көрмесіне 100-ден аса отандық компания қатысады
KADEX көрмесі Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашқы кезде аталған шараға 156 компания қатысқан. Сол жылы көрме негізінде 1,5 млрд. АҚШ доллары сомасында 10 ұзақ мерзімді құжатқа қол қойылды. Қазақстаннан 86 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынып, шетелдік әріптестерімен келісімшарттар жасасқан болатын.
Қазіргі кезде Астана халықаралық әуежайының әскери секторында «KADEX-2016» халықаралық көрмесіне қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Павильондардың құрылысы салынып жатыр. Жақын арада әскери техникалар әкелінеді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, осы техникалардың біраз бөлігін Ресей Федерациясы ұсынады. Бұл ел жоғары технологиялық танкіге қарсы зымыран кешендері мен шабуылдау қару-жарақтарын көрсетеді. Ресейде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жасауда «КБП» АҚ зауытының 85 жылдық тәжірибесі бар. Ал «Вологда оптика-механикалық зауыты» АҚ компаниясы броньды танкті техникаға арналған жүйелерді (Т-90, Т-80У, БМП-3, БТР-80, МТ-ЛБМ) жеткізеді. Канада «Series – 400» ұшағын таныстырады. Ол 19 адамға арналған. Әскери техниканы «Viking Air Ltd» әуе ғарыштық компаниясы шығарады. Көрмеге жыл сайын қатысып келе жатқан Франция да өз өнімдерін көрсетуден қалыспайды. Бұл мемлекет дүние жүзі бойынша зымыран жүйелерін шығаратын көшбасшы ел болып саналады. Биылғы шараға Француз Республикасының «MBDA» компаниясы өнімдерінің түр-түрін көрсетеді.
Біздің елден «KADEX-2016» көрмесінде бірнеше компанияның өнімдері ұсынылады. Солардың бірі – «Семей инжиниринг» АҚ Т-72 танктерін, жаяу әскердің ЖӘЖМ-1 ұрыс машиналары мен БТР-70 броньды транспортерларын дайындап жатыр. Бұл кәсіпорынның броньды танкті техниканы жөндейтін және әскери және әскери-инженерлік техниканың базасында конверсиялық техниканы дайындайтын зауыты бар. «Қазақстан парамаунт инжиниринг» ЖШС «Арлан» минадан қорғана алатын броньдалған автомобильді, арнайы әскерлер, арнайы мақсаттағы жауынгерлер мен әскери полицияға арналған доңғалақты машинаны ұсынады. Бұл машина жол таңдамайды. Қай жермен болса да жүре береді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»