
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ел бойынша орташа айлық атаулы жалақы 2024 жылы 402,6 мың теңгені құрады. Ең жоғары деңгей Атырау облысында – 620,4 мың теңге. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 291,1 мың теңгені құрайды. Айырмашылық екі еседен артық. Кей өңірлерде қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі жоғарыда аталған өңірлермен салыстырғанда төмен. Мемлекеттік деңгейде шешім қабылданбаса, көзге ұрып тұрған теңгерімсіздіктен алдағы жылдарда да құтыла алмаймыз.
«Дүниежүзілік банк сарапшылары «Ұзақ мерзімді инвестициялар үшін табыстарды арттыру» атты соңғы экономикалық есебінде 2025 жылы бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 3,1%-ына дейін жоғары болып қалатынын, ал 2026 жылы 2,7%-ға төмендейтінін болжайды. Шикізат секторына жоғары тәуелділік тұрақты өсуге кедергі келтіріп, орта бизнестің дамуын баяулататыны сол есепте айтылыпты. Инфрақұрылымдық, энергетикалық кешендердің кенжелеп дамуы халықтың iскерлiк белсендiлiгiн шектеп, өңірлердің экономикалық интеграциясына кедергі келтіреді. Ал сапалы білімге және медициналық қызметтерге қолжетімділіктің шектелуі адами капиталдың мүмкіндігіне кері әсер етеді», дейді сарапшы Мағбат Спанов.
Сарапшының айтуынша, өңірлік проблемаларды бақылауға алу және өкілетті билік тарапынан бақылаудың нақты тетігі жоқ.
«Бізде алға жетелейміз деп үміттеніп отырған өңірлердің мәселесімен жекелеген министрлік айналысу керек. Экономикалық саясатты реформалау үшін өңірлердің дамуы біркелкі болуы қажет. Мемлекет басшысы Құрылтайда осы мәселеге назар аударды. Бұдан басқа, өңірлерге көбірек дербестік беру керек. Проблеманы шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеген жөн. Әрбір облыс шикізатқа тәуелділіктен құтылып, адами капиталын жетілдіруге басымдық берілген кезде ғана технологиялық логистика мен тауар өндірісі мәселесі шешіледі. Бұл екі бағыт – ІЖӨ үшін сарқылмайтын ресурс. Өңірлер арасындағы алшақтық туралы мәселе енді ашық айтыла бастағанының өзі – үлкен жеңіс. Біз өңірлердің дамуы арасындағы айырмашылықты Үкіметтің қаулысымен теңестіре алмаймыз», дейді М.Спанов.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Атырау облысы қазба байлығымен ерекшеленсе, Алматы экономикасы тұрақты, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі дамыған. Ал Астанада ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Мысалы, 2007 жылдарға дейін Қазақстандағы донор аймақтардың саны 12 еді. 2025 жылға арналған республикалық бюджеттің донор-қалалары Алматы (251,5 млрд теңге), Атырау облысы (178,1 млрд теңге), Астана (74,5 млрд теңге) болғаны, бұрын донор деңгейіне жақындап қалған кейбір өңірлердің шаршап қалғаны Ұлттық статистика деректерінде айтылған. Басқа өңірлер бюджеттен қаржылай көмек, яғни субвенция алады. Барлығы 2025 жылы облыстарға 5,7 трлн теңге бөлінбек.
Облыстарға берілетін субвенция:
- Абай облысы – 251,8 млрд теңге;
- Ақмола облысы – 383,3 млрд теңге;
- Ақтөбе облысы – 318 млрд теңге;
- Алматы облысы – 203,6 млрд теңге;
- БҚО – 266,8 млрд теңге;
- Жамбыл облысы – 465,9 млрд теңге;
- Жетісу облысы – 386,5 млрд теңге;
- Қарағанды облысы – 347 млрд теңге;
- Қостанай облысы – 340,6 млрд теңге;
- Қызылорда облысы – 476,7 млрд теңге;
- Маңғыстау облысы – 166,8 млрд теңге;
- Павлодар облысы – 146,6 млрд теңге;
- СҚО – 336,2 млрд теңге;
- Түркістан облысы – 1,1 трлн теңге;
- Ұлытау облысы – 59,1 млрд теңге;
- ШҚО – 270,1 млрд теңге;
- Шымкент – 251,2 млрд теңге.
Республикалық маңызы бар қалалардың бюджеті:
- Алматы қаласы – 2,2 трлн теңге;
- Астана қаласы – 925 млрд теңге;
- Шымкент қаласы – 806 млрд теңге.
«Мәселе заңды тұлғалардың қайда тіркелгеніне байланысты. Біздің елде салық нақты қызмет орны бойынша емес, тiркелген жерi бойынша төленедi. Шымкентте уран, Қызылорда мұнай өндіріп жатқан ірі компаниялар кірістерін Алматы немесе Астанада емес, өздері жұмыс істеген өңірлерде тіркесе, донор өңірлер туралы статистика да басқаша болар еді. Қаржылай көмек алатын аймақтардың бюджет алдындағы мәртебесі бірдей. Бірақ келер жылғы дотация кейбір өңірлер үшін 100%-ға дейін өсетіні аса жақсы жағдай емес. Тәуелсіздік тарихында ешбір аймақ дотациядан донорлыққа өтпепті. Демек, аймақтардың бір-біріне тәуелді болуына дотацияда отырған аймаққа ғана емес, орталық бюджеттің жалына жармасып келген Үкімет те мүдделі болды. Мұндай жағдай орталықтандырылған бюджеттік жүйеге тәуелді болуы үшін тиімді болып келді. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Осыған дейін мұнай бюджет үшін негізгі кіріс көзі болса, қазір әлеуметтік функцияны ғана қолдайтын мүмкіндікпен шектелуге жақын қалғанын байқап жүрміз», дейді сарапшы Замир Қаражанов.
Аумағына екі-үш мемлекет сыйып кететін Түркістан облысының ішінара болса да дотацияда отыруы күні бүгінге дейінгі жүргізілген реформалардың кері жаңғырығы деп қабылдану керек дейді сарапшы.
«Дотацияда отырған аймақ та тұратын халықтың табысы да сол деңгейде болады. Ал табыс деңгейі төмендеп кеткен аймақтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, жастары донор аймақтарға бет нәпақа іздеп кететіні белгілі жай. Облыс әкімдерінің рейтингісін жалған көрсеткіштермен емес, халқының экономикалық белсенді тобының қанша пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанымен, аймақта жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарының санымен, халқының табысы мөлшерімен өлшеу керек. Егер осы талапқа сай келмейтін әкімге жұмысын жалғастыруына мүмкіндік берілмесе, әкімдер институтының құрылымына өзгеріс енер еді. Мысалы, Ресей 2019 жылдан бастап әкімдердің жұмысын осындай тәсілмен бағалайтын үрдіс енгізді. Былтырдан бастап нәтиже бар. Былтыр 22 донор аймақ, биыл Коми Республикасы, сондай-ақ Амур, Кемерово және Новосібір облыстарымен толықты. «Ресейде «дотациялық өтілі» 10 жылдан асып кеткен аймақтарда қаржы бөлу азайды. Бұл ішкі нарыққа қосымша қаржы көзін іздеуге мүмкіндік берді. Бізде донор аймақтардың санының кейінгі 10 жылда «қатып қалуы» дотациялық облыстарға деген саясатты өзгерту қажеттігін, әкімдер институтының құрылымын өзгерту керектігін көрсетіп тұр. Үкімет әрекетсіз емес. Проблемаларды жою үшін реформалардың қосымша пакеттері қабылданып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде бекітілгелі тұрған тұжырымдаманы 2020 жылы қабылданған «Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының» қосымша пакеті деп қабылдау қажет», дейді З.Қаражанов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік дамудағы теңгерімсіздікті азайту қажеттігін ескертті. Артта қалған өңірлердің мәселесіне кешенді түрде қараудың маңызына тоқталды. Экология, инфрақұрылым және әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты салаларда көрсеткіштері төмен өңірлерді айқындау қажеттігін атап өтті.
АЛМАТЫ