• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Жері байдың – елі бай

601 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Достық» үйінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексінің бірқатар түзетулеріне мораторий жариялауына байланысты зиялы қауымның алқалы жиыны өтті Өткен сенбі күні елордамыз – Астанада Жер реформасы бо­йынша жаңадан құрылған комис­сия­ның алғашқы отырысы 7 са­ғатқа созылды. Өзекті мәселеге қатысты алғашқы отырыстың іс-барысы бойынша табысты өткені мәлім. Нағыз мамандар, ғалымдар, депутат­тар, қоғамдық қозғалыстың бел­сен­ділері өз ойларын бүкпесіз ай­тып, келесі отырысқа да тас-тү­йін келетін­діктеріне сендіріп қайт­ты. Ал Алматыдағы дөңгелек үс­тел­дің Астанадағы жиыннан бір айыр­машылығы – алқалы жиынға негізінен ауылда туып-өскен, ауылдан кіндігін үзбеген зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл да осынау өзі күн тәртібіндегі мәселенің өзекті екендігінен хабар берсе керек. Алқалы жиынды ұйым­дас­тырушы «Нұр Отан» партиясы бол­ғандықтан да Алматыға ар­найы атбасын бұрған партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «Достық» үйіндегі дөңгелек үс­тел­ге мерзімінде әрі белсенділік таны­тып атсалысқан халқымыздың қадірлі ұл-қыздарына алғысын білдірді. Жиынның қазақы дәстүр бойынша ел ағаларымен, халықтың арасынан шыққан көрнекті азаматтармен ақылдасу, кеңесу үшін өтіп отырғанын қайталай еске салды. Елбасымыз ел тәуелсіздігінің барлық кезеңдерінде әрдайым зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, кеңесіп отыратынын сіздер жақсы білесіздер. Сіздер де әрдайым еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан жаңғырту ісіне үнемі атсалысып келесіздер. Осы жылдар ішінде ел өміріндегі ең маңызды мәселелердің барлығы дерлік сіздердің қатысуларыңызбен жүзеге асты. Қазақта «ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген қанатты сөз бар. Еліміздің ақыл айтар ағасы да, сүт бетіне шығар қаймағы да сіздер. Сондықтан сіздерге Елбасының сәлемін жет­кізу және тапсырманың орындалуын баяндау үшін арнайы келіп отырмын, деді М.Құл-Мұхаммед. Содан кейін ол әуелі жер рефор­масының мақсатына тоқ­талды. Кейбір азаматтар: «Эко­номика дағдарысқа ұшырады. Бюджетке түсетін қаржы азайды. Соның орнын толтыру үшін жер сату бас­талды», деген алып­қаш­па әңгіме таратуда. Бұл – мүл­де шындыққа жанаспайтын пікір. Әлем халқы жыл сайын өсіп, өркендеп келеді. Техника мен технология дамыған сайын әуелі көмір, одан кейін мұнай мен газ сияқты дәстүрлі энергетика көздерін жаңа энергия көздері алмастыра бастады. Ал адамзат қоғамы үшін қажеттілігі ешқашан өзгермейтін, таусылмайтын бір ғана сала бар. Ол – азық-түлік, яғни ауыл шаруашылығы өнімдері. Ендеше, Қазақстан сияқты жер көлемі 9-шы орындағы мемлекет өзінің жер ресурстарын тиімді пайдаланып, өзін ғана асырап қоймай, әлемдік азық-түлік нарығына өнім шығарып, еліміздің экономикалық күш-қуатын еселеуі керек. Ол үшін «қазақ жері – кең байтақ» деп отыра бермей, оның игілігін көруіміз керек. Қазақта «Жер-Ана» және «жерді ему» деген киелі ұғымдар бар. Ендеше, біз Жер-Анамызды ардақтап қана қоймай, мейіріміміз қалғанша еміп, оның игілігін, берекесін көруі­міз керек. Ол үшін жерге қызмет іс­теу қажет. Сонда ғана ол өз өнімін молы­нан беріп, халқымызды асырайды және оның табысын молайтатын болады. Реформаның басты мақсаты – жерді халқымыздың тұрақты табыс көзіне айналдыру деп түсінуіміз керек, деді Мұхтар Абрарұлы. Сондай-ақ,  М.Құл-Мұхаммед енді бір топтың: «Қазақ жерінің жар­тысы сатылып кетті. Енді үкі­мет қалған жартысын сатуға кіріс­ті», деп байбалам сала бастағанына назар аударды. Бұл да шындықтың ауылынан алыс жатқан өте ұш­қары байлам. Қазақстандағы бар­лық жер қоры 272 миллион гектар. Оның ішіндегі ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер көлемі 100,8 гектарды құрайды. Ал тәуел­сіздігіміздің 25 жылында со­ның 1,3 миллион гектары, яғни 1,3 па­йызғы жуығы ғана жеке мен­шікке беріліпті. Айтыңызшы, жар­тысы мен 1,3 пайыздың арасы жер мен көктей емес пе? Үшінші мәселе жерді жалға беруге қатысты. Бүгінгі күнге дейін республикамыздағы жалға берілген жер телімінің көлемі 99,5 миллион гектарды құрайды екен. Осының тек 0,06 пайызын ғана шетелдіктер жалға алған. Міне, бұлтартпайтын шындыққа негізделген фактілер осындай, деп нақты сөйледі партия Төрағасының бірінші орынбасары. Келесі кезекте жер тағдырына алаңдаушылардың тобы: «Жерді сатып алған немесе жалға алған қазақстандық алпауыттар оны қымбат бағаға шетелдіктерге сатып жіберуі мүмкін», дейді. Жерді сатып алған немесе жалға алған қазақстандықтар оны өз бетінше басқа біреуге сата алмайды. Бұған заңнамада көптеген тосқауылдар қойылған. Егер ол алдау-арбау жолымен осындай шарт жасайтын болса, ондай келісімшарттың заңдық күші болмайды. Жерді сатып алып, жалға алып, оны өңде­месе, өнім өндірмесе, жерді аздыратын тыйым салынған химикаттар пайдаланса, салығын төлемесе, мемлекеттің оны қайтарып алу механизмдері Жер кодексінде анық көрсетілген, дей келіп, М.Құл-Мұхаммед жер тағдырына алаңдаушылардың келесі бір тобының: «Қазақ жерінің үлкен бөлігі пайдаға жаратылмай бос жатыр», дегенді алға тартатынын атап көрсетті. Бұл – өте дұрыс пікір. Міне, осыны болдырмау үшін Елбасы үкіметке жерді түгендеуді тапсырды. Нәтижесінде еліміз бойынша ауыл шаруашылығы мақсатына арналған 7,3 миллион гектар жердің пайдаланылмай бос жатқаны анықталды. Ендеше, ең алдыңғы кезекте дәл осы жерлерді отандық ауыл шаруашылығы қожалықтарының қолына беріп, оның игілігін, табысын көруіміз керек, деді Мұхтар Абрарұлы. Партия Төрағасының бірінші орынбасары ендігі бір топтың көзқарасына да арнайы тоқталды: «Кейбір шетел азаматтары қазақ­станд­ық қыз-келіншектермен жал­ған некеге тұру арқылы жер сатып алу мүмкіндігіне ие болуда», деп алаңдаушылық білдіруде. Міне, бұл – дұрыс пікір. Осындай келең­сіздікті болдырмау үшін заңда тиісті шектеулер қарастырылған. Атап айтар болсақ, жер Қазақстан азаматына ғана беріледі, ал егер олар ажыраса қалған жағдайда жер тек Қазақстан азаматының жекемен­шігінде қалады. Тағы да қай­та­лап айтарым – жер шетелд­ік­терге мүл­д­е сатылмайды. Мұндай бап қол­­­да­ныс­тағы және талқыланып отыр­­ған заң жобасында атымен жоқ. Ал жалға беру қарастырылған, деді. Осылай деген М.Құл-Мұхаммед енді осы мәселеге қысқаша аялдады. Жерді шетелдіктерге жалға беру нормасы әлемнің көптеген елдерінде бар үрдіс. Мәселен, Францияда 25 жылға, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде 99 жылға жалға беру қарастырылған. Екеуі де гүлденген мемлекеттер емес пе?! Сіздердің араларыңызда Дубайға бармаған адам сирек болар. Сондағы осы заманғы керемет ғимараттардың басым көпшілігі жерді жалға алған шетелдік ком­­па­ниялардың инвестициясы­на салынған. Егер олардың заң­намасында тиісті рұқсат болмаса, олар осындай көркі көз тартатын қала тұрғыза алар ма еді. Егер біз жерді шетелдіктерге жал­ға беретін заңды қабылдап, елі­мізге Ита­лия­дан – көкөніс, Гол­лан­диядан – гүл­дің алуан түрі, Ұлы­британиядан – нәр­­лі мал азығын өндіретін, ал  Фран­­циядан түрлі косметикалық препараттарға арналған хош иісті өсімдіктер өсіретін шетелдік инвесторлар келіп, жерімізді жайнатып жіберер болса, одан халық ұтпаса, ұтылмайтыны бәрімізге де айтпаса да түсінікті ақиқат емес пе? Ендеше, жерді шетелдіктерге жалға беруден жасқанудың еш қажеті жоқ. Ал олардың жалға алған жерлерді аздырмай, тоздырмай ұстауына қатаң бақылау орнататын заң талаптарын енгізу керек деген пікірлермен толық келісуге болады, деді Партия Төрағасының бірінші орынбасары. М.Құл-Мұхаммед сөзінің соңына қарай Елбасымыз заң жобасына дер кезінде тоқтам жасап, бүкілхалықтық талқылау жасауға тапсырма бергеніне ерекше екпін түсірді. Сіздер – ғалымдар үлкен мектеп қалыптастырған, жастар алдында жиі дәріс оқитын ұстаздар ретінде, өнер адамдары, халық әртістері жұртшылық ара­сында өнер көрсету барысын­да, ал жазушылар мен ақындар өздеріңіздің бас­пасөз бетіндегі шығар­мала­ры­ңыз­­да халыққа мәселенің мән-жа­йын, ақиқатын түсіндіріп, елді са­быр­ға шақыру­ларыңызды өтінемін. «Жер-Ана» дейміз. Ендеше, жерді біз анамыздай аялап, күтіп, сақтап, оның байлығын ұрпа­ғы­мыздың ырыздығына жаратуымыз керек. Ол үшін жерді ұқсата алатын адамдардың қолына беруіміз керек. Жер реформасының басты мақсаты осы, ағайын, деді Мұхтар Абрарұлы. Алқалы жиында алғашы болып сөз алған Ұлттық ғылым ака­де­­мия­сының президенті акаде­мик Мұрат Жұрынов: «Халқы­мыз­дың жер туралы тілегі маған ұнады», – дей келе, жер қадірінің сонау Жәнібек пен Керей хандығы заманынан арғы кезеңде де қымбат болғанына тоқталды. Алыпқашпа қи­сынсыз уәж­дерге ере бермей, жер­мен жұ­мыс істеу керектігі турал­ы да ай­­тып өтті. Академик Қа­зақ­­стан тәуел­­сіздігінің елең-ала­ңында тү­рік хал­қына жер телім­дерін иелік ету­­­ге беруден қаймықпаған Тұрғыт Өзал­­дың кемеңгерлігіне тәнті екен. Түр­­­кия­­дағы әлем туристері рахатта­нып, демалып қайтып жүрген турис­тік орындар бір кездегі прези­дент Тұрғыт Өзалдың ерлігі сана­лады. Бауырлас Түркияда жер 10 жыл­ға жалға беріледі. Жал­пы жер телі­мі­нің 30 пайызы жеке­мен­шіктер үлесінде. Көзіқарақты ел азаматтарының әрбір сөйлеген бәтуалы сөзіне мем­лекеттік тұрғыдан түсініктеме бе­ріп отырған Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед жиынды дөңгелете жүргізді. Өз кезегімен сөз алған Пар­ламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, академик­тер Төрегелді Шарманов, Еділ Ерғо­жин, Әлия Бейсенова, Нағима Айт­хожина, Досмұхамед Кіші­беков, халық әртісі Асанәлі Әшімов, Еңбек Ері, қазақтың бұл­бұл қызы Бибігүл Төлегенова, заң ғылым­дарының докторы Сұлтан Сартаев, халық әртісі Сәбит Ораз­баев, жазушылар Дулат Иса­бек пен Сәбит Досанов, қоғам қай­рат­кер­лері Иса Байтулин мен Талғат Ма­машев, жазушы Бексұлтан Нұр­жеке өз ойларын ортаға салды. Жер кодексіне қатысты пікір­та­ластың жөн екендігіне қолдау білдірді. Алқалы қауымға мемлекеттік, халықт­ық маңызды мәселеде өз ой­ларын білдіріп, белсенділік таныту үшін Алматыда барлық жағ­дай жасалды. Модератор морато­рий сырын шынайы ұғыну үшін барлық сатыдағы бұқаралық ақ­парат құралдары дөңгелек үс­тел­ден тыс сөйлеушілерге де өз ойын бүкпесіз айту үшін мүмкін­дік берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ зия­­лыларымен болған Алматы­дағы дөңгелек үстелдегі сөзін былай аяқтады: «Халқымызда жерге байланысты: «Әуелі тәңір жерге береді, жерге берсе елге береді, елге берсе ерге береді» деген қанатты сөз бар екен. Бүкіл жер реформасының барлық мән-мағынасы бабалардан қалған осы асыл сөзге сиып-ақ тұр. Алла тағала жерді адамдардың игілігі үшін жаратты, қазақтың кең пейіліне қарай көл-көсір мол жер бұйыртты, енді қазақтар осыншама байлықты еселеп ел игілігіне айналдыра алатын жердің қадірін білетін ерлерге беруі керек. Бүгін бәріміз жиылып талқылап отырған жер реформасының мән-мағынасы осы деп білемін». Талғат СҮЙІНБАЙ, Айнаш ЕСАЛИ, Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ