Астанада Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Алқалы жиынды ашқан Ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш құрылымның 2015 жылы атқарған іс-шараларына қысқаша тоқталды.
Оның айтуынша, комиссия тарапынан осынау беделді халықаралық ұйымның аясында еліміз мүдделілік танытып отырған жобаларды қолдау мен жүзеге асыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Былтыр қараша айында өзінің Францияға ресми сапары кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына орай өткен 38-ші сессиясына қатысқаны белгілі. Сонда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамындағы іргелі бір отау ретінде ЮНЕСКО-ның мәдени, табиғи мұраларды сақтау мен білім, ғылым және коммуникация саласында елдер арасындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықтың керегесін кеңейтуде айрықша рөл атқаратынын атап көрсетті. Қазақстан Президентінің мәдениетаралық диалогты дамыту, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау жөніндегі Халықаралық академия құру және Астанада мәдениеттерді жақындастыру орталығын құру туралы бастамасын мәртебелі конференцияға қатысушылар өте жоғары бағалады.
Конференция қорытындысында Қазақстанның инициативасы бойынша ЮНЕСКО-ның 2016-2017 жылдардағы айтулы даталар күнтізбесіне Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы, сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауидің 850 жылдығы енгізілді. Осының өзі-ақ тәуелсіз еліміздің әлемдік қауымдастықта ойып алар орны барын байқатса керек.
Отырыста өзекжарды ойларын ортаға салған атақты ақынымыз Олжас Сүлейменов мынау аласапыранға толы алмағайып уақытта мәдениеттер жақындасуына айрықша мән берілуге тиіс екендігін тілге тиек етті. «Мәдени байланыстар неге біз қалаған деңгейге жетпей тұр? Дүниеде қашан рухани түсіністік салтанат құрады? Ғалымдарымыз бен қаптаған ғылыми орталықтардың міне осы мәселеге бас қатырулары қажет. Христиан дінінің екі тармағы саналатын католиктер мен православие діні өкілдерінің Христостың туған күні жөнінде бүгінге дейін ортақ шешімге келе алмай жүргендері көп нәрсені аңғартады. Сондықтан, Рим Папасы мен Ресей Патриархының кездесуін жақсылықтың нышанына балаймын», деді О.Сүлейменов.
Басқосуда, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Андрей Шевелев, Әлемдік мұралар жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы, академик Карл Байпақов, Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитеттің төрайымы Ханзада Есенова және басқалар ЮНЕСКО істері бойынша өздерінің ведомстволарында жүзеге асырылған шаруалар жайында баяндап берді. Мәжіліс соңында ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова жиналғандарды алдағы мерзімге межеленген ауқымды жоспарлармен таныстырды.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»