• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

АҚШ Сауд Арабиясына қанша қарыз?

353 рет
көрсетілді

АҚШ-тың қаржы министрлігі 40 жылдан соң, алғаш рет өздерінің Сауд Арабиясына қарызы көлемін жария етті. «Блумбергтің» хабарлауынша, ол 116,8 миллиард долларды құрайды. Осылайша, Сауд Арабиясы АҚШ-тың ірі кредиторларының алғашқы ондығына кіріп отыр. Қытай бұрынғысынша (1,3 триллион доллар) бірінші орында, Жапония (1,1 триллион доллар) екінші орында тұр. Өткен айда Сауд Арабиясы жалпы көлемі 750 миллиард доллар болатын АҚШ-тың қарызы  мен өзге де америкалық активтерді сатамыз деп «қорқытқан» еді. Егер АҚШ Конгресі Сауд Арабиясын 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған террорлық шабуылға қатысы бар деп жауапкершілікке тартуға рұқсат ететін болса, ресми Эр-Рияд осыған баруы мүмкін. Рим папасы бірқатар сын айтты Рим папасы Франциск қазіргі әлеуметтік теңсіздікті көрсете отырып, нарықтық экономикаға бірқатар сын айтты. Мұдай пікірді ол «La Croix» басылымына берген сұхбатында білдірген. Понтификтің айтуынша, жаһандық экономикалық жүйеде «ақшаға құнығушылық, табынушылық» артып барады. Адамзат байлығының 80 пайыздан астамы 16 пайызға жуық тұрғынның қолында. Нарықтық еркіндік толық жұмыс істемейді. Понтифик, сондай-ақ, нарықтың өзі жақсы нәрсе екенін, бірақ мемлекет тепе-теңдік балансын сақтауды қадағалап, бақылауды жүзеге асыру қажеттігін атап өткен. Бұдан бөлек Франциск бірқатар ислам елдері – Ирак немесе Ливия сияқты мемлекеттерге батыстық демократияны экспорттау тәжірибесін де сынға алған. Оның сөзіне қарағанда, мәдени ерекшеліктерге назар аудармай, алға қарай жүру мүмкін емес. Мәселе референдум арқылы шешіледі Финляндия президенті Саули Ниинисте елдің НАТО-ға мүшелікке кіру мүмкіндігі туралы мәселені жалпыұлттық референдум арқылы шешу қажеттігін мәлімдеді. «Бізде Еуропалық одаққа қосылу бойынша референдум өткізілді. Қазіргі НАТО-ға мүшелікке кіру жағдайы одан да ерекше маңызды тақырып деп есептеймін», – деді президент Эстонияның ERR телерадиокомпаниясына берген сұхбатында. Сондай-ақ, ол елдің өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екеніне назар аударған. «Бізде қарсы жауап беретін ресурстар жеткілікті», – деп атап өткен Ниинисте осы жөнінде. Президент 1 мамырда елінің Солтүстікатлантикалық альянсқа қосылуға қарсы екенін айтқан болатын. Финляндияның НАТО-ға мүшелікке кіру туралы пікірталасы Украинадағы дағдарысқа байланысты күшейе түскенін айта кетейік. Қысқа қайырып айтқанда: Жапонияда 9-15 мамыр аралығында аптап ыс­тықтан 600-ге жуық адам ауруханаға түскен. Өткен жылы осы елде аптап ыстық салдарынан 100 адам көз жұмған еді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун әлем елдерінің үкімет­терін зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке жол бермеу­ге шақыра келіп, жаңа туған сәбилердің әкелері үшін де декреттік демалыс тәжірибесін енгізу жөнінде пікір білдірді. Орталық барлау басқармасының қызметкері байқаусызда АҚШ-тың Сенатқа дайындаған жауаптар алу кезінде азаптау тәсілін қолдануға қатысты баян­дамасының электронды нұсқасын жойып жіберген. Баяндама 6,7 мың беттен тұрады. Қытайдың Шаньдун провинциясында ер кісі көшедегі адамдарға пышақ ала жүгірген және мектеп ғимаратын өртеген. Соның салдарынан екі адам көз жұмып, бес адам жарақат алды. Қылмыскер қамауға алынды. Қуаңшылықтан миллиондаған адам зардап шегуде Үнділік ақпарат құралдарының хабарлауынша, ел билігі ірі өзендердің бір бөлігін құрғақшылық жайлаған аудандарға бұру жобасына қолдау білдірді. Үндістан үкіметінің бағалауы бойынша, қуаңшылық салдарынан тікелей немесе жанама түрде 330 миллионға жуық үнділік зардап шегіп отыр. Аптап ыстықтан қаза тапқандар да бар, олардың саны 500-ден асқан. Мамыр айының басында Үндістанға жоғары температура толқыны келіп, елдің көптеген аудандарында термометр бағаны Цельсий бойынша 40 градустан жоғары көтерілген. Елдің су ресурстары министрі Ума Бахартидің сөзіне қарағанда, ірі өзендердің бір бөлігін құрғақшылық жайлаған аудандарға бұру жобасына сәйкес, қуаңшылық қыспағындағы аудандар үшін суды ірі өзендер – Брахмапутра мен Гангтан, сондай-ақ, Гималай тауының мұздақтарынан алуға болады. «Жұртшылық бұл жобаны қолдауда және көшуге де қуана келісіп отыр», – деп атап өтті министр. Бақылауындағы аумақтардан айырыла бастады   «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы Ирактағы бақылау аумағының 45 пайызы, ал Сириядағы территориясының 20 пайызға жуық жерінен айырылды. Пентагонның баспасөз хатшысы Петер Кук осылай деп мәлімдеді. АҚШ пен Ирактың күш құрылымдары соңғы апталарда «Ислам мемлекеті» содырларының қалай шегінгенін, олардың Бағдат және басқа елді мекендерде азаматтық нысандарға шабуылдар жасағанын бірнеше рет хабарлаған еді. Нақты мәліметтерге қарағанда, «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы соңғы айларда қомақты қаржысы мен мұнайдан түсетін табыстан да айырыла бастаған. Содырлар Ирактың Фаллуджа қаласы мен екінші ірі қаласы – Мосулды қайта бақылауларына алғанымен, жыл басынан бері Рамади және Хит қалаларын тастап шығуға мәжбүр болды. Әлемдегі алғашқы робот-адвокат «Fututrism» басылымы: «Watson жасанды парасат негізінде  IBM компаниясы жасап шығарған Ross робот-адвокат Baker&Hosteller халықаралық адвокаттық бюроға қабылданды», – деп жазды. Бұл әлемдегі алғашқы робот-адвокат болып табылады. Робот-адвокат банкроттық рәсімге байланысты істі жүргізетін бөлімде жұмыс істейді. Аталған басылымда көрсетілгендей, қазіргі кезде бұл бөлімде 50 қызметкер бар екен. Робот кәсіби әдебиетке сілтеме жасау арқылы дәйексөздер келтіре отырып, гипотезамен сұрақты түсініп, оған жауап беруге қабілетті.  Осылайша, киберадвокат орынсыз ақпараттарды електен өткізіп, заңгерлерге көмектеседі. Сонымен қатар, робот-адвокат сот талқылаулары базасын тұрақты жаңартып, заңгерлерді ағымдағы істі қарауға ықпал ететін жағдайлар жөнінде хабардар етіп те отырады. Интернет материалдары негізінде әзірленді