Алматыдағы «Достық» үйінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексінің бірқатар түзетулеріне мораторий жариялауына байланысты зиялы қауымның алқалы жиыны өтті
Өткен сенбі күні елордамыз – Астанада Жер реформасы бойынша жаңадан құрылған комиссияның алғашқы отырысы 7 сағатқа созылды. Өзекті мәселеге қатысты алғашқы отырыстың іс-барысы бойынша табысты өткені мәлім. Нағыз мамандар, ғалымдар, депутаттар, қоғамдық қозғалыстың белсенділері өз ойларын бүкпесіз айтып, келесі отырысқа да тас-түйін келетіндіктеріне сендіріп қайтты.
Ал Алматыдағы дөңгелек үстелдің Астанадағы жиыннан бір айырмашылығы – алқалы жиынға негізінен ауылда туып-өскен, ауылдан кіндігін үзбеген зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл да осынау өзі күн тәртібіндегі мәселенің өзекті екендігінен хабар берсе керек.
Алқалы жиынды ұйымдастырушы «Нұр Отан» партиясы болғандықтан да Алматыға арнайы атбасын бұрған партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «Достық» үйіндегі дөңгелек үстелге мерзімінде әрі белсенділік танытып атсалысқан халқымыздың қадірлі ұл-қыздарына алғысын білдірді. Жиынның қазақы дәстүр бойынша ел ағаларымен, халықтың арасынан шыққан көрнекті азаматтармен ақылдасу, кеңесу үшін өтіп отырғанын қайталай еске салды.
Елбасымыз ел тәуелсіздігінің барлық кезеңдерінде әрдайым зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, кеңесіп отыратынын сіздер жақсы білесіздер. Сіздер де әрдайым еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан жаңғырту ісіне үнемі атсалысып келесіздер. Осы жылдар ішінде ел өміріндегі ең маңызды мәселелердің барлығы дерлік сіздердің қатысуларыңызбен жүзеге асты. Қазақта «ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген қанатты сөз бар. Еліміздің ақыл айтар ағасы да, сүт бетіне шығар қаймағы да сіздер. Сондықтан сіздерге Елбасының сәлемін жеткізу және тапсырманың орындалуын баяндау үшін арнайы келіп отырмын, деді М.Құл-Мұхаммед.
Содан кейін ол әуелі жер реформасының мақсатына тоқталды. Кейбір азаматтар: «Экономика дағдарысқа ұшырады. Бюджетке түсетін қаржы азайды. Соның орнын толтыру үшін жер сату басталды», деген алыпқашпа әңгіме таратуда. Бұл – мүлде шындыққа жанаспайтын пікір. Әлем халқы жыл сайын өсіп, өркендеп келеді. Техника мен технология дамыған сайын әуелі көмір, одан кейін мұнай мен газ сияқты дәстүрлі энергетика көздерін жаңа энергия көздері алмастыра бастады. Ал адамзат қоғамы үшін қажеттілігі ешқашан өзгермейтін, таусылмайтын бір ғана сала бар. Ол – азық-түлік, яғни ауыл шаруашылығы өнімдері. Ендеше, Қазақстан сияқты жер көлемі 9-шы орындағы мемлекет өзінің жер ресурстарын тиімді пайдаланып, өзін ғана асырап қоймай, әлемдік азық-түлік нарығына өнім шығарып, еліміздің экономикалық күш-қуатын еселеуі керек. Ол үшін «қазақ жері – кең байтақ» деп отыра бермей, оның игілігін көруіміз керек. Қазақта «Жер-Ана» және «жерді ему» деген киелі ұғымдар бар. Ендеше, біз Жер-Анамызды ардақтап қана қоймай, мейіріміміз қалғанша еміп, оның игілігін, берекесін көруіміз керек. Ол үшін жерге қызмет істеу қажет. Сонда ғана ол өз өнімін молынан беріп, халқымызды асырайды және оның табысын молайтатын болады. Реформаның басты мақсаты – жерді халқымыздың тұрақты табыс көзіне айналдыру деп түсінуіміз керек, деді Мұхтар Абрарұлы.
Сондай-ақ, М.Құл-Мұхаммед енді бір топтың: «Қазақ жерінің жартысы сатылып кетті. Енді үкімет қалған жартысын сатуға кірісті», деп байбалам сала бастағанына назар аударды. Бұл да шындықтың ауылынан алыс жатқан өте ұшқары байлам. Қазақстандағы барлық жер қоры 272 миллион гектар. Оның ішіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 100,8 гектарды құрайды. Ал тәуелсіздігіміздің 25 жылында соның 1,3 миллион гектары, яғни 1,3 пайызғы жуығы ғана жеке меншікке беріліпті. Айтыңызшы, жартысы мен 1,3 пайыздың арасы жер мен көктей емес пе? Үшінші мәселе жерді жалға беруге қатысты. Бүгінгі күнге дейін республикамыздағы жалға берілген жер телімінің көлемі 99,5 миллион гектарды құрайды екен. Осының тек 0,06 пайызын ғана шетелдіктер жалға алған. Міне, бұлтартпайтын шындыққа негізделген фактілер осындай, деп нақты сөйледі партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Келесі кезекте жер тағдырына алаңдаушылардың тобы: «Жерді сатып алған немесе жалға алған қазақстандық алпауыттар оны қымбат бағаға шетелдіктерге сатып жіберуі мүмкін», дейді. Жерді сатып алған немесе жалға алған қазақстандықтар оны өз бетінше басқа біреуге сата алмайды. Бұған заңнамада көптеген тосқауылдар қойылған. Егер ол алдау-арбау жолымен осындай шарт жасайтын болса, ондай келісімшарттың заңдық күші болмайды. Жерді сатып алып, жалға алып, оны өңдемесе, өнім өндірмесе, жерді аздыратын тыйым салынған химикаттар пайдаланса, салығын төлемесе, мемлекеттің оны қайтарып алу механизмдері Жер кодексінде анық көрсетілген, дей келіп, М.Құл-Мұхаммед жер тағдырына алаңдаушылардың келесі бір тобының: «Қазақ жерінің үлкен бөлігі пайдаға жаратылмай бос жатыр», дегенді алға тартатынын атап көрсетті. Бұл – өте дұрыс пікір. Міне, осыны болдырмау үшін Елбасы үкіметке жерді түгендеуді тапсырды. Нәтижесінде еліміз бойынша ауыл шаруашылығы мақсатына арналған 7,3 миллион гектар жердің пайдаланылмай бос жатқаны анықталды. Ендеше, ең алдыңғы кезекте дәл осы жерлерді отандық ауыл шаруашылығы қожалықтарының қолына беріп, оның игілігін, табысын көруіміз керек, деді Мұхтар Абрарұлы.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары ендігі бір топтың көзқарасына да арнайы тоқталды: «Кейбір шетел азаматтары қазақстандық қыз-келіншектермен жалған некеге тұру арқылы жер сатып алу мүмкіндігіне ие болуда», деп алаңдаушылық білдіруде. Міне, бұл – дұрыс пікір. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін заңда тиісті шектеулер қарастырылған. Атап айтар болсақ, жер Қазақстан азаматына ғана беріледі, ал егер олар ажыраса қалған жағдайда жер тек Қазақстан азаматының жекеменшігінде қалады. Тағы да қайталап айтарым – жер шетелдіктерге мүлде сатылмайды. Мұндай бап қолданыстағы және талқыланып отырған заң жобасында атымен жоқ. Ал жалға беру қарастырылған, деді.
Осылай деген М.Құл-Мұхаммед енді осы мәселеге қысқаша аялдады. Жерді шетелдіктерге жалға беру нормасы әлемнің көптеген елдерінде бар үрдіс. Мәселен, Францияда 25 жылға, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде 99 жылға жалға беру қарастырылған. Екеуі де гүлденген мемлекеттер емес пе?! Сіздердің араларыңызда Дубайға бармаған адам сирек болар. Сондағы осы заманғы керемет ғимараттардың басым көпшілігі жерді жалға алған шетелдік компаниялардың инвестициясына салынған. Егер олардың заңнамасында тиісті рұқсат болмаса, олар осындай көркі көз тартатын қала тұрғыза алар ма еді. Егер біз жерді шетелдіктерге жалға беретін заңды қабылдап, елімізге Италиядан – көкөніс, Голландиядан – гүлдің алуан түрі, Ұлыбританиядан – нәрлі мал азығын өндіретін, ал Франциядан түрлі косметикалық препараттарға арналған хош иісті өсімдіктер өсіретін шетелдік инвесторлар келіп, жерімізді жайнатып жіберер болса, одан халық ұтпаса, ұтылмайтыны бәрімізге де айтпаса да түсінікті ақиқат емес пе? Ендеше, жерді шетелдіктерге жалға беруден жасқанудың еш қажеті жоқ. Ал олардың жалға алған жерлерді аздырмай, тоздырмай ұстауына қатаң бақылау орнататын заң талаптарын енгізу керек деген пікірлермен толық келісуге болады, деді Партия Төрағасының бірінші орынбасары.
М.Құл-Мұхаммед сөзінің соңына қарай Елбасымыз заң жобасына дер кезінде тоқтам жасап, бүкілхалықтық талқылау жасауға тапсырма бергеніне ерекше екпін түсірді. Сіздер – ғалымдар үлкен мектеп қалыптастырған, жастар алдында жиі дәріс оқитын ұстаздар ретінде, өнер адамдары, халық әртістері жұртшылық арасында өнер көрсету барысында, ал жазушылар мен ақындар өздеріңіздің баспасөз бетіндегі шығармаларыңызда халыққа мәселенің мән-жайын, ақиқатын түсіндіріп, елді сабырға шақыруларыңызды өтінемін.
«Жер-Ана» дейміз. Ендеше, жерді біз анамыздай аялап, күтіп, сақтап, оның байлығын ұрпағымыздың ырыздығына жаратуымыз керек. Ол үшін жерді ұқсата алатын адамдардың қолына беруіміз керек. Жер реформасының басты мақсаты осы, ағайын, деді Мұхтар Абрарұлы.
Алқалы жиында алғашы болып сөз алған Ұлттық ғылым академиясының президенті академик Мұрат Жұрынов: «Халқымыздың жер туралы тілегі маған ұнады», – дей келе, жер қадірінің сонау Жәнібек пен Керей хандығы заманынан арғы кезеңде де қымбат болғанына тоқталды. Алыпқашпа қисынсыз уәждерге ере бермей, жермен жұмыс істеу керектігі туралы да айтып өтті. Академик Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңында түрік халқына жер телімдерін иелік етуге беруден қаймықпаған Тұрғыт Өзалдың кемеңгерлігіне тәнті екен. Түркиядағы әлем туристері рахаттанып, демалып қайтып жүрген туристік орындар бір кездегі президент Тұрғыт Өзалдың ерлігі саналады. Бауырлас Түркияда жер 10 жылға жалға беріледі. Жалпы жер телімінің 30 пайызы жекеменшіктер үлесінде.
Көзіқарақты ел азаматтарының әрбір сөйлеген бәтуалы сөзіне мемлекеттік тұрғыдан түсініктеме беріп отырған Мұхтар Құл-Мұхаммед жиынды дөңгелете жүргізді.
Өз кезегімен сөз алған Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, академиктер Төрегелді Шарманов, Еділ Ерғожин, Әлия Бейсенова, Нағима Айтхожина, Досмұхамед Кішібеков, халық әртісі Асанәлі Әшімов, Еңбек Ері, қазақтың бұлбұл қызы Бибігүл Төлегенова, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаев, халық әртісі Сәбит Оразбаев, жазушылар Дулат Исабек пен Сәбит Досанов, қоғам қайраткерлері Иса Байтулин мен Талғат Мамашев, жазушы Бексұлтан Нұржеке өз ойларын ортаға салды. Жер кодексіне қатысты пікірталастың жөн екендігіне қолдау білдірді.
Алқалы қауымға мемлекеттік, халықтық маңызды мәселеде өз ойларын білдіріп, белсенділік таныту үшін Алматыда барлық жағдай жасалды. Модератор мораторий сырын шынайы ұғыну үшін барлық сатыдағы бұқаралық ақпарат құралдары дөңгелек үстелден тыс сөйлеушілерге де өз ойын бүкпесіз айту үшін мүмкіндік берді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ зиялыларымен болған Алматыдағы дөңгелек үстелдегі сөзін былай аяқтады: «Халқымызда жерге байланысты: «Әуелі тәңір жерге береді, жерге берсе елге береді, елге берсе ерге береді» деген қанатты сөз бар екен. Бүкіл жер реформасының барлық мән-мағынасы бабалардан қалған осы асыл сөзге сиып-ақ тұр. Алла тағала жерді адамдардың игілігі үшін жаратты, қазақтың кең пейіліне қарай көл-көсір мол жер бұйыртты, енді қазақтар осыншама байлықты еселеп ел игілігіне айналдыра алатын жердің қадірін білетін ерлерге беруі керек. Бүгін бәріміз жиылып талқылап отырған жер реформасының мән-мағынасы осы деп білемін».
Талғат СҮЙІНБАЙ,
Айнаш ЕСАЛИ,
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ