Алматы зообағын жандандырудың әлеуметтік қоры жуырда жұртшылыққа хайуанаттар бағында болатын елеулі өзгерістер жайлы жеткізді. Бұйыртса, енді зообақ жануарлары халықаралық талаптарға сай табиғи аумақтарға бөлініп, әр жануар қоршауларға емін-еркін орналасады деп отыр.
Салқын және тропикалық Азия, Австралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуразия құрлықтарында жануарлары әрқайсысы өз табиғи климатына сай орналасумен қатар, жуырда әлемнің 5 континентінен әкелінетін 5 түрлі аң келушілер назарына ұсынылады.
Белгілі кәсіпкер Райымбек Баталов жетекшілік ететін қамқоршылар кеңесі біртіндеп жүзеге асырылатын жаңа зообақ жоспары қамаудағы аңдарды қамқор табиғи ортаға шығаратындығына сенімді.
Алматы зообағын жақсарту мақсатына қала бюджетінен 334 миллион теңге бөлінген. Тура осыған жетеғабыл қаржы зообаққа келушілерден де түсетіні белгілі болып отыр.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ