Ерлер арасындағы дүниежүзілік дода 10-24 мамыр аралығында Чехияда өтеді. Жерлестеріміз В тобына түсті. Қарсыластарымыз – АҚШ (2 дүркін Олимпиада чемпионы, 8 дүркін күміс және 1 дүркін қола жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы, 4 дүркін күміс және 9 дүркін қола жүлдегері), Швеция (2 дүркін Олимпиада чемпионы, 3 дүркін күміс және 4 дүркін қола жүлдегері, 11 дүркін әлем чемпионы, 17 дүркін күміс және 16 дүркін қола жүлдегері), Словакия (әлем чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері), Латвия (әлем чемпионатының қола жүлдегері), Германия (Олимпиаданың 3 және әлемнің 5 дүркін чемпионы), Франция (Еуропа чемпионы) және Польша (Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері) құрамалары.
Өздеріңіз байқағандай, қарсыластардың барлығы да азулы. Қазақстанның хоккейшілерінде ондай атақтың бірі де жоқ. Десек те көптен қалмай, қалың топтың арасында жүрген жайымыз бар. Соған да шүкір дейміз. Осы спорт түрін серік еткен жерлестеріміз Олимпия ойындарына екі рет қатысты. 1998 жылы Наганодада сегізінші орын алсақ, 2006 жылы Туринде тоғызыншы сатыға табан тіредік. Әлем чемпионаттарында 11 мәрте бой көрсеттік. Ең үздік көрсеткішке 2021 жылы қол жеткіздік. Балтық жағалауында өткен сол жарыста плей-оффқа жолдама алуға шақ қалып, 10-орынды қанағат тұттық. Бұған қоса Азия ойындарында – 4 алтын (1996, 1999, 2011, 2017 жылдары) мен 2 қола (2003, 2007), Дүниежүзілік Универсиадада – 1 алтын (1995), 4 күміс (1993, 2013, 2015, 2017) және 2 қоланы (2007, 2023) еншіледік.
Чехияда жалауы желбірейтін жарыста А тобында Канада, Финляндия, Швейцария, Чехия, Дания, Норвегия, Аустрия және Ұлыбритания құрамалары өнер көрсетеді. Олар Прагада күш сынасса, В тобындағылар Остравада ойнайды.
Соңғы әлем чемпионаты былтыр Финляндия мен Латвияда өткен еді. Бұл жарыстың бас жүлдесі Канада құрамасына бұйырды. Үйеңкі жапырақтар елінің өкілдері финалда Германияны 5:2 есебімен ұтты. Осылайша, канадалықтар өз тарихында 28 мәрте төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. АҚШ пен Латвия арасындағы қола медаль үшін тартыс овертаймға дейін ұласып, нәтижесінде 4:3 есебімен Балтық жағалауының өрендері жеңісті тойлады. Бұл – латвиялықтардың дүниежүзілік додадағы алғашқы жүлдесі. Ал Қазақстанның хоккейшілері аталған жарыста Норвегия (4:3, буллит), Словакия (4:3, буллит) және Словенияға (4:3) сан соқтырғанымен, Чехия (1:5), Швейцария (0:5), Канада (1:5) және Латвияға (0:7) есе жіберді. Нәтижесінде, 11-орынға тұрақтадық.