Астарлы да шынайы сыныңызды ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, зерделі зерттеуші, көшелі көсемсөзші, қабырғалы қаламгер, сұңғыла сыншы, сатира сардары Темірбек Қожакеевтің шәкірті – жас тілшіге берген сабағы ретінде де қабылдадық. Ауылға барған сайын сол сөзіңіз есіме түсіп, жымиып қоямын, бойды қоңыр сағыныш тербейді. Иә, қоңыр күз еді. Сол жылдың жазында сіздің «қызыл диплом иегерісің, ҚазГУ-де қалып жұмыс істесең қайтеді?» деген ұсынысыңызбен келіспей, ауылға қайттым. Күзде ауылға іздеп келгеніңізде төбем көкке екі елі жетпей мәз болдым. «Ғылыми диссертацияға байланысты шешімімді түсіністікпен қабылдап, таңдауыма ренжімегендіктен іздеп келді ғой» деп сапарыңыздың себебін де өзімше жорығам. Ол кезде аудандық «Төле би туы» газетінде тілші едім. Қазіргідей жаппай ұялы телефон жоқ. Бір мекеменің басшысынан сұхбат алып отырғанымда газетте бірге істейтін әріптесім, досым, бүгінде танымал журналист Шадияр Молдабек хабарласты. Әлгі басшының жұмыс телефонына қоңырау шалып. «Сені жұмыста ұстазың Темірбек Қожакеев күтіп отыр, тез кел» деді. Сенбедім. «Қалжыңдамашы» деп телефон тұтқасын тез қоя салдым. Қайтадан қоңырау шалып, маған «шынымен айтам, Қожакеев сені іздеп келді» дейді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Қожакеев қайда, ғалым болудан бас тартқан Ғалымжан қайда. Қалжыңдамауын, жұмысқа кедергі келтірмеуін айтып тұтқаны қойдым. Үшінші рет қоңырау шалды. Бұл жолы дауысында өктемдік бар. Сонда барып сенер-сенбесімді білмей, жұмысқа қарай құстай ұштым. Редакцияға алақұйын болып жетсем расымен де аты аңызға айналған Темкең, Қожакеевтің өзі отыр. «Әй, Елшібаев, сен үлкен адам болып қалыпсың ғой, үш қайтара айтпаса шақырғанға келмейтін», дедіңіз қуақылана қарап. Ренжіп емес, жүзіңіз жайдары, көңіліңіз көтеріңкі. Құшағыңызға алып, арқамнан қағып қойдыңыз. Содан аз-кем қауқылдасқаннан кейін Қасқасудағы біздің қарашаңыраққа қарай жолға шықтық. Ауылға барар жол ойдым-ойдым, әбден тозған. Көшені жағалай жатқан ірілі-ұсақты қойтастарды, жөндеу көрмеген, шұрқ тесілген жолдарды көріп қайран қалдыңыз. «Елшібаев, сен немене, тас дәуірде тұрасың ба әлі?» деп күлдіңіз. Риясыз күлкіңізге қосылдық. Кейін жол жөндейтін жағдайымыз болмай жатқанына кінәлі адамдай қызардық. Тасы көп таулы ауданның шұрқ тесілген жолы туралы сын мақала жазу керектігін ойға түйгенбіз. Ұстаздың жалғыз ауыз астарлы да ащы мысқылынан соң.
Сол жолы шәкіртіңізге ой салдыңыз, ал қарапайымдылығыңыз бен қалжыңқойқылығыңызға, кісілігіңіз бен кішілігіңізге қасқасулықтар тәнті болды. Қасыңызда ұлыңыз Мадет пен сүйікті немереңіз Мирас бар. Сіздің үйге қонаққа келгеніңізді ауылдастарға, ағайын-туысқа сүйіншілеп шақырдық, түн ортасынан ауғанша олармен емін-еркін әңгіме құрдыңыз. Әсіресе әке-шешемнің қуанышында шек жоқ. Ұлын аңыз адам іздеп келсе, қай ата-ана қуанбас. Барын дастарқанға қойып, қонақтардың көңілін табуға қалбалақтап кіріскен. Талабы қатаң, тәртібі қатал, тәлімі терең, болаттай берік сіздің тағы бір қырыңызды аңғардым сол кеште. Қасқасулықтарға қарапайым да сыйласқанға – баладай екеніңізді білдірдіңіз. Ертеңіне таң атысымен «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы, досыңыз Жұмамұрат Тұяқбаевтың 60 жасына арналған іс-шараларға қатысу үшін облыс орталығына қарай жолға шықтыңыздар. Шымкентте өткен сол мерейтойлық іс-шараларға атақты Қожакеев арнайы келіп қатысқаны туралы сол күні кешкі жаңалықтарда жергілікті телеарналар, ертеңіне газеттер жарыса ақпарат таратып жатты. Ақпарат құралдарынан жаңалыққа қаныққан қасқасулық ауылдастарым «кіммен кездесіп, қандай адаммен дастарқандас болғандарын» сол кезде барып ұғына түскен сияқты. Мен болсам «Қожакеев Қасқасуға арнайы мені іздеп келді» деп өзімше мәзбін.
Темірбек Қожакеевтің ұстаздық шеберлігі жөніндегі ақпарат пен атақ-даңқы Алматыдан алыстағы ауылға өзінен бұрын жеткен-ді. Ол туралы мен ең алғаш 10-сыныпта оқып жүргенде естідім. «Жазуға ебің бар, журналист мамандығын таңдағаның дұрыс. Алматыға журфакқа тапсыр. Атақты Қожакеевтей ұстаздың қолына түссең не бар, не жоқ болып шығасың», – деп қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін сүйікті ұстазым Бибайша Бейсетаеваның осылай дегені есімде. Солай болды да. Сіздің қолыңызға түстік. Қаталдығыңыз жөнінде оқуға түскен сәтте естідік. Әрбірінің өзіндік ерекшелігі мол лекцияларыңыз да есте. Аудиторияда нұрланған жүзіңіз, оттай жанған жанарыңыз, былайғы дүниені ұмытқан қалпыңыз адамның дарынына, еңбегіне қанат беретін ұлы күш – шабыттың пырағына мінгеніңізді аңғартатын. Ең алғашқы сабақта журнал арқылы қатысып отырған студенттерді түгендеудің өзінен аудиторияның атмосферасы өзгеріп, әзіл кешіне келгендей әдемі күй кештік.
– Шойқараева дегенге шойындай қара қыз ба десем, атың Жайнагүлдей жайнап тұрсың ғой тегі, – деп бір күлдіріп қойдыңыз. Шәкірттеріңізді.
– Ұлдар аз, қыздар көп екенсіңдер. Қыздар, сендер журфакқа түсерде ойландыңдар ма? – дедіңіз. Қыздарға қарап. – Ертең журналист болып жұмыс істегенде екі-үш күнге, тіпті апталап жиі-жиі іссапарға шығасыңдар. Сонда үйдегі балаларың бұтын былғағанда байларың жуа ма, тамақты да солар пісіре ме?..
– Әй, Сүлейменова іссапардан қайтып келе жатып түн ортасында айдаладағы жолда кенеттен көлік бұзылып жүргізуші екеуің ғана қалып қойсаңдар қайтесің?..
Ұстаздың қыздарға қарата айтқан сөздері күлкіге кенелдірген-ді. Сөйтсек, күлдіре отырып, бірдеңені біліп айтқан екенсіз. Біздің курстағы отыз шақты қыздан бүгінде ақпарат саласында қызмет атқарып жүргендерді санасаң он саусағың түгел бүгілмейді. «Журфактан гөрі дұрысы азанда сабақ беруге барып түс ауа үйіңе оралып, бала-шағаң мен күйеуіңе күтім жасауға қолайлы мұғалімдік мамандыққа осы бастан ауысып алғандарың дұрыс», деген Қожакеевтің кеңесін сол кезде курстас қыздардың азы ғана ескеріп, үстіңгі үшінші қабаттағы филфакқа ауысып кетті де, көбі журналистиканы бітіргендерімен қайтадан мұғалімдік мамандықты таңдады. Журналистиканың ыстығына күйіп, суығына тоңып бертін келе түсіндік қой, қыз тағдырына асқан жауапкершілікпен қарап, жақсы маман атанудан бұрын отбасының жылуы мен берекесін кіргізетін жақсы адам болуын жоғары қойған екенсіз, Темке! Қатаң талапшылдығыңыздың астарында шәкіртінің білімді де, мамандықты жақсы игерген азамат болса деген ізгі тілек барын аудиторияда сезінсек, отбасында үлгілі әке екеніңізге шаңырағыңызда бірнеше рет болғанымызда көз жеткізгенбіз. Біздің ауылға ұлыңыз Мадет пен немереңіз Мирасты ерте келуіңіздің өзінде де жер көріп, ел таныту арқылы тәрбиелеудің бір үлгісі жатқан еді. Жуырда сол күндерді еске алып, ұлыңыз Мадетке хабарласқанбыз. «Әкеміз үй ішінде дауыс көтеріп немесе жағымсыз қылық көрсеткен емес. Ат жалын тартып мінгелі ол кісінің қасында жүрдім. Қорғаушы-күзетшісіндей болып, көңіл-күйін тамыршыдай тап басып танитын едім. Әкем де менімен інісіндей ақылдасып, сыр бөлісетін. Ақыл-кеңесін үнемі айтып, жазатайым нәрселерді ескертіп отыратын. Үш қарындасыма деген әкелік мейірімі, тіпті ерекше еді. Ешқайсымызға ұрсып, ұрмай-ақ өзін пір тұтқыза білді. Үйде қас-қабақ арқылы тәрбие жүргізді. Атаның емес, адамның ұлы болуға үндеді. Отбасының ырысы – ынтымақта, берекесі бірлікте екенін үйретті. Сондықтан да біз үнемі оның ақыл-кеңесіне жүгінетінбіз», деді сіз туралы сағына да ақтарыла сыр айтқан ұлыңыз Мадет. Сіздің отбасындағы орныңыз, әкелік тәрбиеңіз зорлық-зомбылық жиі айтылып жүрген бүгінгі қоғамда өте қажет те үлгі етерлік дүние. Атасымен бірге Қасқасу ауылына келген кішкентай немереңіз Мираспен 2015 жылы туған жеріңіз Жамбыл облысы Меркі ауданында Темірбек Қожакеев атындағы орта мектептің ашылуында жолықтық. Көрсең көз сүйсінетін жігіт болып өсіпті. Сол жолы сатираның сардары атанған филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің ескерткіші қойылып, мектеп ішінен мұражайы ашылды. Есіміңізді есте қалдыруға аянбай тер төгіп, еңбегіңізді бағалай білетін осындай ұрпақтарыңыз бар сіз ұлағатты ұстаз ғана емес, бірінші кезекте өнегелі отбасы иесі бола білдіңіз. Қазақстан және Орта Азиядағы алғашқы гемодиализ ерітінділерін өндіретін фармацевтикалық компанияның бас директоры Мирастың әкесі Мадет ағамыздың бағыт-бағдар беруімен атасының аруағы бір аунап түсетін, бастысы ел ерекше риза болатын толағай тірлікті тындырғанына сүйсіндік. Сізге деген сый-құрметпен Шәмші Пәттеев, Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан сынды жан-жақтан жиналған танымал журналистер, шәкірттеріңіз алқалы жиында бас қосып, арқа-жарқа күй кештік. Ескерткішіңіз алдында таласа-тармаса суретке түсіп, бүгінде жедел ақпарат тарату көзі саналатын әлеуметтік желіде Қожакеевтің атын өшірмейтін, абырой-беделін асқақтататын жақсы жаңалық жайында әлеуметтен сүйінші сұраған жазба жарияладық.
Сіз менің бойымдағы жылт еткен көмескі ұшқынды аңғарып, лаулай түсуіне себепші де болдыңыз. Ұқыптыны ұнатып, зеректіге мейірлене қарайтын ұстаздық пейіліңізді сезіп, әр сабаққа жауапкершілікпен қарадым. Менің Алматыдағы ҚазГУ-дің журфагіне оқуға түскенім ауылдағы талайды таңғалдырған болатын. Ал жоғарғы оқу орнын үздік аяқтап, қызыл диплом алып шыққаным сол жауапкершіліктің, ұстаздың сенімінен шығу мақсатындағы еңбектің нәтижесі еді. Қызыл дипломға талпынуыма Темірбек Қожакеевтің жазған еңбегімді жоғары бағалауы да ықпал етті. Біреулер сынақтан сүрініп жылап жатса, енді біреулер Қожакеевтен үштік баға, бірен-сараны төрт алғанына малақайларын аспанға атып қуанатын. Талантты шәкіртті аялай білетін ұстаздың бағаға әділдігі туралы студенттер арасында небір аңыз-әңгімелерді де естігенбіз. «Қожакеевтің сабағынан өтсең журфакты бітірдім дей бер» деген сөз де көп жайтты аңғартады. Бағаға әділ екеніне көз жеткізгендердің бірі – мен. «Ә, Қожакеевтен бестік баға алған сен бе едің?». Басқа пәндерден сынақ тапсырғанда оқытушылардың көпшілігі осы сұрақты маған көлденең тарта отырып, баға қойғанда да көтермелеп жіберетін сияқты көрінді. Қожакеевтің сабағынан «5» алу «елге мықтылығын мойындатқан атақты журналист болуым керек» деген арманның алауын тұтатып, мұқалмас жігер сыйлады, өмірлік мақсатымның өлшемін айқындап берді. Ең бастысы ұстаз бен шәкірттің өзара шынайы қарым-қатынасы біртіндеп сыйластыққа ұласты. Бірде Алматының шетіндегі саяжайы, енді бірде қазіргі Достық көшесі бойында тұрған Жамбыл ескерткішінің артындағы тұрғын үйдегі пәтері – мен жиі баратын қонақжай шаңырақ еді. Құдай қосқан қосағының қалауын қас-қабағынан аңғаратын Азат апамның қолынан талай дәм татып, аналық мейірімін сезіндім. Осы бақ-береке дарыған шаңыраққа менің әке-шешем – Қамытбек пен Күлпаршынды ауылымыздан Алматыға арнайы шақыртып құдаңыздай құрақ ұшып күттіңіз. Осы бір ізгі ниеттен туындаған әрекетіңізден де ел қаһарлы дейтін Қожакеевтің маған, шәкіртіне деген мейірімі мен махаббаты алабөтен екенін сезініп, сағына еске алғанда жүрегім тебіреніп, жанарыма жас тұнатыны бар. Анама қамзол, әкеме шапан жауып, сағат сыйлаған сый-құрметті айтсаңызшы! Қарапайымдылығыңызға тәнті болып, білімділігіңізді үлгі етіп, әкем марқұм пәни дүниедегі талқаны таусылғанша, Қожакеев сыйға берген сағатты шешпей кәдесіне жаратты.
«Темкең саған басқалардан бөлекше қарап ерекше ықыласы ауды, үмітін ақтамай өкпелетіп алып жүрме». Жоғары оқу орнын бітірерде Қожакеевтің жетекшілігімен «Жанам деген жүрекке от беремін» деген тақырыпта өз шығармашылығымды талдауға арналған дипломдық жұмысымды сәтті қорғап шыққаным үшін мақтау, мадақтауға бөленгенде бір жанашыр азаматтың осындай кеңес бергені есімде. Алайда... Темке, мен сізді өкпелетіп алдым. «Ғылым кандидаты болуың керек, білімің де жетіле түседі» деген үмітіңізді ақтамадым. Қызу пікірталаспен кандидаттық диссертациямның тақырыбы бекітілгенмен, оны жазсам деген ойымнан айнып, қорғалмаған күйі аяқсыз қалды. Бәлкім, диссертациялық кеңес жиынында ғылыми жетекшілікке байланысты сауал туындағанда абдырап қалмай сізді таңдағанымда желкелеп жүріп жазғызып бітірер ме едіңіз кім білсін? Өкінемін әлі. Ғылым кандидаты болмай қалғаным үшін емес, Қожакеевтің жетекшілігімен ғылыми жұмыс жазу мүмкіндігін жіберіп алғаным үшін. Өкінгенмен өмір сағаты қайтадан кері айналмайтыны белгілі. Дегенмен журналистік жолда ұстазымның сенімін ақтадым деп ойлаймын, ол енді бөлек әңгіме. Ұстазымды ұлықтап, еңбегін жас ұрпаққа насихаттау бағытындағы игі істерге де мүмкіндігімше үлес қосып келемін. Соның бірін ғана айтып өтейін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін 1998 жылы бітірген түлектер 20 жыл өткен соң бас қостық. Алматыда. Алдымен қанатымызды қатайтып, томағамызды сыпырған білім ордасы – қара шаңырақ ҚазГУ-ге барып Темірбек Қожакеев атындағы аудиторияда студенттермен, ұстаздармен ашық-жарқын сырластық. Курстастар кездесуі дәл Қожакеев атындағы аудиторияда ұйымдастырылуы да кездейсоқтық емес еді. «Адамның да адамы бар азаматы бір бөлек, жылқының да жылқысы бар қазанаты бір бөлек» дейтін халық даналығына жүгінсек те, «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» деген әйгілі ертегіні еске түсірсек те, қалай десек те Қожакеевтің ҚазГУ-дің тарихында аты алтын әріппен жазылып, әсіресе журналистика факультеті мен шәкірттері, түлектері үшін алар орны, абырой-беделі, сый-құрметі мен болмыс-бітімінің жөні бөлек, жосығы ерек екені талас тудырмайды. Атақты академик Зейнолла Қабдолов үзеңгілес серігін Мықшегеге теңеген екен, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин қайталанбас Нартұлға санайды, кешегі шәкірті, бүгінгі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед Дарабоз декан дейді. Курстастар кездесу туралы кеңес құрғанымызда осы жағын да ойласа келе, қарашаңыраққа құралақан бармай шәкірттері-түлектер атынан Темірбек Қожакеев атындағы стипендия тағайындап, үздік үш студентке ұсынуды бірауыздан ұйғардық. Болашақта ақпарат айдынында желкен керуге белдерін бекем буған 1-курс студенттері Аружан Жаңабаева мен Нұртілеу Мәлікұлының, 3-курс студенті Ақдана Иманқұлованың қолына бір реттік стипендиямен бірге Қожакеев туралы шығарылған жинақты қоса ұстаттық. Олардың стипендия иегері атына лайық болуларын, артында өшпес ізі қалған дарабозды жан-жақты дәріптеп, насихаттап жүрулерін өтіндік, үлкен үміт арттық. Біздің курстың ғана емес, қазақ журналистикасының марқасқасы, мақтанышы болған Бейсен Құранбек Темірбек Қожакеевтің қатал талабының арқасында қалай сабаққа дайындалғанын, «қойған «3»-і «5»-ке татитынын» айтып, қызықты да тәрбиелік мәні терең сәттерді еске түсірді. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп босқа айтады дейсіз бе?
Иә, сіздің өнегелі өмір жолыңыз, «қолына қалам алған қазақ журналистерінің бәріне ұстаз» болған еңбек жолыңыз туралы қай орта, қандай аудиторияда болсын ұзағынан әңгімелеуге болады. Жалықтырмайды. Жарасады. Академик Зейнолла Қабдолов жазған «әдеттегі таптаурын жолмен түп-түзу келе жататын көптің бірі емес, көптен оқшаулау, өз беті өзінде, тек өз соқпағымен ғана жүретін біртоға, біртүрлі, бір қыңыр кісі» деген мінездеменің өзі түсінгенге талай жайтты аңғартады. Осындай «қиын» мінезіңізбен «қазақ жастарының қанын қыздырған Желтоқсан, жібімей жатқан қызыл езгінің тоңын бұздырған Желтоқсан» деп анықтама берген оқиғадан кейін жабылған жаланың жалғандығын дәлелдеп шықтыңыз. Сын сәтте арыңызды саудалауға бармадыңыз. «Тік тұрып өліп кеткенді дұрыс көрдім. Меніңше, кеудесін тасқа соғып, төсін тікенге тырнатып, адал еңбегімен игілікке жеткен адам өзін өзін сыйлайды, өз қадірін, өз құнын біледі... Қазір арымды саудаға салмағаным, арыма қарсы әрекетке бармағаным дұрыс болды деп білемін. Өмірде осылай ететін азаматтар көп. Мұндайларды қиын адамдар дейді. Олар – өзін өзі сыйлайтындар, терісті тезге салуға тырысатындар, шындық үшін күресетіндер. Шындық, әділдік ешкімнің монополиясы емес. Ол – жалпы елге ортақ нәрсе, керек нәрсе. Оның жолында қиын адамдар қатарында болудың ешбір азабы жоқ». Депсіз. Өз жазбаларыңыздың бірінде. Иә, сіздің кешегі қоғамның тамырын дөп басып айтқан сөздеріңіз бүгін де өзекті. Шындық, әділдік жалпы елге ортақ және керек нәрсе.
Айтпақшы, сіздің «тас дәуір» деген теңеуіңізге себеп болған ауылдағы жағдай бүгінде көп өзгерген. Ені жіңішке болса да асфальт төселіп, жол салынған. Табиғи газ, сапалы ауызсу, жалпы инфрақұрылыммен ауыл қамтылған. Әлеуметтік нысандар бой көтерген. Тек жол бойындағы өзен жағасында жел мен жаңбырдан мүжілген қойтастар жатыр қимылсыз, өткен-кеткенге ой тастап. Сізге де ой тастаған сол қойтастардан кешегі күннен бір белгі іздегендей боламын. Таудан құлай аққан өзенді жағалай, бастауына бет ала биіктеп бара жатқан бейнеңіз елестейді...
Түркістан облысы