Жәдігер • 24 Сәуір, 2024

Алыптар галереясы

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ескі ғасыр дидарын естеліктен ғана танитын біздің буынға фото-жәдігерлер – таптырмас олжа. Әсіресе әдебиет алыптарының кескін-келбеті – шығармасынан ғана шырамытатын оқырман қауымға құнды қазына. Сол қазынаның бір парасын қоғам белсендісі Ғабиден Жәкей үлестірді. Жеке парақшасына жариялаған бір топ қаламгердің суреті желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Айтуынша, фото-рәсім Ғабит Мүсіреповтің 75 жылдық мерейтойында түсірілген.

Алыптар галереясы

Қаламгерлер шо­ғы­ры­нан Бауыр­жан Мо­мышұлы, Са­пар­­ғали Бегалин, Қалижан Бекхожин, Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тә­жібаев, Әбу Сәр­­сен­­баев, Сыр­бай Мәуленов, Сағи Жиен­­баев­, Әнуар Әлім­жа­нов­, Шерхан Мұр­­­таза және басқа жақсы-жай­­саңдардың бейнесін тануға бо­лады. Жа­зушылар одағының фойе­сінде иін тіресіп тұрған жа­зушылар сәулетті сарайдың сал­тана­тын одан сайын арттырып тұр­ғандай. Сонымен қатар ко­ри­фейлердің алдында малдас құ­рып отырған жап-жас Ди­дахмет Әшімханұлының да отыр­ғанын байқаймыз. Атаулы күн­нің ай­шықты оқи­ғасы тілші күн­­делігінен шет қалмаған екен.

«Жазушылар одағында өт­кен Ғ.Мүсіреповтің 75 жыл­ды­ғына қатыстық. Кешке Ғ.Мұс­­тафин басшылық етті. М.Қа­ратаев баяндама жасады.

Кеш соңында Ғабиттің өзі сөйледі. Ғабаң сөзінен жадымда қалғаны да, жаныма жаққаны да мынау болды:

«Мен кейбір жас жазушы­ларға ренжимін. Шығар­ма­ла­рын оқып отырғанда ши­кі­ліктері білініп тұрады. Сол сәтте мен «Әттең осы дүниесін жа­зып болғаннан кейін жарты не бір жылдан соң қайта бір жазып шықса ғой, бұдан мүлде басқа, тәуірірек дүние болар ма еді», деп ойлаймын.

Тамаша айтылған сөз. Әт­тең, соған әркімнің шыдамы жете бер­мейді-ау. Ғабаңның сөзі тегін емес. Қа­зақ «сөзіне қарап өзін таны» дей­ді емес пе? Үлкен суреткер жетпіс беске келгенше белгілі-бел­гілі бес-алты-ақ шығарма бе­руі  үл­кен сыр­баз­дық­тың белгісі ғой. Сыр­баз емей немене, егер сол шы­­ғар­­мала­рының бі­­реуің ар­қауы бос болмаса. Ға­баң – сон­дығы­мен Ға­баң. Ға­баң – сонды­ғымен Д.Сне­гин айтқандай, ұлы жазушы.

Сағи Жиенбаевтың арнау өлеңі тамаша шықты. Ақын Ғабаңа: «Кісілігіміз сіз­дей болсын. Киімді сіздей киіп, темекіні де сіздей сұлу тартсақ», деді-ау. Ар­тықтығы жоқ. Чеховтың: «Адам киген киі­мімен де, мінезімен де, тұл­ғасымен де сұлу болу керек», де­геніне саяды. Үйренуге болатын нәрсе. Тіпті қажет те», деп жазба қал­дырыпты Д.Әшімхан 1982 жыл­дың 31 наурызында.

Ал Дидахмет досының қасына қазіргі белгілі жазушы Әлібек Асқаров жайғасқан. Ол кісіден де сурет туралы есте­лік сұрадық. «Мен ол кезде су­ретшілер учи­лищесінде дип­ломдық жұ­мысымды қор­ғап жатқан кезім. Әдебиет әле­мінің табалдырығын әлі атта­маған едім. Тек Дидахмет Әшім­ханов, Мереке Құлкенов, Бо­лат Қа­нат­баев, Ұлықбек Ес­дәулетов сияқ­ты достарымның қол­қа­сымен Зейнолла Қаб­до­ловтай академиктердің әде­­би секциясына баратынмын. Мына сурет те сол жылдардың мұғдарында түсірілген. Бұл менің жазушылар ортасында түскен тұңғыш су­ретім екен», дейді жазушы.

Иә, қазір бұл қаламгер­лер­дің жартысынан көбі арамызда жоқ. Ал сол кездегі боз­­жейде жас жазушылар бұл күнде үл­кен руханият ұстын­дарына ай­налып отыр.