Отан солдатының сүйегі елге жеткізілді
Күндей күркіреп өткен соғыстың ащы зардабы мыңдаған жүректерден әлі жазылған жоқ. Қан майданға Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылынан аттанған Мақаш Тәжібаев 1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен еді. Ресейдің «Память-2015» іздеу бірлестігі майдангерлердің деректерін анықтау барысында боздақтың сүйегін тапқан. Олар медальдағы аты-жөнінен туған жерін тауып, хабар берген.
Майдан даласында құрбан болған жауынгердің сүйегін облыстық ардагерлер кеңесі мен бір топ депутат туған елге әкелді. Шымкенттегі Абай саябағында «Мәңгілік алау» мемориалында салтанатты жиын өтіп, жауынгердің сүйегі туысқандарына тапсырылды. Сөйтіп, жауынгердің Калуга облысында жерленген сүйегі енді туған жерінен мәңгілік дамыл тапты.
Осыған қоса айтатын бір дерек, Оңтүстік Қазақстаннан майданға 140 мыңнан астам жауынгер аттанған. Соғыста 105 мың жауынгер хабар-ошарсыз кетіп, соңынан «қара қағаз» келген. Соңғы екі жылда үш сарбаздың сүйегі табылып, туған жерге әкелінді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы