Аймақтар • 18 Сәуір, 2024

Өңірлерге 48 «Starlink» жіберілді

26 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі бірқатар өңір су тасқынының зардабын тартып отыр. Бұл табиғи апат Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарындағы ұялы байланыс операторлар желісінің жұмысына да әсер етті. Қазір 12 елді мекенде базалық стансалар тасымалданатын генератормен жұмыс істейді. Барлық облыста мобильді операторлардың резервінде 300-ден аса генератор бар, оған 234 инженер жұмылдырылды. Төтенше жағдай жарияланған аймақтарда ұялы байланыс операторлары қызу жұмыс үстінде.

Өңірлерге 48 «Starlink» жіберілді

Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэро­­ғарыш өнеркәсібі ми­нис­тр­­лігі облыстық әкімдіктердің сұра­нысына сай тасқын су басқан өңірлерге 48 «Starlink» терминалын жіберді. Дәлірек айтқанда, Қостанай облысына – 30, Ақтөбе облысына – 3, Батыс Қазақстан облысына – 3, Ұлытау облысына –1, Атырау облысына – 6, Шығыс Қазақстан облысына –2, Солтүстік Қазақстан облысына – 3 терминал берілді. Бұл алдымен үздіксіз оқу үдерісін қамтамасыз ету үшін сол өңірдегі мектептерге жет­кізіледі. Сонымен қатар осы апта­да республика көлемінде бір уақытта қосылуға қосымша терминал кешенін жіберу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда 447 ауыл мек­тебі «Starlink» технологиясын қолда­нып, ғаламтормен қамтылды. Тер­миналды орнатқаннан кейін мек­теп­тердегі интернеттің орташа жыл­дамдығы 200 Мбит/с жете­ді. Бұдан басқа ұялы байланыс операторлары тасқын шайған ай­мақтағы абоненттердің тарифтік жоспарына қосымша ресурс­тар (40-50 мин, 40-50 СМС және 7 күнге 8-10 Гб) қосты. Министрлік жедел, үздіксіз байланысты ұйымдастыру үшін Ақтөбе облысының әкімдігіне «Thuraya» (2 дана) спутниктік телефонын пайдалануға берді.

Ал «Astana Hub» су тасқынын басқару бойынша 30-дан аса инно­вациялық шешімді жинап, оларды қарау үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырды.

Америкалық стартап «ARC Drones» негізін қалаған Әлібек Елтай мен Әсел Тұрсын еліміздегі су тас­қынына қарсы көмек көрсетуге авто­номды дрондарын ұсынды. Технопаркпен серіктестік аясында 3 ұшқышсыз ұшатын аппараттар медициналық, гуманитарлық және басқа да қажетті заттарды шалғай өңірлерге жеткізеді.