• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Жұбан үш рет ерлік жасады

1813 рет
көрсетілді

– дейді әдебиетші ұстаз, жұбантанушы Социал Пұсырман Жұбан Молдағалиевтің есімін оқырмандарға таныс­тырып жату артық. Көрнекті ақынның арамыздан кеткеніне отыз жылға таяды. Тау алыстаған сайын биіктейді дегендей, осы жылдар аралығында ақиық ақынның өр тұлғасы мен қайталанбас бітім-болмысы және өшпес рухы бұрынғысынан да жоталана, тұғырлана түскендей көрінеді. Әсіресе, Жайықтың бойын жайлаған қалың елдің ішінде Жұбан есімін ардақтап, оның артына қалдырған әдеби мұралары мен елін шексіз сүйіп өткен есіл ердің отаншылдық қасиетін өнеге етіп жүргендердің жиі кездесуі де жаныңды жылы нұрға бөлейді. Солардың бірі, тіпті, бірі емес-ау, бірегейі – әдебиетші-ұстаз, тіл жанашыры, жұбантанушы-ғалым, кәнігі аудармашы Социал Пұсырман. Таяуда қария «Егеменнің» Оралдағы қосынына арнайы келіп, асыл аға жөніндегі ой-пікірлерін бізбен бөлісіп еді. – Мен – ұлы деуге әбден лайық Жұбандай ақынның рухани інісімін. Осынау текті тұлға туралы айтудың өзі, жазу былай тұрсын, оның кісілік келбеті туралы ойлаудың өзі қиынның қиыны, – деп бастады өз әңгімесін Социал аға. – Себебі, ол – бітімі бөлек жан. Халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың бірі. Менің ойымша, Жұбандай ақын болу, Жұбанша жыр жазу, Жұбандай азамат болу, ақиқаттың алдында аласармау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жалпы, кез келген қаламгердің туабітті жаратылысы – өзінің кір жуып, кіндік кес­кен жерімен, туған топырағымен тұтасып, біте қайнасып жатады емес пе?! Осындай қасиеттер Жұ­бан ағамызға да тән еді. Ол бұрынғы Тайпақ, қазіргі Ақ­жайық ауданының Жылан­ды деген жерінде дүниеге келген. Көркем ой мен парасатты поэ­зия хас шеберінің кіндігі Өлеңті мен Жыланды өзендерінің құяр сағасында кесіліпті. Жылан­ды өзені кәдімгі жыланның көзі секілді жылт-жылт етіп ағып жатушы еді. Жылан сияқ­ты ирелеңдеп, бұралаңдап ағады. Ауасы таза, шөбі шүйгін қасиетті қолтық. Тұрғындардың тұрмысына ыңғайлы киелі мекен. Жер атауынан белгілі болғандай, жыланы көп жер. Кезінде оның адам мен малға да көп зияны тиіпті. Солай бола тұрса да Жұбан аға туған жерін жанындай жақсы көретін. Бұған ақынның төмендегі жыр-шумақтары арқылы да көз жеткізуге болады. Сұлудай бұраң сыландың, Жыландым менің, Жыландым. Мен де бір сенің жыраңмын Жыраңнан шыққан жыр-әнім. Еске алам сені әр күні, Жүрегім жырсыз жүдесе. Жұмыр жер өзің арқылы, Жұбанға ыстық мың есе, – деуі туған жерге деген шексіз сүйіс­пеншілігі емес пе? Менің түсінігімде Жұбан аға – өмірден дүние-байлыққа бой алдырмай әрі ары мен абыройына кіршік түсірмей өткен ардақты азамат. Найзағай мінезді халықтың – найзағай мінезді хас ұлы. Өзі қандай еді, сөзі қандай еді?! Өрлігі мен ерлігі де өзіне жарасып тұрар еді. Ол, сірә, халықтың зердесінде осындай алдаспан кей­пімен сақталар. Жадында қалар. Оның негізгі ұстанымы – шындық. Қанағат пен ар-ұят және ұстамдылық еді. Жұбағаңның ар-намысы жолбарыстың құнындай болатын. Өзі де жолбарысқа ұқ­сайтын. Сескену, жағымпаздану және көлгірсу секілді теріс мінез­дер оған жат еді. Көптеген қандастарымыз әл­дебіреулерді сыртынан ғайбаттауға бейім тұрады. Қазақтың жауы – қазақ деген сөз сонау Абай заманынан қалған ғой. «Мен – қа­зақпын» поэмасы жарық көргеннен кейін Жұбанның соңынан шам алып түсушілер де аз болмапты. Бұл поэма ұлтшылдықты уағыздайды деген сы­ңар­жақ ой-пікірлер де айтылыпты. Сол сияқ­ты, Жұбанның «Хат­шыға хат» өлеңі, «Сел» поэмасы жарық көрген кезде күншілдер бұл тамаша туындылардың «басшы» деген бас кейіпкеріне жармасып, бұл Қонаевқа арналған, партия басшысын сынаған, сөйте тұрып өзін көкке көтерген деп соқты. Тіпті, Қонаевтың пошта жәшігіне бір данасын салып жібергендер де болыпты. Ақын бұған да төзді. Сабыр сақтады. Пара­саттылық пен даналық деген де осы болса керек. – Сәке, бұл айтып отыр­ған­­дарыңыздың бәрі дұрыс. Де­генмен, сіз өзіңіз бірінші рет Жұ­бан Молдағалиевті қашан көріп едіңіз? Суреткермен кездесудің сәті қашан түсіп еді? – Мен ол кезде ҚазПИ-дің филология факультетінің соңғы курсында оқитынмын. Осы жоғары оқу орнындағы ең сыйлы және ең парасатты ұстазымыздың бірі – бой десе бойы бар, ой десе ойы бар, сегіз қырлы бір сырлы профессор Нығмет Ғабдуллин болатын. Оның қазақ әдебиетінен кезекті бір лекциясы өтіп жатыр еді. Осы сәтте аудиторияға сол кезде қырық бес жастағы ең жас профессор, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Серік Қирабаев кіріп келді де, лекторға: «Нәке, студент Социал Пұсырмановты маған жіберіңізші», дегені. Жүрегім зу ете қалды. Елде Ұлы Отан со­ғы­сы­ның ардагері, I топтағы мүгедек әкем бар еді. Сол кісі олай-бұ­лай болып кетті ме деген ой санама сарт ете түсті. Әйтеуір, аманшылық болса екен деймін ішімнен. Кафедраның есігін имене аш­ып ішке енсем, төрде көзінде көзіл­дірігі бар, қыран қабақ, қара-сұр, тығыршықтай бір адам отыр екен. «Міне, Социал Пұсырманов деген осы жігіт. Орал облысының Жымпиты ауданынан. Үздік студент. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, – деді Серік аға мені таныстырып. – Бұл ағаң Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Жұбан Молдағалиев, әде­йі сені іздеп келіп отыр», деді содан соң. Жұбан ағаның қолын­дағы «Лениншіл жас» пен «Же­тісу» газеттері көзіме оттай ба­сылды. Өйткені, олардың ішінде менің мақала­ларым бар еді. «Жым­питының қай жеріненсің?» деді Жұ­бан аға. «Қызылту» колхозынанмын. Бұ­рын «Ақырап» колхозында тұрғанбыз», дегенімде, жүзінен жы­лылық байқалды. «Әке-шешең бар ма?» деп сұрады. «Бар. Әкем Жүркей Ұлы Отан соғысының ардагері. Анам Нәзипа еңбек арда­гері» дедім. «Сенің әкеңді білемін. Анаң Зеріп ауылдық кеңесінің төрайымы болғанда араласып тұратынбыз» деп маған жымия қарады Жұбағаң. «Сені Серік ағаң мақтап отыр. Өзің газетке мақала жазады екенсің. Талабыңа нұр жаусын. Жақсы оқы. Тұшымды мақалаларың болса алып кел», деді. Сосын төсқалтасынан 1969 жылы баспадан шыққан «Кісен ашқан» деген кітабын суырып қолтаңба жазып берді. Онда былай делінген. «Социал ініме. Аға тартуы. Жұбан Молдағалиев. Алматы 30.05.1970» Бұдан кейін Жұбағаң: «Үйге келіп, София жеңгеңнің қолынан шай ішіп тұр», деп мекен-жайын айтып, шығып кетті. Мен асыл аға­мен осылай танысып едім. Ол кезде елден не әкең, не ағаң іздеп келмегенде, Жұбандай атағынан ат үркетін арқалы ақынның арнайы іздеп келуі менің өмірімде ұмытылмастай із қалдырды. – Институтты бітіріп, елге келгеннен кейін Жұбағаңмен қа­рым-қатынасыңыз үзіліп қалған жоқ па? – Жоқ, үзілген жоқ. Ауылға келгеннен кейін де Жұбан ағамен хат жазысып, байланысып тұр­дым. 1975 жылы тамыз айында Жым­питыға Тайпақтан Сайқұдық арқылы Жұбан Молдағалиев келеді екен деген хабар тарады. Көп кешікпей Жымпитыға еш хабарсыз, аудан басшыларына ескертпестен, облыстық партия комитеті қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, атпал азамат Дәржан Иманғалиев екеуі бірінші хатшы Сабай Ниязовтың үйіне түсті. Ол екеуі бір ауылдан. Бірге өскен азаматтар еді. Ауыл тұрғындары ақынмен кездесуге асығулы. Мәдениет үйі адамға лық толы. Жұбандай ұлтжанды, арқалы ақынға аудан басшысы бірден сөз берді. Осы кезде қазақ әдебиетінің жай-күйі, өз шығармашылығы, ел тынысы туралы айта келіп, Жұ­бан аға өз жырларын шабыттана оқы­ды. Жұбағаң шабыттана шалқыды. Жауһар жырларын төгіп-төгіп жіберді. Әсіресе, «Мен – қазақпын» поэмасынан үзінділер оқығанда зал толы жұрт тік тұрып қол соқты. Ел азаматтары әр жерден сұрақтар қойып, шексіз алғыстарын білдіріп жатты. Ақынға да керегі әдебиет­сүйер әлеуметтің осындай емен-жарқын пейілдері ғой. Көкейде түйінделген көп ойлар ақтарылды. Жұбағаң кездесуден қайраққа жанылған шарболаттай ширығып, сергіп шықты. Бұны көріп мен де қуанып, мерейім тасыды. Жиын біткенде көп кісілердің арасынан Жұбан ағаның жанына барып сәлем бердім. Мені көрген кезде көзі жарқ ете түсіп, қабағы жазылып: «Социал, сен осында ма едің?» деп маған мейірлене қарады. Содан соң қасындағы аудан басшыларына: «Социал менің інім, ағайыным ғой», деген кезде көзімнен жас шығып кетті. Жұбан ағаның «Дала дастарханы» деген кітабына қолтаңба жаздырып алдым. Мұнда: «Социал ініме! Ар-ожданыңды биік ұста. Азамат бол, халқыңа адал қызмет ет! Жұбан Молдағалиев. 30.08.1975 жыл. Жымпиты ауылы» деп жазылыпты. Міне, содан бері Жұбан ағамен туған аға-інідей жақындасып кеткенімді өзіме биік мерей, зор бақыт деп санаймын. Қолтаңба жазып берген жыр кітаптары мен үшін асыл қазына. Қазір маған қолтаңба жазып берген «Кісен ашқан» деген кітабы облыс орталығындағы Жұбан атындағы әмбебап кітапханада тұр. Үйдегі кітабын сағынышпен қолға алып, қайталап оқып отырамын. – Сізді Жайық жұртшылығы жұбантанушы ретінде жақсы біледі. Осыған байланысты не дер едіңіз? – Бұдан төрт жыл бұрын Жұбан ағаның рухы риза болсын деген мақсатпен ақиық ақын жөнінде «Мәң­гілік қазақ» деген кітап жазып, бастырып шығардым. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар кітапханасында өткізілді. Аталған туындымның келер ұр­паққа титтей де болса пайдасы тиіп жатса, мақсатымның орындалғаны. Жастар Жұбанның жауһар жырларын жаттап өскенін қалаймын. Себебі, ол барша қазақтың жүре­гінен орын тепкен ақын. Осындай, халықтың жүрегіндегі жыр сардарын қастерлеу, рухына бас ию бір күндік немесе бір жылдық ша­ра болмауы керек. Жұбан ақынға Жұбанша қарайтын уақыт жетті. Жұбанның әрбір өлеңі жастардың бойында қазақстандық отаншылдық сезімді тереңдетуге септігін тигізе алады деген ойдамын. Сондай-ақ, жұбантанушы ретінде, Жұбан қорын ашу қажет деп санаймын. Рас, ақынның ту­ған жұрты Орал қаласында оған орнатылған ескерткіш бар. Де­­генмен, Алматыда немесе Астанада тағы бір ескерткіш қойылса, артықтық етпес еді. Сондай-ақ, елімізді Жұбан жырларымен тербетудің де терең мәні бар. Бұлай істеуге Жұбан ақынның өлеңі де, өмірі де аса лайықты. Бұлай дейтін себебім, Жұбан Молдағалиев көзі тірісінде үш рет ерлік жасаған адам. Мұның біріншісі Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі болса, екінші ерлігі 1964 жылы кеңестік саясаттың қаны тамып тұрған ке­зінде, қазақпын деп кеуде кере айтудың өзі мұң болған жылдарда жазылған «Мен – қазақпын» поэмасы. Ал үшінші ерлігі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі Жазушылар одағында бол­ған кездесуде «қаңғып келген шүрегей» Колбинге қасқая қарап тұрып өз халқының намысын қолдан бермегені. – Жұбан ақын жөнінде айтқан мағыналы әңгімеңіз үш­ін рахмет. Жұбағаңның рухы сізді әркез қолдап жүрсін.  Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»  ОРАЛ Суретте: ақын Жұбан Молдағалиев; әдебиетші ұс­таз, жұбантанушы Социал Пұсырман