Су тасқыны • 26 Сәуір, 2024

Су тасқынын ғылыми зерделеу қажет

55 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір еліміздің көп өңірін су басты. Осы бір қиын жағдайдан шығуға отандық ғалымдар қалай атсалысып жатыр? Кез келген табиғи апатты болжау да, оның алдын алу жолдарын зерттеу де – ғылыми мамандардың жұмысы, міндеті емес пе?

Су тасқынын ғылыми зерделеу қажет

Фото: freepik.com

Өткен аптада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облы­сына жұмыс сапарымен барып, төтенше жағдайлар жөніндегі облыс­тық жедел штабта жұмыс істеп жатқан өңір ғалымдарымен кездесті. Мұнда ғалымдар ағын жылдамдығының жиі­лі­гін көрсетіп, бөгеттерді нығайтуға арналған нүктелер мен олардың су ағы­сы­на, толқынына төтеп беру туралы есебімен таныстырды.

Жайық өзені көлемінің математи­ка­лық модельдеуіне аймақтағы жоғары оқу орындарының ғылыми күші жұ­мыл­дырылған. Олардың арасында тәжірибелі математик, физик, механик, гидрогеолог, геология инженері, эколог, химик, геодезист-инженер мамандар бар. Олар Атырауда су деңгейін күн сайын есептеп отыр.

Жедел штаб отырысында ғалым­дар­мен кездескен министр С.Нұрбек: «Ең алдымен қазіргі уақытта мол ағынның келу уақыты мен көлемін болжамды есептеуіміз қажет. Бұл мақсатта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау уни­вер­ситеті мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне Атырау облысының төтенше жағдайлар штабына тартылған ғалымдар санын көбейтуді, жедел есептеулер жүргізуге ғалымдарға қажетті жағдай жасауды тапсырамын. Осындай сын сағатта ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі», деді.

Осы отырыста министр С.Нұрбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде су саласы мамандарын даярлау мәселесін зерделеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жедел штабтың ғылыми сектор жұмысына еліміздегі білікті ғалымдарды шақыруды тапсырды. Сол тапсырма аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық зерттеу университеті, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік уни­вер­ситеті, Гидрогеология және геоэкология инс­титуты, География және су қауіпсіздігі институтының мамандары Атырауға келіп, жедел штабтағы ғалымдар қатарын толықтырды. Гидро­геология, геодезия және картография, гидротехника бо­йынша жетекші ғылыми қызметкерлер мен профессорлар қазіргі су тасқыны жағдайын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп жатыр.

Осы орайда Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабтың ғылыми секторы мүшелерінің су тас­қыны қаупі туралы пікірлерін ұсынып отырмыз.

 

Есенгелді АРЫСТАНАЛИЕВ,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты:

– Қазір елдегі күрделі жағдайға байланысты бәрі бір бағытта, шешімді табатын жолда күш біріктіріп отырмыз. Басшылыққа алатынымыз – сонау 1942 жылғы, 1954 жылғы, одан бері қарай 1997 жылғы және 2005 жылғы су мәселесіндегі оқиғалардың нәти­же­лері. Осы ақпараттарды бүгінгі таңда Атырау облысы мен Атырау қаласындағы су мәселелерін шешуде пайдаланудамыз. Бұл ақпараттарға сүйенсек, қазір атқарылып жатқан жұмыс қаламызды су тасқынынан сақтап қалуға ықпал ете алады. Десек те қосымша жұмыстың атқарылуын, соның ішінде жүйелі есептеулердің жүргізуді, соған байланысты шешімдер қабылдауды жеделдету керек. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы су ресурсының мүмкіндігін, халыққа пайдалану жағдайындағы тиімділігін есептеуіміз қажет. Әлеу­мет­тік-экологиялық, кері әсерлерін қарастырғанымыз жөн. Сонымен қатар жалпы жасалатын кешенді мониторинг, барлық елдегі болып жатқан жағдайлардың біздің өңірлерге, елімізге әсерін зерттеген абзал.

 

Қасиет ҚАРАТАЕВА,
университет профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

– Біз, Атырау мұнай және газ уни­вер­ситетінің ғалымдары басқа да зерттеушілермен, мамандармен бірігіп су тасқынынан Атырау қаласын құтқару бойынша әртүрлі есептеулер жүргізіп, жобаларымызды ұсынамыз. Жобаларымызда қажетті, түрлі есептеу­лерге керекті мәліметтерді алуға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Атырау қаласын су тасқынынан сақтап қалуға үлкен күш жұмылдырылып, бірлесе жұмыс атқарылуда.

 

Серік БОРАНОВ,
тәуелсіз сарапшы, эколог:

– Штабта ғылыми топ құрамы жасақталған. Жайық өзені алабының жағдайын зертеу бойынша қажетті жабдықтар қамтамасыз етілген. Бүкіл елімізден келген ғылыми топ жасалған жағдайдың көмегімен су тасқыны қаупін, оны болдырмау жолдарын зерделеп жатыр.