Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Air Astana су басқан аймақтарға 75 тонна гуманитарлық жүк тасымалдаған

72 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде су тасқыны басталғалы бері Air Astana мен FlyArystan зілзала аймағына 75 тонна гуманитарлық жүкті тегін тасымалдады. Мұндай салмақты тасымалдау құны 34 миллион теңгеге пара-пар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Air Astana су басқан аймақтарға 75 тонна гуманитарлық жүк тасымалдаған

фото: Air Astana баспасөз қызметі

Жүк ішіне азық-түлік, киім, гигиеналық құралдар, тұрмыстық тауарлар, моторлы қайықтар және басқа да қажетті заттар кіреді. Жіберушілер арасында қайырымдылық қорлары мен қауымдастықтар, сондай-ақ коммерциялық ұйымдар бар. Гуманитарлық көмек Air Astana және FlyArystan ұшағымен Алматы мен Астанадан Атырау, Ақтау және Оралға жеткізілді.

«Авиабилеттерге сұраныстың ұлғаюына жауап ретінде Air Astana және FlyArystan бірлесіп 8 сәуір мен 21 сәуір аралығында Атыраудан 41 қосымша рейс ашты. Тұрақты рейстермен бірге осы кезеңдегі рейстер саны 30%-ға артып, шамамен 23 мың отандасымызға Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкентке кешеуілдемей ұшуға мүмкіндік берді.  

Бұл ретте Air Astana және FlyArystan тікелей рейстерінің тарифтері көтерілмей ғана қоймай, 13 сәуір мен 24 сәуір аралығында Атыраудан эконом-класс билеттерінің құны бір жаққа 40 мың теңгеге дейін төмендетілді. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін екі әуекомпания да жолаушыларға 30 сәуірге дейінгі рейстерге айыппұлсыз билеттерді қайтаруға немесе 21 мамырға дейінгі баламалы рейстерге қайта брондауға рұқсат етті», делінген компания хабарламасында.

Бұған дейін Air Astana тобы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Samruk Kazyna Trust қорына 1 миллиард теңге аударған еді. Одан бөлек әуекомпаниялардың қызметкерлері қаражат пен ең қажетті заттарды жинап, су басқан аймақтардағы мұқтаж жандарға тарату үшін Qamqor Charity қоғамдық қорына тапсырды. Сонымен қатар Air Astana еріктілері Атырау мен Ақтауда апаттық-құтқару жұмыстарына атсалысып жатыр.