Хоккей • 25 Сәуір, 2024

Әлемдік додаға дайындық

16 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде шайбалы хоккейден Қазақстанның ұлт­тық құрамасы Аста­надағы «Барыс Аренада» бас қосып, осы керемет мұз айдынында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Команданың бас бапкері Ғалым Мәмбетәлиев атал­­ған жиынға еліміздің бар­лық мықты ойыншыларын шақыртты.

Әлемдік додаға дайындық

Ерлер арасындағы дү­ниежүзілік дода 10-24 мамыр аралығында Чехияда өтеді. Жерлестеріміз В тобына түсті. Қарсыластарымыз – АҚШ (2 дүркін Олимпиада чемпионы, 8 дүркін күміс және 1 дүркін қола жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы, 4 дүркін күміс және 9 дүркін қола жүлдегері), Швеция (2 дүркін Олимпиада чемпионы, 3 дүркін күміс және 4 дүркін қола жүлдегері, 11 дүр­кін әлем чемпионы, 17 дүр­кін күміс және 16 дүркін қола жүлдегері), Словакия (әлем чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері), Латвия (әлем чемпионатының қола жүлдегері), Германия (Олимпиаданың 3 және әлемнің 5 дүркін чемпио­ны), Франция (Еуропа чем­пионы) және Польша (Еу­ро­па чемпионатының күміс жүл­дегері) құрамалары.

Өздеріңіз байқағандай, қарсы­ластардың барлығы да азулы. Қазақстанның хоккей­шілерінде ондай атақтың бірі де жоқ. Десек те көптен қалмай, қалың топтың арасында жүрген жайымыз бар. Соған да шүкір дейміз. Осы спорт түрін серік еткен жерлестеріміз Олимпия ойындарына екі рет қатысты. 1998 жылы Наганодада сегізінші орын алсақ, 2006 жылы Туринде тоғызыншы сатыға табан тіредік. Әлем чемпионаттарында 11 мәрте бой көрсеттік. Ең үздік көр­сеткішке 2021 жылы қол жет­кіздік. Балтық жағалауында өткен сол жарыста плей-оффқа жол­дама алуға шақ қалып, 10-орын­ды қанағат тұттық. Бұ­ған қоса Азия ойындарында – 4 алтын (1996, 1999, 2011, 2017 жылдары) мен 2 қола (2003, 2007), Дүниежүзілік Универсиадада – 1 алтын (1995), 4 күміс (1993, 2013, 2015, 2017) және 2 қоланы (2007, 2023) еншіледік.

Чехияда жалауы желбірейтін жарыста А тобында Канада, Финляндия, Швейцария, Чехия, Дания, Норвегия, Аустрия және Ұлыбритания құрамалары өнер көрсетеді. Олар Прагада күш сынасса, В тобындағылар Остравада ойнайды.

Соңғы әлем чемпионаты былтыр Финляндия мен Лат­вияда өткен еді. Бұл жарыстың бас жүлдесі Канада құрамасына бұйырды. Үйеңкі жапырақтар елінің өкілдері финалда Гер­манияны 5:2 есебімен ұтты. Осы­лайша, канадалықтар өз тарихында 28 мәрте төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. АҚШ пен Латвия арасындағы қола медаль үшін тартыс овертаймға дейін ұласып, нәтижесінде 4:3 есебімен Балтық жағалауының өрендері жеңісті тойлады. Бұл – латвиялықтардың дүниежүзілік додадағы алғашқы жүлдесі. Ал Қа­зақстанның хоккейшілері атал­ған жарыста Норвегия (4:3, буллит), Словакия (4:3, бул­лит) және Словенияға (4:3) сан соқтырғанымен, Чехия (1:5), Швейцария (0:5), Канада (1:5) және Латвияға (0:7) есе жіберді. Нәтижесінде, 11-орынға тұрақтадық.