• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Атақоныс азбасын, ұлы дала тозбасын

924 рет
көрсетілді

«Әдіре қалған Нарында бас пайданың бәрі бар». Бұл әңгімені  адуын ақын Махамбеттің ашына айтқан осы сөзінен туындатуды ойладым.  Мен 1970-2008 жылдарда Атырау облыстық  «Атырау» (бұрынғы «Коммунистік еңбек») газетінің Еділ-Жайық арасындағы аудандарды  тұрақты қамтитын меншікті тілшісі болып 40 жылға жуық қызмет жасаған журналист едім. Мұны мақтаншылық үшін емес, аталған өңірдің бұрынғысы мен бүгінгісін біршама зерттеген, көп жағдайларға  көз жеткізген адам ретінде айтып отырмын. Кең-байтақ Нарынның ой-шұңқырын қалдырмай армансыз араладым, кезінде талай-талай жазбаларымды оқырманға  ұсынғанмын. Нарынның тұтастай жер көлемі 40 000 шаршы шақырым. Ал, оның батыс бөлігін ұстайтын Азғыр өңірінің аумағы 12 000 шаршы шақырымға жетеді. 1952 жылы Азғырға әскери полигон орналасқанда Нарынның 1 млн. 36 000 гектар жерін бауырына басты. 1993 жылы (41 жылдан кейін) полигон таратылып, әскерилер таптаған жерлер даланың байырғы тұрғындарына қайтарылды. Бірақ, оған ешкім қайта қоныстанбай құлазыған дала қу мекен елсізге айналуда. Жалпы, Нарын даласы ызғындай қалың елдің ортасындағы жомарт жер. Ол шығысында Атырау облысының Исатай, Махамбет аудандарымен, терістігінде Батыс Қазақстан облысының Жанғала, Бөкей ордасы, батысында көрші Астрахань облысының Ақтоба, Қарабайлы, Красный Яр аудандарымен шектеседі. Ал түстігінде Каспий теңізінің батыс қолтығына жайғасқан Құрманғазы ауданы бар. Бұл ауданның жер көлемі 2.070373 гектарға жалғасады. Оның 1.713382 гектары жайылымдық, 85836 гектары шабындық, 4286 гектары егіншілікке пайдаланылатын алқаптар болып есептеледі. 1848 жылы Бөкей хандығы таратылғанда бұл өңір бес уезд бен екі округке бөлінді. Кейін, 1920-1925 жылдары тұтастай Бөкей губерниясы аталды. Осылайша, Нарын даласы халықтың қалың қоныстанған құт мекеніне айналған берекелі өңір еді. Қолымыздағы құжаттарды сөйлетсек, Еділ-Жайық арасындағы кең далаға болашақ Бөкей хандығы шаңырақ көтеруінің бастамасы болған 1801 жылдың желтоқсан айында, Жайықтың оң жақ бетіне (өзенде мұз қатқан кезде) бірден 5000 түтін мен 23000 адам көшіп шыққан екен. Жері шұрайлы, кез келген қонысы қаптатып мал өсіруге қолайлы кең Нарынға ірге төсеген отбасылар құрамы тез өседі. 1823 жылы жас Жәңгір Бөкей хандығының тағына отырғанда оның қарамағында 330000-нан астам тұрғын халық болған. Олардың меншігіндегі мал басына келсек, қой мен ешкі 1 млн. 200 мың, ірі қара 400000, жылқы 378000, түйе 120000 басқа жеткен. Одан кейінгі жылдарда да Ішкі Орда көлеміндегі мал саны төрт түлікті қосқанда 2 миллион 434000 басқа көбейген. Батыс өңірде Бөкей хандығы құрылғанының 200 жылдығына орай (1812-2012 жылдар) оралдық киноәуесқой Мұрат Жәкібаевтың «Егер Бөкей хан болмағанда» деген деректі кинотаспалары жергілікті телеарналардан көрсетілді. Мұн­дағы елең еткізер бір дерек 1812 жыл­ғы Франция-Ресей соғысына Бө­кей хандығынан белгілі мөлшерде қа­зақтардың да қатыстырылуы, май­данның қажеті үшін Нарын даласынан 50000 жылқы жинап берілуі еді. Бас-аяғы оншақты жылдың (1801-1812) ішінде бұл өңірде мал басы күрт өсіп, анау-мынау дегенше елу мың жылқының санап берілуі құйқалы қоныстың берер ырыздығы қисапсыз болғанына көзімізді жеткізсе керек. Бұл тақырыпта бұрынғылардан қалған ауызша әңгімелер де аз емес. 1828 жылы Жәңгір хан Ресей патшасының мақұлдауымен Хан ордасын Нарынның терістік-батысындағы ең шұрайлы алқап – Жасқұс аталған қонысқа (қазіргі Бөкей ордасы ауданындағы Орда селосы) көшіргенде, Нарынның белортасын қоныстанып отырған адай руының Елқоңды тармағынан шыққан биі Шалқар есімді абыз ай мүйізді, арқар мүсінді, асыл тұқымды 100 қошқарды шашуға апарған екен (Қазақ халқының дәстүрінде сыйға еркек мал ұсынған ғой). Кейін бидің атажұртында Шалқар ауылы пайда болды, кеңес заманында №25 Шалқар ауылдық кеңесі аталып, оның қарамағында 3 ұжымшар болған. Шалқарда енді тұрғындар жоқ, жер көлемі Құрманғазы ауданының есебінде. Онымен іргелес Бекетай, Таубұйрат, Мыңтөбе, Дыңғызыл ауылдық кеңестерінің орны да, «жұрты-ай жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» дейтіндей күй кешуде. Исатай ауданына қарайтын Айбас, Бабан, Орпа, Бегайдар ауылдық кеңестері орындары да осылай құлазып жатыр. Айбаста қазан төңкерісіне дейін Мұқамбетжан деген дәулетті адам тұрған екен. Сол кісі бір жолы Хан базары сапарына 60 өгізді айдатып, 8 түйеге жүн мен тері артқызып Жанғалаға жеткізгенін бала кезінде көзімен көрген қариялардың әңгімесін тыңдағанбыз. Біз бір сапарымызда Бабан ауылдық кеңесінің жұртын аралағанбыз. Қадау-қадау жылқышылар отбасылары қалыпты. Жылқы мен түйе қаптап жүр, араларында жабайы қабандары да аз емес. Қалың шалғынның ортасындағы қызыл дөңге тоқталдық. Бұл бір кездегі Сталин атындағы орта мектептің екі қабатты ғимаратының құлаған орны екен. 1942 жылы осы орта мектепті бітірген жігіттер мен қыздар топтарын жазбас­тан Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майдандарына аттанғандары Нарын тарихында отаншылдық ұранның болғанынан бір үзік сыр қозғайды. Айта берсек, мұндай мысалдар сар­қылмайды. Олардың барлығы кең Нарынның екі ғасыр бойына жарты миллион халықтың берекелі де базарлы қонысы болғанын айқындай түседі. Жерінің байлығы зерттелмей жатыр. Нарында жерасты су қоры өте мол. Мұнда жер бетіндегі ашық су көзі жоқ, құдықтары жарты метр тереңдіктен сарқылмас мол су береді. Жоғарыда аталғандай, жарты миллион халық пен екі миллионнан асып жығылатын төрт түлік мал жерасты суымен тіршілік еткен. Баршақұм, Жаманқұм аталатын телімдерде биіктігі үш метрге жетіп қалатын солқылдаған сырықтай көк талдар иін тіреседі. Нарында 1646-1770 жылдарда қалмақтар да қоныстанғанын тарихшылар жазып жүр. Сонда қазақ пен қалмақтың барлық баспаналары жаңағы көк талдардан жасап алатын киіз үйлер болған. 1836-1838 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісі кезінде мыңдаған сарбаздарын 180 киіз үйлерге паналатқанын бертіндегі қариялар да айтып отырғанын естігенбіз. Кешегі кеңестік басқару тұсында да бұл өңірде мал шаруашылығы халықтық қазынаға айналып тұрды. Нарындағы әскери аймақ дейтіннің аяқ бастырмайтын қысымына қарамастан осы өңірдегі «Сүйіндік», «Балқұдық» кеңшарларының шопандары көктемде асыл тұқымды етті, майлы Еділбай қойларын қозыларымен қосқанда 230000-ға дейін жеткізіп өсірді. «Сүйіндік» кеңшары «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, шаруашылықта 9 адам Социалистік Еңбек Ері атанды. Азғыр өңірінде бес орында комсомол жастардың шопан бригадалары ұйымдастырылып, олардың жыл сайынғы ерен табыстарын республикалық газет-журналдар мен кейбір кітаптарға жазған авторлардың біріміз. Дауылпаз ақын Махамбеттің ХІХ ғасырдың өзінде-ақ «Әдіре қалған Нарында бас пайданың бәрі бар», деп ақиқатын ашына айтқа­ны талас тудырмайтын төрелік екенін тарих жоққа шығармайды. Тіпті, ке­шегі кеңестік дәуірдің өзінде Ұлы дала – кең Нарынның Құрманғазы, Исатай аудандарының еншісіндегі жер көлемінде 24 ұжымшар болғаны құжаттарда сақталған. Сол Махамбет айтқан «Жатып қалған тайлағы жардай атан болған жер», деп нақты ерекшелігін көрсеткен кең Нарынның құдығы мен құмында, қонысы мен өрісінде қаптаған төрт түлік мал өсіп-өніп жататын еді. Аталып отырған Ұлы Даланың байырғы байлығы мен базарына қайта қол жетер күн келер-ау деген үміт шуағы сезіле бастады. Өңір тұрғындары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының негізгі бағыттарына, жер реформасына арналған шешімдері мен ұсыныстарын аса қанағаттанған ықыласпен қарсы алғандары танылып отыр. Әрине, 40 мың шаршы шақырымға шалғайын жимай жатқан қайран Нарынды қапелімде толық игеру мүмкін де болмас. Дегенмен, Нарынды толық игерудің бағдарламасы мен жобасы жасалып, өзекті мәселелердің өміршең шешімдері жүзеге асырылса, қалғанын халықтың өзі дамытады ғой дейтін тұрғындар тілегін жеткізсек дедік.  Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрманғазы және Исатай аудандарының құрметті азаматы Атырау облысы