Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Санкт-Петербург қаласындағы «Исаакий соборы» мемлекеттік ескерткіш-музейінің директоры, Ресей Федерациясының халық әртісі Николай Буровпен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков пен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мұражайының директоры Алма Сағынғали қатысты.
Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Қазақстан екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығына зор мән беретінін айтты. Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова Тұңғыш Президент мұражайы мен «Исаакий соборы» ескерткіш-музейінің халықты, ең әуелі өскелең ұрпақты тарихи және рухани тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру ісіндегі табысты серіктестігіне жоғары баға берді.
Сонымен қатар, кездесуде 2015 жылы Санкт-Петербургте өткен, Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей көшбасшылығымен қол жеткізілген еліміздің жетістіктерін паш етуге бағытталған «Қазақстан жолы» атты көшпелі көрме тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі екендігі айтылды. Одан бөлек, тараптар рухани-мәдени саладағы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан мен Ресейдің азаматтыққа және патриотизмге, ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік пен одақтастық дәстүрге негізделген стратегиялық серіктестік қағидаттарына адалдық рухында тәрбиелеу ісіндегі басымдықтары жан-жақты кеңейе түсетініне сенім білдірді.
Г.Әбдіқалықова бірлескен жобаларды алдағы уақытта музейлер арасындағы ынтымақтастық пен кең ауқымды қоғамдық үнқатысу негізінде жүзеге асыру мәдени мұраны насихаттауға, полиэтностық қоғамдарымыздағы азаматтық сананы тәрбиелеуге септігін тигізетініне сеніммен қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы «Исаакий соборы» ескерткіш-музейінің директоры Н.Буровқа Қазақстан-Ресей мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту және дамыту жолында табыс тіледі.
Өз кезегінде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Н.Буров Астанаға сапары Халықаралық музей күні аясында өтіп отырғанын айта келіп: «Бүгін әлемнің көптеген музейлерінде ашық есік күні ұйымдастырылады. Аталған іс-шаралар Қазақстандағы Астана, Алматы сынды ірі қалаларда да өтетіні сөзсіз. Біз сондай мәдени шараға өз үлесімізді қосу үшін арнайы келдік. Сапар барысында Астанада екі көрме және біздің музей жанындағы камералық хордың қатысуымен өтетін екі концерттік бағдарлама ұйымдастырамыз. Осылайша, біз екіжақты рухани қарым-қатынастың нығая түсуіне мүдделі екенімізді жеткізгіміз келеді», – деді.
Бұдан басқа, Ресейден келген мейман Астанадағы әр ғимарат шаһардың сәнін келтіріп тұрғанына мән беріп, елордамызды бірегей, таңғажайып музей қалаға теңеді. Сондай-ақ, ол бұл жағынан Қазақстанның бас қаласы мен Санкт-Петербургтің ұқсастықтары көп екеніне назар аударды.
Өз кезегінде А.Сағынғали аталған іс-шаралар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, саяси және мәдени қарым-қатынастың іргесін бекіте түсетінін атап өтті. Бұдан бөлек, осы бағыттағы жұмыстардың қарқыны күшейетінін де тіліне тиек етті.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ