Әлем • 25 Сәуір, 2024

Қырғызстанның Ош облысында сел жүріп жатыр

34 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанның бірнеше аймағында сел жүріп жатыр. Ош облысында төтенше жағдай жарияланып, 100-ге жуық үйді су басты.

Қырғызстанның Ош облысында сел жүріп жатыр

Фото: astanatv.kz

Қырғызстанның Кабар агенттігі синоптик­тердің болжамына сүйеніп, Талас, Ош, Жалал-Абад, Баткен, Нарын облыстарының басым бөлі­гінде, Шу, Ыстықкөл облыстарының кей жер­лерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, таулы аймақтарда қар жауады деп хабарлайды. Тау бөк­те­рінде және жолдардың таулы бөліктерінде қар жауып, көктайғақ болады. Батыстан соғатын жел жылдамдығы 4–9 м/с жетеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі зардаптардың алдын алу үшін арықтар мен дренаждық арналарды тазалауға кеңес береді.

Ал Ош облысында төтенше жағдай режімі енгізілді. Облыстың елді мекендеріндегі селге бай­ланысты шұғыл шаралар қабылданды. Мыр­заке – Қара – Құлжа – Алайқуу тасжолының 41-ші шақы­рымында сел жүріп, бір адам қаза тапты. Лай ағыны бір отбасының төрт адамы келе жатқан көлікті басып қалды. Жергілікті тұрғындар екі әйел мен бір баланы аман алып қалды. Ер адамды сел алып кеткен. Құтқарушылар оның денесін тауып, туыстарына тапсырды.

Бауырлас елдегі ауыр жағдайға Қазақстан азаматтары алаңдаушылық танытып, әлеуметтік желілер ар­қылы амандық тілеп, ниет­тес екенін білдіріп жатыр.