Тұлға • 23 Сәуір, 2024

Адалдықты ту еткен азамат

37 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өмір бізді қай қиырға, қай қиынға салса да, адамгершілік жолынан аттамай, Құдай берген қабілет-қарымымен ортасына, ел-жұртына, ең бастысы, кәсібіне адал да абыройлы жандар арамызда аз емес. Көзге көрінуді емес, көңілден шығуды ойлайтын, еңбегімен елге сыйлы сондай азаматтың бірі – сот жүйесінің білгірі, заң саласының кәсіби маманы Сәкен Абдолла. Бүгінде әділеттік пен әділет жолындағы азамат туралы айту мен жазу көкейкесті болса, аталған ұғымға сыятын тұлға ретінде де осы кісіні таңдар едік.

Адалдықты ту еткен азамат

Қайсымыз да ауылымызды сағынамыз. Ата-әжелеріміз – бір өңірде туып, бір-бірімен сый­ласып өткен жандар. Сәкен Жүсіпахметұлының атасы Әшім ақсақал «Фрунзе» ұжымшарының төрағасы ретінде, ал ата-әжем қа­наттас ұжымшарда күн-түн демей тер төгіпті. Еңбек адамы қай кез­де де қадірленді. Жұрт Әшім ата­мыздың шаруашылық басқару тәсілін аңыз етіп айтатын.

Сәкең екеуміз біріміз қалада, екіншіміз ауылда өссек те, ел тәр­биесі мен дәстүрін айрықша сезінуші едік. Студенттік шақтың ізденісі, талабы, бірлігі бәрімізді шыңдай түсті. Кейін өмірдің қуанышы мен қайғысын қатар өткеріп, қызметтің де бел-белесін абыроймен меңгеріп, ата-баба аруағына, аманатына кір келтірмеуге тырыстық.

Әдетте, жас әріптестерге Сә­кен Жүсіпахметұлының өмірлік ұстанымы мен қызмет мектебін үлгі етуді дұрыс санаймын. Себебі халқымызда «Қарағайға қарап тал өсер» деген нақыл бар. Сәкен Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде оқып жүргенде-ақ алғырлығымен қатарының алды болды. Факультет ғылыми тәжірибелік кеңесінің мүшесі, қоғамдық жұмыстардың белсен­дісі, студенттік спорт жарыста­рының жеңімпазы, т.б. айтулы жетістіктері аз емес еді. Бұл тал­пынысы нәтиже беріп, универ­ситеттің 350-ге жуық түлегінің ішінен үш бітірушінің бірі болып прокуратура органына жолдама алды. 1986 жылы Сәкен Арыс қаласы прокурорының көмекшісі қызметіне тағайындалды. Оқуды бітіре сала жауапты қызметті сеніп тапсыру оның алғырлығы мен айрықша жауапкершілігін айғақтаса керек.

Мен бұл кезде Ақтөбе қаласы­ның прокуратурасында тер­геушілік қызметімді бастаған едім. Бірде Шымкенттен Ақ­тө­бе­ге кетіп бара жатып Сәкеңмен жолығып, қызметі мен отбасындағы жай-күймен таныстым. Сонда байқағаным: әріптесім отбасына да, жұмысына да аса жауапкершілікпен қарап, бәрін тап-тұйнақтай үйлестіре біледі екен. Бұл – қай сала үшін де маңызды қасиет.

1989 жылы Оңтүстік Қазақ­стан облыстық прокуратурасының жалпы қадағалау бөлімінің прокуроры қызметіне жоғарылап, Ақтөбеде өткен КСРО Бас про­куратурасының көшпелі жиналысына жас та болса өз облысы атынан қатысқаны есімде. Сонда Сәкеннің жанашырлығы ғой, Ақтөбедегі менің жағдайым­ды да ескеріп, туған өңіріме ауыс­тырудың қамын ойластырыпты. Сол жолы облыс проку­­роры В.Шведюкке мен туралы мінездеме білдіріп, Ақтө­бе облысының прокуроры А.Хе­гайдың жібермеймін дегеніне қарамастан оңтүстікке ауысуыма барын салды. Қысқасы, көп ұзамай Шымкентке оралып, Сәкең екеуміз бір кабинетте отыратын болдық. Бұл жерде сол жылдардың бір ерекшелігін де айтқым келеді: біздің замандас­тар өзін бала жастан оқытып-тоқытқан, өсіріп-тәрбиелеген жерге еңбек сіңіруді парыз санай­тын. Осы бағытта да Сәкен Жүсіп­ахметұлы бізге өнеге болды.

Оңтүстіктегі қызмет жылда­рымызда Сәкеңнің тікелей ықпа­лымен өмірімізде айтулы кәсі­би, адами бел-белестер өтті. Ата-аналарымыз да, әріптес-заман­дастарымыз да бұл сыйластыққа қуанып, тілеулестік білдірді. Осы жерде айта кететін бір мәсе­ле – Сәкеңнің жұмыстан тыс уа­қыттағы еңбекқорлығы. Ол – Ақсу елді мекенінен жұрт қатарлы жер телімін алып, өз қолымен баспа­на тұрғызып, мал ұстап, отба­сының жағдайын маңдай терімен жақсартқан адам. Мұны көріп, әріптес жас та, жасамыс та Сәкен Жүсіпахметұлына бой түзейтін.

Сәкен Абдолланың кәсіп пен еңбекке деген адалдығын ес­кер­ген сала басшылығы оны об­лыстық Әділет департаменті бас­­шы­сының орынбасары қыз­ме­ті­не тағайындады. Осында біраз уа­қыт қызмет атқарған соң, тағы да жауапкершілігі мен баста­­машыл­дығы еленіп, Оңтүс­тік Қа­зақстан облыстық соттың судья­сы лауазымына сайланды. Сол кезде өзінің орнына мені лайықты деп, мекеме басшысына ұсыныс жасағаны маған зор әсер етті.

Сәкен Жүсіпахметұлы облыс­тық соттың судьясы қызме­тін атқарған кезінде екі адам­ға қа­тысты айыптау үкімін шы­ғарып, ату жазасын тағайында­ға­ны және ол заңды күшіне еніп, орын­далғанға дейін үлкен жауап­кер­шілікті сезініп, қатты қобал­жығаны жадымызда. Мұндай кезде заңгер азаматта әділдік пен жауапкершілік, батылдық пен та­бандылық болу қажеттігін Сәкеңе қарап түсіндік. 1996 жылы ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды. Оның бойындағы қара қылды қақ жаратын әділдік қасиет одан сайын жарқырай көрінді. Сала және облыс басшылығы, өңір халқы оның бойынан жас болса да тегеурінді кәсіби біліктілікті байқады. Сә­кең­нің жетекшілігімен ұжымы­мыз мемлекет жүкте­ген бар­лық дең­гейіндегі көрсеткіш­тен алдыңғы қатарға шығып, бәріміздің абыройымызды асырды. Мұны айтасыз, кеңсенің алдындағы ескі ағаштарды отап, орнына шырша егіп абаттандырғанда, қала халқы «заңгерлер табиғатқа да әділетті қарап жүр» деп қуанды. Сәкеңнің бастамасымен егілген сол көшет­тер бүгінде шаһар көркіне көрік қосып, басқа бас­қар­маларға да үлгі болғаны рас.

Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды, Сәкен Абдолла 1999-2002 жылдары Алматы қала­сы Әділет басқармасының басшы­сы, 2002-2003 жылдары Әді­лет министрлігі Сот сараптама ор­талығының директоры, 2003-2004 жылдары Жоғарғы сот ап­паратының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Сәкеннің ұйымдастыруымен Жоғарғы сот­тың аппараты өз алдына заңды тұлға мәртебесін алғанын да айта кеткен орынды. Бұдан бөлек ол елорданың көрікті ғимарат­тары­ның бірі – Жоғарғы сот үйін салуға басшылық жасап, уақыты­мен талапқа сай бітуіне дейін үйлестіргені – маңызды еңбек деп білеміз. Бұған кезінде еліміздің жоғары басшылығы да ризашылығын білдірді.

2004-2007 жылдары Сәкен Жүсіпахметұлы Жоғарғы сот судьясы қызметін атқарды. Ал 2007-2011 жылдары Маңғыстау облыстық сотына, 2011-2013 жылдары Астана қалалық сотына, 2013-2018 жылдар аралығында Әскери сотқа, 2018-2020 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық сотына төрағалық етті. Ал 2020 жылдан бастап Жоғарғы соттың судьясы болды. Бүгінде республика Судьялар одағының төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Әріптесіміз қай салада, қай қызметте жұмыс істесе де артынан тек жақсы сөз естідік. Біз мұны әрқашан мақтанышпен айтып жүреміз.

Бір ғана мысал айтайын. Астана қаласы сотының төрағасы қызметін атқарғанда мен сол мекеменің аппарат басшысының орынбасары қызметіне тағайын­далдым. Сонда Сәкен өзіне тән ұйым­дастырушылық қабілеті­­мен қысқа уақытта елорда сотының жұ­мысын талапқа сай ретке келті­ріп, астаналық талғамды жұрт­шылықтың сеніміне ие болды, әрі судьялар мен мемле­кеттік қызметкерлердің жауап­кершілігін арттырды. Әдеттегідей Астана қалалық сотының жаңа ғимаратын салуға басшылық жасады. Оның бойындағы айрықша қасиет – жұмысты ауыр, қиын деп талғап жатпайды. Шешімін күткен түйін халықтың мүддесі үшін қажет шаруа болса білек сыбана кірісіп кетеді. Қым-қуыт, қарбалас жұмыстың арасында да үнемі ізденіс үстінде жү­ретіні – барша әріптеске үлгі болатын қасиет. Әсіресе кітап­құмарлығы, ғылымға деген ықы­ласы – жастарға өнеге. Сәкен Жүсіпахметұлы әділет сала­сындағы тәжірибесі мен ғылымды ұштастырып, заң ғылым­дарының кандидаты ғылы­ми дәрежесін алған. Қазір уақыт тауып, ТМД деңгейіндегі заңгер ғалымдармен әріптестік байланыс орнатып, докторлық диссертация жазып жүргенінен де хабардармыз.

Жұртшылықты толғанды­ратын бір сәтті де айта кетейік: Сәкең қызметті қолдан келіп тұр­ғанда қоныштан басып қала­тындардың қатарынан емес. Ол өзіне жүктелген қызметті ама­нат, жауапкершілік деп ұғып, ел-жұртқа қалтқысыз ең­бек ету­дің, көпшілікке пайдасын ти­­­гізу­дің жолы деп біледі. Сә­кен Жүсіпахметұлының адал қа­сиеті, адалдық ұстанымы осында. Осының арқасында ол үнемі ал­ғыс арқалап жүреді. Әлі есімде, Сә­кең Оңтүстік Қазақстан облы­сы Әділет басқармасының басшысы қызметінен Алматы қаласы әділет басқармасына ауысарда, әділдігін, турашылдығын көрген, бағалаған бір топ ақсақал, зейнеткер шығарып салуға келіп, жылы сөз айтып, ақ батасын берді. Кәсіпке адалдықтың жемісі осында болса керек.

Ал Астана қалалық сотының төрағасы қызметінде жүргенде әлдебір ісінің қиюы келіспеген қария кісі табандап тұрып, тіпті көзіне жас алып «Осы ісімді бір шешсе, Сәкен балам шешеді. Алматыдан атына қанықпын» деп қабылдауына жазылғанын көріп, қайран қалғанбыз. Мұның бар­лығы, әрине, халықтың Сә­кеңе басшы ретінде сенім білдір­гені, адалдығын, іскерлігін мойын­дағаны еді. Кейде өмірдің аума­лы-төкпелі сәттерінде сабыр сақтап, ұстамды мінез таныту көп адамның қолынан келе бермейді. Бірақ Сәкеңнің орнықты мінезі, ұстамды қалпы талайды сабасына түсіргенін көзіміз көрді. Болмашыға күйіп-піскенін, әлдекімге дауыс көтергенін байқамаппыз. Ол – нағыз заң саласының білгірі, тәртіптің адамы. «Әрбір құжат, іс қағаздары орнында тұруы қажет, бұл сала­да бейқамдық, атүстілік болмау­ға тиіс» дейтіні де өнеге деп түсінеміз. Бұл – ата-ана, өмірдегі ұстаз тәлім-тәрбиесі. Алаштың аймаңдай қаламгері Жүсіпбек Аймауытұлы: «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай, ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай істі бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызмет­кер табылуы қиын» деген екен. Осы сөзді болашақта тура Сә­кен Жүсіпахметұлындай азамат­тардың туатынын армандап айтқандай. Сәкен Абдолла еңбегі мемлекет тарапынан бағаланды, әлі де бағалана береді деп сенеміз. Ел дамуы мен заң саласының өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Туған өңіріне сіңірген еңбегі ескеріліп, «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Елдің елдігі, ұлттың бірегейлігі сын тезіне түскен күрделі заманда Сәкеңнің отбасылық өнегесін де айта кеткен орынды. Адал зайы­бы Аягөз ханыммен бірге бес пер­зентті ұлттың озық дәстүріне сай тәрбиелеп өсіріп, талапты немере сүйіп отырған жайы бар. Өмірінің мерейлі белесіне шыққан Сәкен Жүсіпахметұлының елін, кәсібін сүйген жүрегі, адалдықты қағидат еткен қадір-қасиеті өзін де, шәкірттерін де, әріптестерін де әлі талай асқаралы биікке шығарады деп сенеміз.

 

Бақытжан ЕСЕНОВ,

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы