• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Қолдау болса, өсім де болады

321 рет
көрсетілді

«Даму» қоры шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа бағдарламаларын енгізеді. Бұл жайында кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Баспасөз мәслихаты «Даму» қоры қызметi аясында шағын және орта бизнестi қолдаудың жаңа құралдары» тақырыбына арналды. Ол бағдарламалардың орындалу барысы жайында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Қуаныш Тілеушин баяндады. «Даму» қоры бизнеске қаржы­лай және қаржылай емес қолдау көрсетумен айналысады. Қар­жылай көмек көрсету аясында бiзде бiрқатар қолдау құралы бар. Бұл салада осы жылдың 4 айында былтырғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 35,7 пайызға өсiм байқалады. Жобаларға көмек көрсетуге келсек, бiз 1140 жобаға 79,9 млрд. теңге несие түрiнде қол­дау көрсеттiк. Ал қолдау көрсе­тудiң екiншi бағыты – сыйақы мөлшерлемесiн субсидиялау бағ­дарламасы аясында бiзде 29,4 пайыз өсiм бар. Бiз 550 жобаға қолдау көрсеттiк. Ал былтырғы жыл­дың сәйкес кезеңiнде 425 жо­баға қолдау көрсетiлген болатын», деді Қ.Тілеушин. Мәліметке сүйенсек, өткен жылы «Даму» қорының қолдауын көрген кәсіпкерлер 2,1 трлн. тең­генің өнімін шығарған. Ал қордың қолдауын көрген кәсіпкерлер 160 млрд. теңге салық төлеген, 25,9 мың жұмыс орнын қамтыған. «Даму» қоры кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қазіргі таңда бірнеше бағдарламаны қолға алып отыр. Мәселен, кәсіпкерлерге несие алу үшін банкте жылдам өтінім толтыруға көмектесетін жаңа технология – «Даму Блиц» деп аталатын жоба іске қосылды. Сондай-ақ, «Даму» қоры несиеге кепілдеме беруді «Е-gov» порталы арқылы автоматтандыру жүйесін іске қосты. Бұған қоса, «Шағын қаржылық ұйымдар арқылы қаржыландыру» бағдарламасын атап өтуге болады. Жеделдігі мен деңгейлеріне қарай әрі жекелеп қолға алатындықтан микроқаржылық ұйымдар «Даму» қоры арқылы микро және шағын, әсіресе, ауылдық жерлердегі кәсіпорындарды несиелендіре алады. Себебі, ауылдық жерлер мен аудандардағы кәсіпкерлер банк несиелеріне қол жеткізе алмайды. Олар үшін бұл бағдар­лама қосымша қаржыландыру көзі болды. Ал енді «Франши­заны қаржыландыру» жаңа бағдарламасы кәсіпкерге дайы­н бизнес шешім алуға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ, «Фак­торинг» құралын пайдаланатын жаңа бағдарлама кәсіпкердің айналымында үнемі ақша болуын қамтамасыз етеді. Биылдан бас­тап экономиканың басымдық берілген салаларында қызмет ететін өндірушілер айналымдағы қаражатын толтыру үшін банк­тен алған несиелері 19 пайыздық мөлшерлемеде болса да субсидияланатын болады. Бұл қаржы кәсіпкерлердің борыштарын жеңілдетуге бағытталған. Тағы бір тоқталатыны – «Даму-Оптима». Бұл «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша салалық мақсат аясына кірмейтін кәсіпкерлерге кепілзат жетпеген жағдайда «Даму» қорының кепілдемесін пайдалана отырып, банктен несие алға мүмкіндік береді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»