«Қазір байқайсыз ба, ұлдарымыз физиологиялық тұрғыдан әлсіз. Күш-қуаты мықты, еңселі, иықты, қолдары қарулы жігіттер аз. Қара жұмысқа қауқарсыз, әлжуаз ұрпақ көбейді. Ер азамат, әке, қарапайым мұғалім ретінде осы мәселе соңғы кезде қатты алаңдатып жүр. Ертең мына түрімен олар қалай Отан қорғап, әскер сапында тұрады?». Мұғалімнің шарасыз сұрағы бізді де ойлантып тастады.
Әрине, еш жерде ұлдар «табиғатынан әлсіз болып бара жатыр» деген нақты биологиялық дәлелденген тұжырым жоқ. Алайда телефонға телмірткен өмір салты мен оның салдары жөнінде БАҚ та, ата-аналар мен дәрігерлер де, ғалымдар да біраздан бері дабыл қағып келеді. Олардың бұл мәселеге қатысты жасаған ортақ пікірі де бар. Қозғалыстың азаюы, технологияға тәуелділік пен гормондық өзгеріс, жалпы қазіргі әлеуметтік орта мен дұрыс тамақтанбаудың кесірі жасөспірімдер арасында физикалық күштің төмендеуіне әкелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адам күніне кемінде 1 сағат қозғалуы керек деген ұсыныс айтады. Бірақ бұл ұсынысты нақты өмірде орындап жатқан ешкім жоқ. Әсіресе көп уақытын телефон мен компьютерде өткізетін қалалық балалар мен жасөспірімдер күш-қуатты қажет ететін еңбекке бейімделмеген. Дәл осы ұйым ұсынған тағы бір дерек – әлемдегі жасөспірімдердің 80 пайызы жеткілікті физикалық белсенділікпен айналыспайды. Осының өзі олардың төзімділігі мен күшіне тікелей кері әсер етеді.
Медицина мен дене шынықтыру салаларында жиі қолданылатын «гиподинамия» деген ұғым бар. Қарапайым тілмен айтқанда, «көп отырып, аз қозғалу» деген сөз. Бұған спортпен айналыспайтын жеткіншектерді қосыңыз. Осының барлығы жиналып, әлсіз, шаршаңқы, салмағы артық жеткіншектердің санын көбейтіп жатыр. Сол себепті ауыз әдебиетіндегі бала жастан-ақ ерекше күш-қайратымен танылған Алпамыс батыр сынды алыптарды қазір кезіктіре алмайсың.
Күні кеше Алматы қаласында «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы» атты V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Екі күн бойы медицина қызметкерлері, педагогтер мен жастар саясатына жауапты мамандар жасөспірімдердің мінез-құлқын бекемдетіп, денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыстың өзектілігін сөз етті. «Өз денсаулығына жауапкершілікпен, құрметпен, қамқорлықпен қарайтын ұрпақ қалыптастыру қажет». Модераторлардың ортақ пікірі осыған келіп тоғысады. Іс-шараға қатысқан сенатор Нұртөре Жүсіп те бозбала шақ бұл тек физикалық денсаулықтың емес, құндылықтар, мінез-құлық үлгілері мен өз болашағына деген жауапты көзқарастың қалыптасатын кезеңі екенін айтқан.
«Дәл осы кезең келешек ұрпақтың денсаулық деңгейін айқындайды» деген Сенат депутаты қазіргі таңда цифрлық орта, әлеуметтік желілердің әсері мен ақпараттың қолжетімділігі, оның ішінде әрдайым шынайы әрі қауіпсіз бола бермейтін деректердің салдары күн өткен сайын ауыр болып бара жатқанын да жеткізді.
Әрине, әр жеткіншектің жауапты мінез-құлқын қалыптастыруда негізгі рөлді отбасы, мектеп пен ортасы атқаратыны анық. Алайда ғалымдар дене дамуының ерекшелігі де әр өскелең ұрпақтың тағдырына әсер ететінін айтып, барынша дәлелдеп келеді. Ал қазіргі жасөспірімдердің өмір салты қандай? Бұл мәселеге тек психологиялық емес, ерік-жігер тұрғысынан көз жіберсек ше? Мәселенің мәнісі осындай қарапайым сұрақтардан кейін тығырыққа тіреліп қалады. Өйткені қолының қайраты жоқ қазіргі жеткіншектен ертең қауқарлы, кез келген жауапкершілікке төтеп бере алатын еркек шыға қою екіталай.
...Күнде кешкісін үй маңындағы мектептің жанынан өтіп бара жатып, өзара сөйлесіп тұрған оқушыларды жиі көремін. «Кеше шашымды по-корейский бұйралаттым», «Өткенде жасатқан пирсинг маған ұнамай қалды», «Жаңа шыққан джинсиді киіп көрдің бе?» деген сияқты көбіне нәзік жандарға «тән» ұсақ-түйекті 14–15-тегі бозбалалардың аузынан естігенде... «Бұл ертеңгі ер-азамат айтатын әңгіме ме? Біз осы расымен, ұрпағымызды тым ұсақтатып алған жоқпыз ба?» деп еріксіз ойға қаласың.