• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

«Халық жауы» Қарлыбаев

584 рет
көрсетілді

туралы тағы не білеміз? «Егемен Қазақстанның» 2016 жылғы 13 сәуір күнгі санының 11-бетінде Зәкір Асабаевтың «Халық жауы Қарлыбаев» деген мақаласы жарияланыпты. Ол мақалада: «Қарлыбаевты білетіндер, іздеушілер бар ма?» – деген азаматтық сауал жолданыпты. Үлкен рахмет! Қазір өткенді зерттейтін, тарихты, шежірені білетіндер жоқтың қасы. Десе де мақалаға байланыс­ты сұрастыру нәтижесінде Қызыл­орда облысы Сырдария ауданы, Те­реңөзек кентінде тұратын 85 жастағы Қосан Әуеспаев деген шежіре, өзі қартайса да жады ескір­меген кісімен тілдесудің сәті түсті. Қарлыбаев (есімі Әбдірей)және Наурызбаев Қасым Маханбетұлы екеуі де Тереңөзек, Сырдария ауда­нының тумасы. Отызыншы жылдардың ба­сындағы ашаршылық Сыр бо­йындағы, әсіресе, оның төменгі ағысындағы елдерді қатты күй­зеліске ұшыратты. Малсыз қал­ғандар бас сауғалап бір үзім нан үшін әйел-балаларын жетектеп 1932 жылы Ташкент бағытына жер асқан. Қысы қысқа, күні жы­лы, жері құнарлы, жемісі ерте пі­сетін оңтүстікті паналап  аман қал­ған. Әбдірей Қар­лыбаев етінің тірілігімен, қабілетімен қызметке араласқан. Ол жөнінде мақала авторы Зәкір Асабаев жақсы жазыпты. Рахмет. Ал Қасым Наурызбаев Ма­хам­бет деген әкеміз бен Дүрия деген әжеміздің жалғыз ұлы. Ашар­шы­лықта жер ауғандар тобында бұл кісі­лер де болған. Қасым ағайындас туысы Қар­лыбаев ағасының үйінде жатып мектепте оқыған. Халық жауы бо­лып ұсталып кеткен Қарлыбаев Әбдірей 1938 жылы Новосібірде бірге атылған. Қасымның әкесі Наурызбаев Махамбет Дүрия, Талма деген әжелерімізбен бірге елге оралыпты. Қасым Мәскеуде жоғары оқу бітіріп, Шымкент облысында партия қызметтерінде болады. Мәскеуде жоғары партия мектебін бітіргесін Орталық комитетте, Алматы облыстық партия комитетінде әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Алматы қалалық ат­қару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Содан соң зейнетке шықты. Алғашқы жеңгеміз орыс қызы, одан бір ұл Михаил Наурызбаев (Уәлихан әжесінің қойған аты) Қа­сымұлы техника ғылымдарының докторы, профессор академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сый­лықтың лау­реаты, бұрын Қа­зақ ұлттық университетінде проректор, декан, кафедра меңгерушісі Шымкенттегі химия-технология институтында ректор қызметтерін атқарған, қазір химлабороторияның директоры, бір қыз – Наурызбаева Татьяна Қасымқызы (әжесінің қойған аты Аршагүл) қазіргі Т.Жүр­генов атындағы өнер академиясында кафедра меңгерушісі, деканы болып қызмет атқарды, ауыр кеселден жас­тай кетті. Қасым ағамыздың екінші әйелі Лила Өтегенқызы шымкенттік, Абай атындағы университетте кафедра меңгерушісі, филосо­фия ғылымдарының кандидаты, Мәскеудің М.Ломоносов атын­дағы университетінің философия және құқық факультетінде М.С.Горбачевпен бір топта оқы­ған. Ол жеңгейден Раушан және Арыстан деген екі бала бар. Қыз­метте, Алматыда. Қасым Наурызбаев қызылор­далық болғанмен қыруар күш-жігері мен білімін Шымкент, Ал­маты облыстары мен Алматы қала­сын өркендетуге жұмсады. Мақалада ағамызды өте паң, тә­кап­пар дегені шын мінез-құлқына келіңкіремейді. Аз сөйлеп, көп тыңдайды, ойланып жауап береді, Әділдікті, адалдықты, тазалықты құрметтейді. Біреулердің өткінші қызмет дәрежесіне жалпақтауды білмейтін. Адамды, азаматты ар­дақ тұтатын. Сол адалдығының ар­қа­­сында Алматы қаласының от-жалынына шарпылмай біраз жыл қызмет атқарды. Арызға, өсекке ілін­беді. Ал Қарлыбаев туған ағам еді, атылған соң фамилиямды өзгерттім, Қарлыбаевтың орнына үлкен ата­мыздың атымен Наурызбаев болдым деген жері шындыққа жуыс­пайды. Ұлы Наурызбаев Михаил Қасымұлы, телефоны 87015118359. Сұрастыруға болады. Әбдірей Қарлыбаевтың туыстары: Қосан Әуесбаев 1931 жылы туған, тыл ардагері, Тереңөзек кен­тін­де тұрады. Үй телефоны 21-9-68 Баймаханов Қожахмет Мәді­бай­ұлы Қызылорда қаласында тұрады, 1953 жылы туған,  бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, кейін Парламент Сенатының депутаты, Жалағаш ауданы, Қызылорда қаласының  әкімі лауазымдарында болған. Мен жоғарыда аталған кейіпкер ағалардың інісімін. Бұрын комсо­мол, партия, ауылшаруашылық  қыз­меттерінде болдым. Телефоным: 87774572350, қызмет 31759, үй 31348. Құрметті Зәке! Сізді бізбен табыстырып жатқан 60 жыл бойы үзіліссіз оқып жүрген достас газе­тім «Социалистік Қазақстан», қа­зіргі «Егемен Қазақстанға», оның басшыларына үлкен алғыс айтамын. Қадірлі Зәке, Қожахмет Бай­махановпен Қосан Әуесбаев аға­мызбен хабарласқаныңыз жөн болар еді. Қарлыбаев жайлы біраз жайдың ақиқатын солар айтып бере алады.  Біржан КӨШТАЕВ,  тыл және еңбек ардагері,  дербес зейнеткер, Жалағаш ауданының құрметті азаматы  Қызылорда облысы