ӨСКЕМЕН. 18 мамыр. Шығыс өңірінде былтыр жөндеуден өткен республикалық және облыстық дәрежедегі жолдардың жағдайы тексеруден өтпек. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыс әкімі Даниал Ахметов аппараттың кеңейтілген отырысында тиісті ведомстволарға осындай тапсырма жүктеді. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша, мердігерлердің кепілдік міндеттемелері аясында өткен жылы жөндеуден өткен жолдардың қысқы және көктемгі маусынан кейінгі жағдайы сараланатын болады.
«Былтыр Өскеменнен Риддерге дейінгі тас жолды орташа жөндеуден өткізу бойынша көп жұмыс атқарылды. Сондықтан барлық мердігерлер жолдардың жағдайын тексеруі қажет. Себебі, кей жол учаскелерінде жерасты сулары мен қарғын суларға байланысты нақты жұмыс атқарылмаған тұстары да бар», – деді Даниал Ахметов.
Облыс басшылығы жолдардың орташа жөндеуден өткізілуіне баса назар аударып отырғаны белгілі. Ал кейбір аудандарда аталған жұмысқа қатысты тапсырмалар толығымен орындалып отырған жоқ. Оның ішінде, «Өскемен-Бобровка», «Өскемен-Самар» жолдарындағы учаскелер тегістелместен жөнделген болатын. Сондай-ақ, Даниал Ахметов қалалар мен аудандарды көріктендіру жұмыстарын жандандыруды және республикалық жолдардағы шұңқырларды 1 маусымға дейін, ал облыстық дәрежедегі жолдарды 1 шілдеге дейін жөндеуді тапсырды.
Думан Анаш.
Дерек: Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фото: egemen.kz.