• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Бекзат болмыс

728 рет
көрсетілді

Бір нәрсе анық, барлығымыз Абай айтқан толық адам деңгейінен көріне алмаймыз. Қуанарлығы, жанымызда біз үлгі тұтып, тағылым алар, жан-жүрегіне иман ұялаған адамдардың бар екендігі. Осындай жанның бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, менің ұстазым Бағдат Кәрібозұлы. Менің ұстазым... Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ғылымға арнап келе жатқан Бағдат Кәрібозұлы – жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Бір қызығы, Бағдат ағайдан тәлім-тәрбие алған осы жүздеген шәкірттерінің әрқайсысы ағайды «біздің ұстазымыз» демей, «менің ұстазым» деп атайды. Өзіне ғана жақын тарта сөйлейді, ұстазын мақтан тұтады. Мұның сыры Бағдат Кәрібозұлының биік парасатында, көркем мінезінде, ініге – аға, шәкіртке ұстаз бола білген үлкен жүрегінде жатса керек. Ойлап қарасам, Бағдат ағайды алғаш көріп, танысқанымызға да қырық жылға жуық уақыт болыпты. 1980 жылдың қыркүйегі еді. Сол кездегі Н.В.Гоголь атын­дағы Қызылорда педагогика инс­титутының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, институт табалдырығын аттаған «жиырма бесіміз» мұғалімді тағатсыздана күтіп отырмыз. Жоғары оқу ор­нының оқытушысы туралы бірін­ші курс табалдырығын енді ғана аттаған студенттің ой-қиялы да қызық. Ішімізде университет оқы­тушысын ауылдағы мектеп мұ­ғалі­мінен өзгешелеу көзге елестетіп отырғанымыз да бар. Бір сәт сол қиялымыз шындыққа айналғандай болып, шашын келіс­тіре тараған, ортадан жоғары бойы бар, аққұба өңді, сымбатты жігіт аудитория есігін баппен ашып, оқы­тушы орнына жайғасты. Кескін-келбеті мен жүріс-тұрысы, сөз мәнері оның бойында тектіліктің, сырбаз-серіліктің бар екендігін бірден аңғартты. Бітім болмысында бір бекзаттық бар! Әрқайсымызбен жекелей танысып болған соң, өзін мен – Бағдат Кәрібозовпын деп таныстырды. Біздің топқа кураторлық ететіндігін және халық ауыз әдебиетінен сабақ беретіндігін айтты. Қоңырау соғылып ағай аудиториядан шығысымен, қыздар жағы «жап-жас, әдемі екен» деп сыбырласып жатты. Біз де қызыға қарадық. Қазақтың ешбір ұлтқа ұқса­майтын болмыс-бітімін ерекшелей көрсететін бай қазынасы – ауыз әдебиетінің үлгілері. Бағдат ағай жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас маман болса да ауыз әдебиетінің бай үлгілері туралы дәріс оқығанда көсіле, шебер әңгімелейтін. Кейде тебірене толғанып, ұлттың қадір-қасиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы айтады. Осындай сәттерде оның өз халқына деген шынайы сүйіспеншілігін сезгендей болатынбыз. Кейде: «Біздің әдебиетіміздің тарихы әлі де толымды зерттеулерді қажет ете­ді. Талай ақындарымыз бен жы­рауларымыздың шығармалары бізге толық жетпей отыр. Оған дәл қазір мүмкіншілік те жоқ. Бірақ кезі келер-ау»,– деп күрсінгендей болатын. Ғылым көкжиегінен әлі де көріне қоймаған жап-жас жігіттің осыншама білімділігіне таңғалатын да қоятынбыз. Іштей «Неге зерттемеске? Оған қандай кедергі?» деген сұрақтар көлденеңдейтін. Кеңес заманында ұлттық әдебиет тарихын тереңдей зерттеуге мүм­кіншіліктің шектеулі болғанын біз қайдан білеміз, ол кезде?! Бүгін ойлап отырсақ, сол кезде Бәкең бар болғаны жиырма бестегі жап-жас жігіт екен. Бізге ағалық, ұстаздық ақыл-кеңе­сін айтқанда оны жігіт ағасындай сезінетінбіз. Әсіресе, Ә.Қоңы­рат­баев, Ә.Байжолов, Н.Жүнісов, Н.Нұр­жанов, А.Шамшатова сынды аға буын ұстаздарды сыйлап, құрметтеу қажеттігін көбірек айтатын. Өзінің де оларға деген ілтипаты сезіліп тұратын-ды. Балаң шақ. Студенттік өмір­дің арсың-гүрсің кезі. Кейде біл­местікпен, жастықтың буымен бір нәрсені бүлдіріп алып та жатамыз. Ондайда ағай кешірімшіл. Сөйтсек ол пейілдің, көңілдің кеңдігі екен. Ол біз үшін үлгі, өнеге жолы екен! Тоқсаныншы жылдардың аяғы болатын. М.Х.Дулати атын­дағы Тараз мемлекеттік универ­ситетінде қызмет істеп жүрген­ кезім. І Халықаралық Дулати оқуларына алыс-жақын шетелдерден, республикамыздың түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдар кел­ді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев университеттің бас ғимаратының алдына қойылған Мұхаммед Хайдар Дулати ескерткішін аш­ты. Араға біршама уақыт салып Бағдат ағаймен осы жиында кез­дестім. Амандық-саулық, хал-жағ­дай сұрасқаннан кейін: «Аға, ғылым жолына түссем деген ойым бар. Өзімнің жаныма жақын Сыр сүлей­лері шығармашылығы туралы аз-маз ізденіп жүр едім, қалай болар екен?»,– дедім. Дүниеде ойдан ұшқыр нәрсе жоқ қой, Бағдат ағай жауап беремін дегенше: «Баяғы студент-куратор, шәкірт-ұстаз ара­сындағы байланысымыздың үзілгеніне де біршама уақыт болды. Оның үстіне ғылым докторы, білдей бір университеттің про­ректоры бұл ұсынысымды қабылдай қояр ма екен деп» ойлап та үлгердім. «Оның еш қиындығы жоқ, уайымдама! Өзім тақырып беремін, ғылыми жетекші боламын. Мынау Түркістандағы А.Ясауи университетінде диссертациялық кеңестің мүшесімін. Сонда қор­ғаймыз»,– деді. Кісімсу, менменсу жоқ, ақпейіл ағаның ініге, ұстаздың шәкіртке деген қамқор, жанашыр көңілі менің пендешілік ойымды сыпырып тастады. Абай: «Тірі адамда жүректен аяулы жері бола ма? Қазақтың жүректі кісі дегені – батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек – жүректің ісі», дейді. Абай айтқан осы үлкен жүректі мен Бағдат ағайдан көрдім, сезіндім. Зиялылық, тектілік деген осы шығар деп ойладым. Ғылыми ортада өзін мойындата алған Бәкең өзінің адами болмысымен сыйлы, қадірлі екен­дігіне кандидаттық диссертациямды қорғаймын деп жүргенде талай көзім жетті. Академик Рах­манқұл аға Бердібаевтан бастап әдебиеттанушы ғалымдар Бағдаттың шәкірті деп маған бір жылы көзқараспен қарайтын. Диссертациялық жұмысқа пікір алуға талай ғалымның алдына бардым, жетекші ұйым ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әдебиет кафедрасынан өттім, алдын-ала қорғау, нақты қорғау кезінде ғылыми же­тек­шімнің абыройы маған көп көмегін тигізді. Әрине, өз ең­бегімнің де жемісі болар, мен қайда барсам да Бағдат ағайға деген құрметтің шапағатын көрдім. Бәкең сый-құрметтің соңына түсіп іздеген адам емес, олар оны өзі іздеді, өзі тапты. Өз табиғатындағы тектілікпен, жан-жүрегін паналаған имани қасиетпен келді. Бәкеңнің адамгершілік болмысындағы көркем мінездің де негізі содан болар. Абай ұғы­мындағы иман – ар мен жанның тазалығы, жауанмәрттілік – ақыл, рахым, шындық. «Өзімді жақ­сы демесе, мейлі білсін, жаман де­гізбесем екен деп азаптану» Абайша ақылдылардың, арлы­лардың, артықтардың мінезі. Осы қасиеттердің барлығының тоғысар жері – толық адам. Мен біліп, таныған Бәкең осы толық, кемел адам қатарында. Өмірде біреудің басына қиын­дық іс түсе қалса қол созып, көмек көрсету, қиындығына ортақтасу қаншалықты ғибратты іс болса, өзгенің қуанышына, жеткен жетіс­тігіне бірге қуану биік парасат иесіне ғана тән қасиет. Өмірдегі пендешілік, көреалмаушылық, іштарлық сияқты пендеуи қасиеттер өкінішке орай, «көптің» (Абай) бойында бар. Осы қасиеттерден ада, одан өзін әлдеқайда биік ұстау – кемелдік. Соңғы он бес-жиырма жылдың ішінде ағалы-інілі, шәкірт-ұстаз, әріптес ретінде араласа бастағаннан бері білетінім Бәкең өзгенің қуанышын өз қуанышындай сезінетін адам. Біреудің жеткен же­тістігі туралы айта қалсаң бала­ша қуанып, мәз болып қалады. Бұл да кез келген адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиет, көркем мінез. Қуаныш пен қайғының араласып жүруі – өмір заңдылығы. Алла тағаланың адамзат баласына жіберетін бір сыны да осы шығар, бәлкім. Осы сын Бағдат Кәрібозұлының басында да болды. Тумысынан талантты, дарынды Гүлнұры жасындай жарқырап, өзінің білім-білігін танытып келе жатқан кезде өмірден озды. Қашанда ата-ана үшін баладан артық, одан қымбат, оның жарқын болашағын көруден артық бақыт бар ма? Бұл Бәкеңе оңай тиген жоқ. Біраз мұқалып қалды. Абай: «Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ма екен? Үнемі күл­­мей жүре аламыз ба, үнемі күл­мей жүруге жан шыдай ма екен? ...Уайым-қайғысыздықтан құты­ларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпа қайғыны, орынды харекетпен азайт» дейді. Ендеше, басқа түскен қайғымен күресе білу де, оны жеңе білу де адамның бір қасиеті. Боркеміктей үгіліп, қайғының со­ңында кету де азаматқа лайық емес. Бәкең қайғырды, қиналды, Гүлнұрын жоқтады, бірақ езіліп кеткен жоқ. Шүкір, Гүлнұрынан қалған жалғыз тұяқ – немересінің қызығын көріп, сол еңселі қалпы ортамызда жүр. Ірілік, мінез беріктігі дегеніміз осы болса керек. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Ғадаләт, махаббат сезім кімде кө­бірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаратылып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп»... Бұл Абай сөзі! Жүрекпен сезіп, ақыл көзімен көру нағыз ғалымға тән қасиет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіргендіктен болу керек, Бәкең 1988 жылы 32 жасында «Қазақтың Қабдоловы» атанған, әдебиет теориясының білгірі академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ лирика­сының жанрлық спецификасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса, артынша «Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақ әдебиеттану ғылымында әлі сөз бола қоймаған жас ғалымның өлең өнерінің қыр-сыры туралы зерттеулерін ғалымдар жоғары бағалады. Ғылымға өзіндік ой-пікірмен, соны көзқараспен келген Бағдат Кәрібозұлының қаламынан «Қай­ран сөз», «Сырлы сөз сипаты», «Өркениетке өріс», «Беталыс» сын­­ды ғылыми-зерттеулер мен ой тол­ғаныстары өмірге келді. Ұлт тарихында өзіндік орны бар тұлғалар Әйтеке би, Жалаңтөс Баһадүр, Мүсірәлі сопы әзіз, Марал ишан, Базар жыраулардың өмір жолдары туралы ғылыми мақалалар жазды. Адам баласы үшін туған жер, қасиетті топырақтан ыстық, қымбат мекен жоқ. Сондықтан болса керек, біздің бойымызда туған жер алдындағы парыз деген үлкен ұғым бар. Бағдат Кәрібозұлы ғалым ретінде Сыр өңірінің рухани дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосып келе жатқан қайраткер. Өзінің ғылыми-шығармашылық та­қырыбының негізгі бір саласы – Сыр топырағынан шыққан ақын-жыраулар, тарихи тұлғалар, өңір тарихы. Арнайы зерттеулерден бөлек, «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша Бағдат Кәрібозұлының бастамасымен бірнеше аудан тарихы жазылды. «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша Сыр өңірінің ақын-жырауларының 200 томдығы шықты. Осының барлығы, айналып келгенде, туған топыраққа еткен ғалым қызметі. «Ұлым дейтін елің болмаса, елім дейтін ұл қайдан шығады»! Бәкең елі үшін аянбай еңбек етіп, тер төкті. Сол еңбегінің бүгін жемісін көріп отыр. Бірнеше мем­лекеттік марапаттар иеленді, жа­қында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Көпжылдық ұстаздық, ғылыми еңбегінің нәтижесі бұл. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ғылымға арнап келе жатқан бекзат болмысты Бәкең алпыстың асқар биігіне шықты. Ел ағасының жасы, ғалым ретінде толысқан шағы деп білеміз. Ғабит ТҰЯҚБАЕВ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты ҚЫЗЫЛОРДА