• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Алматыда дзюдо академиясы ашылды

421 рет
көрсетілді

Алматы қаласында Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервтерін дайындайтын республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің аумағында салынған Қазақстандағы тұңғыш дзюдо академиясы қолданысқа берілді. Академияның ашылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алма­ты қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Халықаралық дзюдо фе­дерациясының президенті Мариус Визер, Қазақстан дзюдо феде­рациясының президенті Кеңес Рақышев және федерация өкілдері, елге танымал спортшылар мен жас дзюдошылар қатысты. Академияның салтанатты ашы­­луы кезінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы мен Халықаралық дзюдо федерациясының пре­зиденті Мариус Визер жаңа спорт ғима­ратының тұсауын кесті. Бұдан кейін шетелдік қонақтар мен ресми өкілдер әлемдік стан­дарттарға сай етіп салынған жа­ңа дзюдо академиясын аралап көрді. Ауқымды 4 жұптық татами төселген кең залда өткен жиын барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек және Халықаралық дзюдо федера­ция­сының президенті Мариус Визер сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. – Бұл біздің қаламыз үшін ғана емес, бүкіл мемлекетіміздің мәртебесін әлемдік деңгейде паш ететін еліміздің айтулы оқиғасы. Мұндай дзюдо академиясы Қазақ­станда тұңғыш рет шаңырақ көтеріп отыр. Отандық жас спортшыларды үлкен спортқа бастап, еліміздің көк туын халықаралық додаларда биік желбірететін спорт мектебін салуға жеке қаражатынан 2,5 миллион долларды бөлген Кеңес Рақышевке алғысымыз шек­сіз! Елбасымыз насихат еткен саламатты өмір салтын дамыту мақсатында елімізде бүгінгі таңда мемлекет және жеке тұлғалар тара­пынан барлық жағдай жасалып отырғандығы баршамызды қуантады, – деді қала басшысы Бауыржан Байбек. Жиын соңында Қазақстан дзюдо федерациясының прези­денті, «Қазкоммерцбанк» АҚ Дирек­торлар кеңесінің төр­ағасы Ке­ңес Рақышев жаңа дзюдо ака­демиясының сим­во­ликалық кілтін осы мектеп-ин­тернаттың түлегі, 2015 жылы дзюдодан кадеттер арасында Сараево қаласында өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері Айболат Ыстыбайға тапсырды. Жиын соңында татамиге шыққан жас дзюдошылар өнерлерін паш етті. Айта кетелік, дзюдо академия­сы әлемдік стандарттарға сай етіп салынған.  Оның 4 жұп татами төселген ауқымды залында бір мезетте 200 адамға дейін жаттығу жасай алады. Сонымен қатар, академия аумағында тренажер залы, 100 адамға шақталған 2 және 4 орындық жатақхана, 100 адамға арналған асхана, дәрігер кабинеті, бассейн, сауна, спорттық киімдерді жууға және спортшылар демалуға арнап жабдықталған бөлмелер бар. Дзюдо академиясын салуға мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік негізінде шамамен  4,5 мил­лионнан аса АҚШ доллары жұмсалған.  Соның ішінде 2,5 миллион АҚШ доллары жеке инвестордың қаражаты. Құрылыс жұмыстарын Қазақ­стан дзюдо федерациясының рес­ми демеушісі SAT&Company компаниясы жүргізді. Ака­де­мия аумағы 1 гектарға жуық­тайды. Ал, жалпы академия ғимаратының алаңы 4,5-5 мың шаршы метрді құрайды. Бо­лашақта бұл спорттық базада тек Қазақстанның ұлттық құ­рамалары ғана емес, шет ел­дер­дің ұлттық құрама коман­далары да келіп, осы жерде толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізуді ұйғарып отыр. Сонымен қатар, мұнда бірлескен оқу-жаттығу жиындары, семинарлар ұйымдастырылады. Сондай-ақ академиядағы оқу-жаттығу жеткіншектер үшін тегін болады. Болашақта бұл мекемеге халықаралық мәртебе берілуі де мүмкін. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ