• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Даңқты балуанға лайықты құрмет

352 рет
көрсетілді

Ерен ерінің еңбегін елеуден әсте танбайтын жетісулықтар Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 65 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнир өткізді. Жарысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп ашты. «Бүгінгі жарыстың жас ұр­пақтың спортқа деген ынтасын арттыру мен саламатты өмір салтын қалыптастыруда рөлі өте зор. Бойындағы қайраты мен жігерін қазақ елінің абыройын асқақтатуға арнаған Жақсылық Үшкемпіров қазақ жастары үшін үлгі-өнеге. «Ер сыншысы – елі. Елін сүйген ер болар» деген сөз Жетісудың төл перзенті біздің балуанымызға арнап айтылғандай», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, елімізге танымал тұлғалар Жақсылық Үшкемпіровті орталарына ала тұрып жастарға үлгі етіп, ыстық ықыластарын біл­дірді. Турнирге Қырғызстан, Өз­бек­стан, Түркия және Армения мем­лекеттерінің жас балуандары қатысты. Арнайы шақырыл­ған қо­нақтар қатарында еркін кү­рестен Атланта-1996 Олим­пия­ ойындарының қола жүл­де­гері Мәулен Мамыров, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, мерейтой иесінің бапкері Ром Ильматов, «Zhersu» корпора­циясының төр­ағасы, Қа­зақ­стан күрес федерациясының аймақтарды дамыту жөніндегі вице-президенті Бауыржан Ос­панов болды. Өткен күндер бел­гісін айшықтаған бейнефильм­де Жақ­сылық Үшкемпіровтің 1975, 1980 жылдары КСРО және Мәс­кеу Олимпиадасының чемпио­ны, 1981 жылы Әлем чемпионы, 1982 жылы Әлем кубогының күміс жүлдегері атағын жеңіп алған мерейлі сәттері көрсетілді. Екі күнге созылған дүбірлі жарыста Илхом Бахромов (Өзбекстан, 50 кг.), Ғалым Қабдунасыров (Ал­маты облысы, 55 кг.), Айдос Сұл­­танғали (Қызылорда, 60 кг.), Есенаман Бағжанов (Ақтөбе облысы, 66 кг.), Қаһарман Кисметов (Атырау, 74 кг.), Санжар Темірбек (Алматы облысы, 84 кг.), Саркис Пшеничников (Қостанай, 96 кг.), Данияр Марвен (Алматы қаласы, 120 кг.) чемпион атағын жеңіп алды. Ал мінсіз техникасы үшін Айдос Сұлтанғалиға «Ең үздік балуан» атағы берілді. Мерейтой иесіне Алматы об­лы­сының атынан Талдықорған қа­ласынан пәтер кілті, ал Қазақстан күрес федерациясынан автокөлік сыйға тартылды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Талдықорған