Фото: freepik.com
Өткен аптада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабта жұмыс істеп жатқан өңір ғалымдарымен кездесті. Мұнда ғалымдар ағын жылдамдығының жиілігін көрсетіп, бөгеттерді нығайтуға арналған нүктелер мен олардың су ағысына, толқынына төтеп беру туралы есебімен таныстырды.
Жайық өзені көлемінің математикалық модельдеуіне аймақтағы жоғары оқу орындарының ғылыми күші жұмылдырылған. Олардың арасында тәжірибелі математик, физик, механик, гидрогеолог, геология инженері, эколог, химик, геодезист-инженер мамандар бар. Олар Атырауда су деңгейін күн сайын есептеп отыр.
Жедел штаб отырысында ғалымдармен кездескен министр С.Нұрбек: «Ең алдымен қазіргі уақытта мол ағынның келу уақыты мен көлемін болжамды есептеуіміз қажет. Бұл мақсатта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне Атырау облысының төтенше жағдайлар штабына тартылған ғалымдар санын көбейтуді, жедел есептеулер жүргізуге ғалымдарға қажетті жағдай жасауды тапсырамын. Осындай сын сағатта ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі», деді.
Осы отырыста министр С.Нұрбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде су саласы мамандарын даярлау мәселесін зерделеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жедел штабтың ғылыми сектор жұмысына еліміздегі білікті ғалымдарды шақыруды тапсырды. Сол тапсырма аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Гидрогеология және геоэкология институты, География және су қауіпсіздігі институтының мамандары Атырауға келіп, жедел штабтағы ғалымдар қатарын толықтырды. Гидрогеология, геодезия және картография, гидротехника бойынша жетекші ғылыми қызметкерлер мен профессорлар қазіргі су тасқыны жағдайын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп жатыр.
Осы орайда Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабтың ғылыми секторы мүшелерінің су тасқыны қаупі туралы пікірлерін ұсынып отырмыз.
Есенгелді АРЫСТАНАЛИЕВ,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты:
– Қазір елдегі күрделі жағдайға байланысты бәрі бір бағытта, шешімді табатын жолда күш біріктіріп отырмыз. Басшылыққа алатынымыз – сонау 1942 жылғы, 1954 жылғы, одан бері қарай 1997 жылғы және 2005 жылғы су мәселесіндегі оқиғалардың нәтижелері. Осы ақпараттарды бүгінгі таңда Атырау облысы мен Атырау қаласындағы су мәселелерін шешуде пайдаланудамыз. Бұл ақпараттарға сүйенсек, қазір атқарылып жатқан жұмыс қаламызды су тасқынынан сақтап қалуға ықпал ете алады. Десек те қосымша жұмыстың атқарылуын, соның ішінде жүйелі есептеулердің жүргізуді, соған байланысты шешімдер қабылдауды жеделдету керек. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы су ресурсының мүмкіндігін, халыққа пайдалану жағдайындағы тиімділігін есептеуіміз қажет. Әлеуметтік-экологиялық, кері әсерлерін қарастырғанымыз жөн. Сонымен қатар жалпы жасалатын кешенді мониторинг, барлық елдегі болып жатқан жағдайлардың біздің өңірлерге, елімізге әсерін зерттеген абзал.
Қасиет ҚАРАТАЕВА,
университет профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты:
– Біз, Атырау мұнай және газ университетінің ғалымдары басқа да зерттеушілермен, мамандармен бірігіп су тасқынынан Атырау қаласын құтқару бойынша әртүрлі есептеулер жүргізіп, жобаларымызды ұсынамыз. Жобаларымызда қажетті, түрлі есептеулерге керекті мәліметтерді алуға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Атырау қаласын су тасқынынан сақтап қалуға үлкен күш жұмылдырылып, бірлесе жұмыс атқарылуда.
Серік БОРАНОВ,
тәуелсіз сарапшы, эколог:
– Штабта ғылыми топ құрамы жасақталған. Жайық өзені алабының жағдайын зертеу бойынша қажетті жабдықтар қамтамасыз етілген. Бүкіл елімізден келген ғылыми топ жасалған жағдайдың көмегімен су тасқыны қаупін, оны болдырмау жолдарын зерделеп жатыр.