• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Алматыда күнде де, түнде де жауын

346 рет
көрсетілді

Биылғы көктем өзгеше... Алматы ауа райының бұл мау­сымда мұндайы жоқ еді, күнара жауын. Түнге қарай шелек­теп жауған нөсерден тұрғындар шошынатынды шығарды. Енді ше, өткен жылы таудағы бір сағаттық жауыннан кейін оқыс мінез танытқан арнасы қылдырықтай Қарғалы өзені биыл мамыр айының басында тағы бір рет тасып үлгерді. Мамыр мамыр болғалы Алматыда күн аралатып күндіз де, түнде де төпелеп нөсер жауады. Алматының көнекөздері бұрын-соңды мұндай құбылысты байқамағанын еске алуда. Түске дейін қас-қағым сәтте сіркіреп, күн күркіреп, найзағай ойнап, күллі қаланы бір шайып өтетін Алматының ақ жауыны сағыныш болып қалғандай. Тау бөктеріне жайғасқан алып шаһардың асфальт көшелерінде өзен болып аққан жаңбыр суы, еңіс жерде көл болып тұрып қалатынды шығарды. Мұндай нөсерлі жаңбырға Алматы метросы да бой үйретпегенін байқатты. Тасқындап келген жаңбыр суына нысандағы дренажерлік жүйенің шамасы жетпей, станса­ның ішіне су кетті. Ол туралы әлеу­меттік желілерде жаппай жазылды. Көп кешікпей «Жібек жолы» стан­сасындағы бұл тосын оқиғаға байланысты «Метрополитен» компаниясы директорының көмекшісі Ажар Хабиева жауын суының пойыздарға да, жолаушыларға да еш қолайсыздық туғызбағаны туралы, оның тез арада «сүртіліп» алынғаны туралы айтты. Атақты «Медеу» спорт кешеніне барар жолда жаңбыр мол сіңген жарқабақ опырылып, алғаш рет лай көшкіні жүрді. Ол да техника мен адам күшімен тез арада тазартылды. Қалалық ТЖД күні-түні сақ отыр. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, жаңбыр бір басылған сәтте Қалдаяқов пен Қазыбек би көшесінің қиылысында жер астына көмілген су құбырынан ыстық су атып, субұрқақ төрт қабат үйдің биіктігіндей жерге шапшыды. Асфальт төсеніштің аспанға жаңқадай ұшқанын өз көзімен көргендер бар! Жүргіншілер аман, көшеде қаңтарулы тұрған екі жеңіл көлік қатты зардап шекті. Тиісті орын­дар 1993 жылы салынған су құбыры­нан сызат кеткені, судың ыстықтығы 45 градустан жоғары болмағаны туралы хабарлама жасады. Құбырды қалпына келтіру жұмысы аяқталып келеді... «Казгидрометтің» мәліметі бо­йынша бүгін, ертең, арғы күні... Алматыда тағы да жауын жауады. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ