жағ­дайын түсіну соғұрлым дәлірек болады.

Отандастарымыз қаржыны ай сайынғы жа­зы­лымнан тауып отыр. Компания бір қыз­меткер үшін 4,49 доллар төлейді. «Алайда әзірге табысқа шыққан жоқпыз, опе­ра­­циялық минустамыз. Бұл жақсы да шығар. Егер ақшаның соңынан қуа бас­та­сақ, өнімді дамытуға жеткілікті уақыт бөле алмаймыз. Негізінде кез келген нәрсені са­ту­ға болады. Тезірек ақшаны алып, тарап ке­туге де болады. Бірақ біздің мақсатымыз – көп адамға көмегі тиетін дүние жасап шы­ғару. Осы жолмен келе жатырмыз», дей­ді ізгі стартапшылар. Сөзі мен ісі сәй­кес­кен «GoDays» ұжымына сүйсініп қаласың.