• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Біз де сондай болсақ, шіркін!

262 рет
көрсетілді

Шынын айту керек, шетелде білім алу, ағылшын тілін терең меңгеру әрбір жастың арманы. Еліміздің тәуелсіздігінің арқасында бүгінде білім аламын деген жастарға мүмкіндік мол. Елбасының жастарды қолдау бағдарламасының арқасында 4 ай Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Бұл, әрине, жас ғалымдар үшін мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. Сеул қаласының Донгук уни­вер­ситетінде өткен 4 ай уақы­тымызды тиімді пайдаланып, ағылшын тілін терең игеру мақ­сатында 4 түрлі пәнге қа­ты­сып, кітапханаларға барып, док­торлық диссертациямызға қа­тысты ақпарат жинадым. Донгук университетінің кітапханасы 7 қабатты, студенттердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, бұл кітапхана әлемдік электронды қорларға тіркелген. Қай кезде барсаң да кітапқа үңіліп отырған студенттердің қарасы мол. Кітапханада әрбір студент кемінде күнделікті 4 сағат жұмыс істейтінін байқадық. Тегін интернет, тамақтану орындары қа­растырылған. Тіпті, таза ауада демалатын орындар, тегін тренажер залдары бары таң қалдырды. Менің ойымша, жастардың біліктілігін арттыру, білім дең­гейін көтеру мақсатында қазақ жастарын жіберуге болатын ең тиімді мемлекет – Оңтүстік Корея. Бұл мемлекеттің халқы өте сабырлы, салмақты. Жастарының білімі терең, ағылшын тілін өте жоғары деңгейде меңгерген. Бірақ бұл жастардың бір-бірімен ұлттық тілде сөйлесулеріне ешбір кедергі келтірмейді. Ағылшын тілінде сөйлесіп тұрған жастарды кездестіру өте сирек жағдай. Білім беру жүйесі өте жоғары талапқа ие. Жастары тәртіпті. Қоғамдық орындарда әдепті, кез келген жерде кезекке тұрып әбден үйренген, тіпті, лифтке міну, бағдаршамның жасыл түсіне жаяу жолдың келесі бетіне өту үшін де кезек күтеміз. Тағы бір таңғалдырған жайт, Сеул қаласында кофе ішу кафелері өте көп. Алғашқыда корей халқы америкалықтарға еліктеп көп уақытын әңгімелесіп кофе ішумен өткізеді деген ойда болдым. Бірақ қателесіппін. Кофе ішу орындарында жоғары мектеп оқушылары мен студенттер сабақ қарауға келсе, қызметкерлер ортақ жобаларын талқылауға жиналады екен. Жастар жалғыз келсе де, достарымен жұптасып келсе де, бір-бірімен сөйлеспестен 7-8 сағат үздіксіз жұмыс істеуде болады. Былайша айтқанда, қажырлы ең­бек етуге әбден дағдыланған. Сеулде уақыт өте жылдам өте­тін сияқты. Таңертеңгі жат­тығу барысында корей халқының ең­бекқорлығына таңдай қағасың. Күн сайын қариялар мен әжелердің бірнеше шақырымға жүгіріп, артынша дамыл таппай жаттыққандары керемет. Үстерінде арнайы жеңіл спорттық киім, аяқтарында кроссовка, тіпті, ақ шашты қарияларды ата-әже деу қиын. Семіздікке шалдыққан адамдарды кездестірмедім. Бұл мемлекетте халықтың өмір сүруінің ұзақ болуы осыдан деп ойлаймын. Әрине, бұл біздің жастар және жас ұрпақты тәрбиелейтін ата-аналар үшін үлгі тұтарлық нәрсе. Егер мемлекетімізде ата-аналар өздерін осы әрекетке дағдыландырса, балалары да жаман әдеттерден аулақ болып, саламатты өмір сүруге бет бұратыны сөзсіз. Тұрғылықты халықтың күн­де­лікті жаттығуларына арнайы орындар бар. Спорт залдары тегін. Жү­гіру жол­да­рының жие­гінде гүл­дер егілген, арық­тар ағып жатады. Айналдыра ағаш­тар отыр­ғызылған. Бірде құрбыларым Динара және Заринамен бірге қоғамдық кинотеатрға барып, америкалық фильмді ағылшын тілінде көрдік. Көреремендер өте сабырлы, еш шу жоқ, еріксіз адамның күлкісі келетін сюжеттердің өзінде қатты күлген дыбыстар естілмейді. Бір таңғалдырғаны, фильм тек ересек көрермендерге арналғандығына қарамастан, фильмнің ортасында кейбір 18 жасқа дейін көруге тыйым салынатын сюжеттердің барлығы қиылып алынып тас­талған. Осы сапардан оралғаннан кейін Қазақстан да осындай дамыған елдің қатарында болса екен деген арман көкейімнен кетпеді. Тәуелсіз елімізді көркейту жастардың қо­лында. Еліміздің көркеюі әр адам­ның дүниетанымы, санасы, білім деңгейі, мәдениетіне байланысты деп ойлаймын. Лайым, біз де сондай деңгейге жете берейік. Айнұр ЖЕКСЕМБИНОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты