Тұлға • 17 Мамыр, 2024

Ұстаз ұстанымы немесе біз білетін Қожакеев

433 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Cен немене, тас дәуірде тұрасың ба әлі?». Иә, сол жолы ащы мысқыл араластыра айтқан бір ауыз сөзіңізбен біздің ауыл ғана емес, өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын дәл бағаладыңыз. Бір ғана сөйлеммен. Тәуелсіздіктің алғашқы жеті жылындағы ауылдың жағдайын. Сол кезде сіздің риясыз күлкіңізге қосылғанбыз. Артынша астарын аңғарып, аздап қысылдық. Кейіннен сіздің сөз тапқыштық қасиетіңізге тағы да тәнті болғанбыз. Ащы әжуа, уытты күлкі, өткір сықақпен өріліп, шыбынның ызылы естілетіндей ұйыған тыныштықта өтетін лекцияңыз да еске түскен.

Ұстаз ұстанымы немесе біз білетін Қожакеев

Астарлы да шынайы сыны­ңыз­ды ұлағатты ұстаз, ғұлама ға­лым, зерделі зерттеуші, көше­лі көсемсөзші, қабыр­ға­лы қаламгер, сұңғыла сыншы, сатира сардары Темірбек Қожакеевтің шәкірті – жас тілшіге берген сабағы ретінде де қабылдадық. Ауылға барған сайын сол сөзіңіз есіме түсіп, жымиып қоямын, бойды қоңыр сағыныш тербейді. Иә, қоңыр күз еді. Сол жылдың жазында сіздің «қызыл диплом иегерісің, ҚазГУ-де қалып жұмыс істесең қайтеді?» деген ұсынысыңызбен келіспей, ауылға қайттым. Күзде ауылға іздеп келгеніңізде төбем көкке екі елі жетпей мәз болдым. «Ғылыми диссертацияға байланысты шешімімді түсіністікпен қабылдап, таңдауыма ренжімегендіктен іздеп келді ғой» деп сапарыңыздың себебін де өзімше жорығам. Ол кезде аудандық «Төле би туы» газетінде тілші едім. Қазіргідей жаппай ұялы телефон жоқ. Бір мекеменің басшысынан сұхбат алып отырғанымда газетте бірге істейтін әріп­тесім, досым, бүгінде танымал журналист Шадияр Молдабек хабарласты. Әлгі басшының жұмыс телефонына қоңырау шалып. «Сені жұмыста ұстазың Темірбек Қожакеев күтіп отыр, тез кел» деді. Сенбедім. «Қалжыңдамашы» деп телефон тұтқасын тез қоя салдым. Қайтадан қоңырау шалып, маған «шы­нымен айтам, Қожакеев сені іздеп келді» дейді. Филология ғылымдарының док­торы, профессор Қожакеев қайда, ғалым болудан бас тартқан Ғалымжан қайда. Қалжыңдамауын, жұмысқа кедергі келтірмеуін айтып тұтқаны қой­дым. Үшінші рет қоңырау шалды. Бұл жолы дауысында өктемдік бар. Сонда барып сенер-сенбесімді білмей, жұмысқа қарай құстай ұштым. Редакцияға алақұйын болып жетсем расымен де аты аңызға айналған Темкең, Қожакеевтің өзі отыр. «Әй, Елшібаев, сен үлкен адам болып қалыпсың ғой, үш қайтара айтпаса шақырғанға кел­мейтін», дедіңіз қуақылана қарап. Ренжіп емес, жүзіңіз жайдары, көңі­ліңіз көтеріңкі. Құшағыңызға алып, арқамнан қағып қойдыңыз. Содан аз-кем қауқылдасқаннан кейін Қасқасудағы біздің қарашаңыраққа қарай жолға шықтық. Ауылға барар жол ойдым-ойдым, әбден тозған. Көшені жағалай жат­қан ірілі-ұсақты қойтастарды, жөндеу көрмеген, шұрқ тесілген жолдарды көріп қайран қалдыңыз. «Елшібаев, сен немене, тас дәуірде тұрасың ба әлі?» деп күлдіңіз. Риясыз күлкіңізге қосылдық. Кейін жол жөндейтін жағдайымыз болмай жатқанына кінәлі адамдай қызардық. Тасы көп таулы ауданның шұрқ тесілген жолы туралы сын мақала жазу керектігін ойға түйгенбіз. Ұстаздың жалғыз ауыз астарлы да ащы мысқылынан соң.

Сол жолы шәкіртіңізге ой салдыңыз, ал қарапайымдылығыңыз бен қалжың­қойқылығыңызға, кісілігіңіз бен кіші­лігіңізге қасқасулықтар тәнті болды. Қасыңызда ұлыңыз Мадет пен сүйікті немереңіз Мирас бар. Сіздің үйге қонаққа келгеніңізді ауылдастарға, ағайын-туысқа сүйіншілеп шақырдық, түн ортасынан ауғанша олармен емін-еркін әңгіме құрдыңыз. Әсіресе әке-шешемнің қуанышында шек жоқ. Ұлын аңыз адам іздеп келсе, қай ата-ана қуанбас. Барын дастарқанға қойып, қонақтардың көңілін табуға қалбалақтап кіріскен. Талабы қатаң, тәртібі қатал, тәлімі терең, болаттай берік сіздің тағы бір қырыңызды аңғардым сол кеште. Қасқасулықтарға қарапайым да сыйласқанға – баладай екеніңізді білдірдіңіз. Ертеңіне таң атысымен «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы, досыңыз Жұмамұрат Тұяқбаевтың 60 жасына арналған іс-шараларға қатысу үшін облыс орталығына қарай жолға шықтыңыздар. Шымкентте өткен сол мерейтойлық іс-шараларға атақты Қожакеев арнайы келіп қатысқаны туралы сол күні кешкі жаңалықтарда жер­гілікті телеарналар, ертеңіне газеттер жарыса ақпарат таратып жатты. Ақпарат құрал­дарынан жаңалыққа қаныққан қас­қасулық ауылдастарым «кіммен кездесіп, қандай адаммен дастарқандас болғандарын» сол кезде барып ұғына түскен сияқты. Мен болсам «Қожакеев Қасқасуға арнайы мені іздеп келді» деп өзімше мәзбін.

Темірбек Қожакеевтің ұстаздық шеберлігі жөніндегі ақпарат пен атақ-даңқы Алматыдан алыстағы ауылға өзінен бұрын жеткен-ді. Ол туралы мен ең алғаш 10-сыныпта оқып жүргенде естідім. «Жазуға ебің бар, журналист мамандығын таңдағаның дұрыс. Алматыға журфакқа тапсыр. Атақты Қожакеевтей ұстаздың қолына түссең не бар, не жоқ болып шығасың», – деп қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін сүйікті ұстазым Бибайша Бейсетаеваның осылай дегені есімде. Солай болды да. Сіздің қолыңызға түстік. Қаталдығыңыз жөнінде оқуға түскен сәтте естідік. Әрбірінің өзіндік ерекшелігі мол лекцияларыңыз да есте. Аудиторияда нұрланған жүзіңіз, оттай жанған жанарыңыз, былайғы дүниені ұмытқан қалпыңыз адамның дарынына, еңбегіне қанат беретін ұлы күш – шабыттың пырағына мінгеніңізді аңғартатын. Ең алғашқы сабақта журнал арқылы қатысып отырған студенттерді түгендеудің өзінен аудиторияның атмосферасы өзгеріп, әзіл кешіне келгендей әдемі күй кештік.

– Шойқараева дегенге шойындай қара қыз ба десем, атың Жайнагүлдей жайнап тұрсың ғой тегі, – деп бір күлдіріп қойдыңыз. Шәкірттеріңізді.

– Ұлдар аз, қыздар көп екенсіңдер. Қыздар, сендер журфакқа түсерде ойлан­дыңдар ма? – дедіңіз. Қыздарға қарап. – Ертең журналист болып жұмыс істе­генде екі-үш күнге, тіпті апталап жиі-жиі іссапарға шығасыңдар. Сонда үйдегі балаларың бұтын былғағанда байларың жуа ма, тамақты да солар пісіре ме?..

– Әй, Сүлейменова іссапардан қайтып келе жатып түн ортасында айдаладағы жолда кенеттен көлік бұзылып жүргізуші екеуің ғана қалып қойсаңдар қайтесің?..

 Ұстаздың қыздарға қарата айтқан сөздері күлкіге кенелдірген-ді. Сөйтсек, күлдіре отырып, бірдеңені біліп айтқан екенсіз. Біздің курс­тағы отыз шақ­ты қыздан бүгінде ақпарат саласында қыз­мет атқарып жүр­гендерді сана­саң он саусағың түгел бүгілмейді. «Журфактан гөрі дұрысы азанда сабақ беруге барып түс ауа үйіңе оралып, бала-шағаң мен күйеуіңе күтім жасауға қолайлы мұғалімдік ма­ман­дыққа осы бастан ауысып алғандарың дұрыс», деген Қожакеевтің кеңесін сол кезде курстас қыздардың азы ғана ескеріп, үстіңгі үшінші қабаттағы филфакқа ауы­сып кетті де, көбі журналистиканы бітіргендерімен қайтадан мұғалімдік мамандықты таңдады. Журналистиканың ыстығына күйіп, суығына тоңып бертін келе түсіндік қой, қыз тағдырына асқан жауапкершілікпен қарап, жақсы маман атанудан бұрын отбасының жылуы мен берекесін кіргізетін жақсы адам болуын жоғары қойған екенсіз, Темке! Қатаң талапшылдығыңыздың астарында шәкіртінің білімді де, мамандықты жақсы игерген азамат болса деген ізгі тілек барын аудиторияда сезінсек, отбасында үлгілі әке екеніңізге шаңырағыңызда бірнеше рет болғанымызда көз жеткіз­генбіз. Біздің ауылға ұлыңыз Мадет пен немереңіз Мирасты ерте келуіңіздің өзінде де жер көріп, ел таныту арқылы тәрбиелеудің бір үлгісі жатқан еді. Жуырда сол күндерді еске алып, ұлыңыз Мадетке хабарласқанбыз. «Әкеміз үй ішінде дауыс көтеріп немесе жағымсыз қылық көрсеткен емес. Ат жалын тартып мінгелі ол кісінің қасында жүрдім. Қорғаушы-күзетшісіндей болып, көңіл-күйін тамыршыдай тап басып танитын едім. Әкем де менімен інісіндей ақылдасып, сыр бөлісетін. Ақыл-кеңесін үнемі айтып, жазатайым нәрселерді ескертіп отыратын. Үш қарындасыма деген әкелік мейірімі, тіпті ерекше еді. Ешқайсымызға ұрсып, ұрмай-ақ өзін пір тұтқыза білді. Үйде қас-қабақ арқылы тәрбие жүргізді. Атаның емес, адамның ұлы болуға үндеді. Отбасының ырысы – ынтымақта, берекесі бірлікте екенін үйретті. Сондықтан да біз үнемі оның ақыл-кеңесіне жүгінетінбіз», деді сіз туралы сағына да ақтарыла сыр айтқан ұлыңыз Мадет. Сіздің отбасындағы орныңыз, әкелік тәрбиеңіз зорлық-зомбылық жиі айтылып жүрген бүгінгі қоғамда өте қажет те үлгі етерлік дүние. Атасымен бірге Қасқасу ауылына келген кішкентай немереңіз Мираспен 2015 жылы туған жеріңіз Жамбыл облысы Меркі ауданында Темірбек Қожакеев атындағы орта мектептің ашылуында жолықтық. Көрсең көз сүйсінетін жігіт болып өсіпті. Сол жолы сатираның сардары атанған филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің ескерткіші қойылып, мектеп ішінен мұражайы ашылды. Есіміңізді есте қал­дыруға аянбай тер төгіп, еңбегіңізді бағалай білетін осындай ұрпақтарыңыз бар сіз ұлағатты ұстаз ғана емес, бірінші кезекте өнегелі отбасы иесі бола білдіңіз. Қазақстан және Орта Азиядағы алғашқы гемодиализ ерітінділерін өндіретін фар­мацевтикалық компанияның бас директоры Мирастың әкесі Мадет аға­мыз­дың бағыт-бағдар беруімен ата­сының аруағы бір аунап түсетін, бас­тысы ел ерекше риза болатын толағай тірлікті тындырғанына сүйсіндік. Сізге деген сый-құрметпен Шәмші Пәттеев, Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан сынды жан-жақтан жиналған танымал журналистер, шәкірттеріңіз алқалы жиын­да бас қосып, арқа-жарқа күй кештік. Ескерткішіңіз алдында таласа-тармаса суретке түсіп, бүгінде жедел ақпарат тарату көзі саналатын әлеуметтік желіде Қожакеевтің атын өшірмейтін, абырой-беделін асқақтататын жақсы жаңалық жа­йында әлеуметтен сүйінші сұраған жазба жарияладық.

Сіз менің бойымдағы жылт еткен көмескі ұшқынды аңғарып, лаулай түсуіне себепші де болдыңыз. Ұқыптыны ұнатып, зеректіге мейірлене қарайтын ұстаздық пейіліңізді сезіп, әр сабаққа жауапкершілікпен қарадым. Менің Алматыдағы ҚазГУ-дің журфагіне оқуға түскенім ауылдағы талайды таң­ғалдырған болатын. Ал жоғарғы оқу орнын үздік аяқтап, қызыл диплом алып шыққаным сол жауапкершіліктің, ұстаздың сенімінен шығу мақсатындағы еңбектің нәтижесі еді. Қызыл дипломға талпынуыма Темірбек Қожакеевтің жазған еңбегімді жоғары бағалауы да ықпал етті. Біреулер сынақтан сүрініп жылап жатса, енді біреулер Қожакеевтен үштік баға, бірен-сараны төрт алғанына малақайларын аспанға атып қуанатын. Талантты шәкіртті аялай білетін ұстаз­дың бағаға әділдігі туралы студенттер ара­сында небір аңыз-әңгімелерді де есті­генбіз. «Қожакеевтің сабағынан өтсең журфакты бітірдім дей бер» деген сөз де көп жайтты аңғартады. Бағаға әділ екеніне көз жеткізгендердің бірі – мен. «Ә, Қожакеевтен бестік баға алған сен бе едің?». Басқа пәндерден сынақ тапсырғанда оқытушылардың көпшілігі осы сұрақты маған көлденең тарта оты­рып, баға қойғанда да көтермелеп жіберетін сияқты көрінді. Қожакеевтің сабағынан «5» алу «елге мықтылығын мойындатқан атақты журналист болуым керек» деген арманның алауын тұтатып, мұқалмас жігер сыйлады, өмірлік мақса­тымның өлшемін айқындап берді. Ең бас­тысы ұстаз бен шәкірттің өзара шынайы қарым-қатынасы біртіндеп сыйластыққа ұласты. Бірде Алматының шетіндегі сая­жайы, енді бірде қазіргі Достық көшесі бойында тұрған Жамбыл ескерткішінің артындағы тұрғын үйдегі пәтері – мен жиі баратын қонақжай шаңырақ еді. Құдай қосқан қосағының қалауын қас-қабағынан аңғаратын Азат апамның қо­лынан талай дәм татып, аналық ме­йі­­рімін сезіндім. Осы бақ-береке да­ры­ған шаңыраққа менің әке-шешем – Қамытбек пен Күлпаршынды ауылымыздан Алматыға арнайы шақыртып құдаңыздай құрақ ұшып күттіңіз. Осы бір ізгі ниеттен туындаған әрекетіңізден де ел қаһарлы дейтін Қожакеевтің ма­ған, шәкіртіне деген мейірімі мен махаб­баты алабөтен екенін сезініп, сағына еске алғанда жүрегім тебіреніп, жанарыма жас тұнатыны бар. Анама қамзол, әкеме шапан жауып, сағат сыйлаған сый-құрметті айтсаңызшы! Қарапайымдылығыңызға тәнті болып, білімділігіңізді үлгі етіп, әкем марқұм пәни дүниедегі талқаны таусылғанша, Қожакеев сыйға берген сағатты шешпей кәдесіне жаратты.

«Темкең саған басқалардан бөлекше қарап ерекше ықыласы ауды, үмітін ақтамай өкпелетіп алып жүрме». Жоға­ры оқу орнын бітірерде Қожакеевтің жетекшілігімен «Жанам деген жүрекке от беремін» деген тақырыпта өз шығармашылығымды талдауға арналған дипломдық жұмысымды сәтті қорғап шыққаным үшін мақтау, мадақтауға бөленгенде бір жанашыр азаматтың осындай кеңес бергені есімде. Алайда... Темке, мен сізді өкпелетіп алдым. «Ғылым кандидаты болуың керек, білімің де жетіле түседі» деген үмітіңізді ақтамадым. Қызу пікір­таласпен кан­ди­даттық дис­сер­тациямның тақы­рыбы бекітілгенмен, оны жазсам деген ойымнан айнып, қорғалмаған күйі аяқсыз қал­ды. Бәлкім, диссер­та­ция­лық кеңес жиынында ғылыми жетекшілікке байланыс­ты сауал туындағанда абдырап қалмай сізді таңдағанымда желкелеп жүріп жазғызып бітірер ме едіңіз кім білсін? Өкінемін әлі. Ғылым кандидаты болмай қалғаным үшін емес, Қожакеевтің жетекшілігімен ғылыми жұмыс жазу мүмкіндігін жіберіп алғаным үшін. Өкінгенмен өмір сағаты қайтадан кері айналмайтыны белгілі. Дегенмен журналистік жолда ұстазымның сенімін ақтадым деп ойлаймын, ол енді бөлек әңгіме. Ұстазымды ұлықтап, еңбегін жас ұрпаққа насихаттау бағытындағы игі істерге де мүмкіндігімше үлес қосып келемін. Соның бірін ғана айтып өтейін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін 1998 жылы бітірген түлектер 20 жыл өткен соң бас қостық. Алматыда. Алдымен қанатымызды қатайтып, томағамызды сыпырған білім ордасы – қара шаңырақ ҚазГУ-ге барып Темірбек Қожакеев атындағы аудиторияда студенттермен, ұстаздармен ашық-жарқын сырластық. Курстастар кездесуі дәл Қожакеев атындағы аудиторияда ұйымдастырылуы да кездейсоқтық емес еді. «Адамның да адамы бар азаматы бір бөлек, жылқының да жылқысы бар қазанаты бір бөлек» дейтін халық даналығына жүгінсек те, «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» деген әйгілі ертегіні еске түсірсек те, қалай десек те Қожакеевтің ҚазГУ-дің тарихында аты алтын әріппен жазылып, әсіресе журналистика факультеті мен шәкірттері, түлектері үшін алар орны, абырой-беделі, сый-құрметі мен болмыс-бітімінің жөні бөлек, жосығы ерек екені талас тудырмайды. Атақты академик Зейнолла Қабдолов үзеңгілес серігін Мықшегеге теңеген екен, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин қайталанбас Нартұлға санайды, кешегі шәкірті, бүгінгі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед Дарабоз декан дейді. Курстастар кездесу туралы кеңес құрғанымызда осы жағын да ойласа келе, қарашаңыраққа құралақан бармай шәкірттері-түлектер атынан Темірбек Қожакеев атындағы стипендия тағайындап, үздік үш студентке ұсынуды бірауыздан ұйғардық. Болашақта ақпарат айдынында желкен керуге белдерін бекем буған 1-курс студенттері Аружан Жаңабаева мен Нұртілеу Мәлікұлының, 3-курс студенті Ақдана Иманқұлованың қолына бір реттік стипендиямен бірге Қожакеев туралы шығарылған жинақты қоса ұстаттық. Олардың стипендия иегері атына лайық болуларын, артында өшпес ізі қалған дарабозды жан-жақты дәріптеп, насихаттап жүрулерін өтіндік, үлкен үміт арттық. Біздің курстың ғана емес, қазақ журналистикасының марқасқасы, мақтанышы болған Бейсен Құранбек Темірбек Қожакеевтің қатал талабының арқасында қалай сабаққа дайындалғанын, «қойған «3»-і «5»-ке татитынын» айтып, қызықты да тәрбиелік мәні терең сәттерді еске түсірді. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп босқа айтады дейсіз бе?

Иә, сіздің өнегелі өмір жолыңыз, «қолына қалам алған қазақ журна­лис­­терінің бәріне ұстаз» болған еңбек жо­лыңыз туралы қай орта, қандай ауди­­торияда болсын ұзағынан әңгімелеуге болады. Жалықтырмайды. Жарасады. Академик Зейнолла Қабдолов жазған «әдеттегі таптаурын жолмен түп-түзу келе жататын көптің бірі емес, көптен оқшаулау, өз беті өзінде, тек өз соқпағымен ғана жүретін біртоға, біртүрлі, бір қыңыр кісі» деген мінездеменің өзі түсінгенге талай жайтты аңғартады. Осындай «қиын» мінезіңізбен «қазақ жастарының қанын қыздырған Желтоқсан, жібімей жатқан қызыл езгінің тоңын бұздырған Желтоқсан» деп анықтама берген оқиғадан кейін жабылған жаланың жалғандығын дәлелдеп шықтыңыз. Сын сәтте арыңызды саудалауға бармадыңыз. «Тік тұрып өліп кеткенді дұрыс көрдім. Меніңше, кеудесін тасқа соғып, төсін тікенге тырнатып, адал еңбегімен игілікке жеткен адам өзін өзін сыйлайды, өз қадірін, өз құнын біледі... Қазір арымды саудаға салмағаным, арыма қарсы әрекетке бармағаным дұрыс болды деп білемін. Өмірде осылай ететін азаматтар көп. Мұндайларды қиын адамдар дейді. Олар – өзін өзі сыйлайтындар, терісті тезге салуға тырысатындар, шындық үшін күресетіндер. Шындық, әділдік ешкімнің монополиясы емес. Ол – жалпы елге ортақ нәрсе, керек нәрсе. Оның жолында қиын адамдар қатарында болудың ешбір азабы жоқ». Депсіз. Өз жазбаларыңыздың бірінде. Иә, сіздің кешегі қоғамның тамырын дөп басып айтқан сөздеріңіз бүгін де өзекті. Шындық, әділдік жалпы елге ортақ және керек нәрсе.

Айтпақшы, сіздің «тас дәуір» деген теңеуіңізге себеп болған ауылдағы жағдай бүгінде көп өзгерген. Ені жіңішке болса да асфальт төселіп, жол салынған. Табиғи газ, сапалы ауызсу, жалпы инфрақұрылыммен ауыл қамтылған. Әлеуметтік нысандар бой көтерген. Тек жол бойындағы өзен жағасында жел мен жаңбырдан мүжілген қойтастар жатыр қимылсыз, өткен-кеткенге ой тастап. Сізге де ой тастаған сол қойтастардан кешегі күннен бір белгі іздегендей боламын. Таудан құлай аққан өзенді жағалай, бастауына бет ала биіктеп бара жатқан бейнеңіз елестейді...

 

Түркістан облысы